Kyzylorda-news.kz. Шиелі ауданы Сұлутөбе ауылдық округінің №267 сайлау учаскесінде дауыс беруге тұрғындар белсенді түрде атсалысып жатыр. Дауыс беру таңертең 7-00-де басталды. Аталған сайлау учаскесіне 989 адам сайлаушы ретінде тіркелген. Қазіргі уақытпен 400-ге жуық сайлаушы өз таңдауын жасап үлгерді.
Сайлау әділ түрде өтіп жатыр. Тұрғындар тарапынан ешқандай арыз-шағым түскен жоқ. Барлығы жақсы көңіл күйде келіп, өз таңдауларын жасауда, – деді сайлау учаскесінің төрағасы Айгүл Болатбекова.
Таңда басталған сайлау науқанына алғашқы болып Хазар Хаджаева келді. 85 жастағы әже өз таңдауын жасағаннан кейін әжейге естелік сыйлық ұсынылды.
Одан бөлек ең жас сайлаушы ретінде тіркелген Арайлым Ғаниқызы бірінші рет сайлауға қатысып, өз таңдауын жасады.
Бүгін мен үшін ерекше күн. Кәмелет жасқа толып, сайлауда өз таңдауымды жасадым. Шынымды айтсам ерекше сезім екен. Ел экономикасының дамуы жолында менің дауысым маңызды деп, өз таңдауымды жасағаныма қуаныштымын, – деді ол.
Сайлауда «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясы республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалындағы өкілдері байқаушы болып, сайлаудың әділ өтуін бақылады.

