Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында жастардың «Жас кәсіпкер» бизнес-бастамасын дамыту бағдарламасын жүзеге асыратындығын атап көрсеткен болатын. Осы ретте, кәсіпкерлік саланы дамыту барысында өңірде жас кәсіпкерлерге деген қолдау артып келеді. Себебі, бүгінде кәсіп бастаймын деген болашақ кәсіпкерлерге, оның ішінде жастарға мемлекет тарапынан мүмкіндіктер көп. Тек, сол мүмкіндікті нақты жоспармен ұтымды пайдалана білсең жеткілікті. 

Жаңадан кәсібін бастаған азаматтар үшін қайтарымсыз қаржы ретінде үкіметтен бөлінген 1 млн 225 мың теңгені өзінің мақсатына тиімді пайдалана білген азаматтар Жаңақорған ауданында да бар. Солардың бірі – фотостудия саласының маманы Сұлтанмұрат Бейбітұлы. Ашылғанына алты ай болған студияның жұмысы жүйелі, сұраныста жоғары. 

«Фотостудия ашпай тұрып, ең бірінші фотогроф болып жұмыс істедім. 2013 жылдан бері көпшілік жиындарда фото түсірдім. Кейін, Ай-Ару студиясына жұмысқа кірдім. Негізі бұл салаға қызығушылығымды арттырған Мұрат ағам болатын. Ол кісі Қызылорда қаласында үлкен студияда жұмыс жасады. Қасында жүріп, өзімнің қалауымдағы кәсіп екендігіне көзім жетті. Қазір өзім жеке студия аштым. Әрине, басында қиын болды. Алайда, адам алдына мақсат қойса, шын ниетімен еңбек етсе, біз алмайтын асу, бағындырмайтын қамал жоқ екен. Қаражат жағының өзі бір үлкен мәселе. Қазір техниканың дамыған заманы. Алайда осы салада жүрген мамандардан кеңес алып , аяққа тұрып келемін», – дейді жас кәсіпкер.

Бүгінде жас кәсіпкер аудан әлеуетінің артуына үлес қосып отыр. Өйткені фотостудия 5 аудан тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтыған. Ұжымдастарының барлығы жастар, мақсаттары ортақ. Жұмысын маусым айында бастаған S_studio_production студиясы осы жаңашыл жастардың тынбай еңбек етудің, ізденістің арқасында аз ғана уақыт ішінде ауданда үлкен сұранысқа ие болған. 

Сұлтанмұрат Бейбітұлы келешекке де ауқымды жоспарын құрып қойыпты. Бес жылда жеке атауы қалыптасқан, үлкен студияларының санын көбейтуді және республикалық деңгейде дамытып, соңғы үлгідегі техникамен қамтамасыз етуді ниет еткен. Сондай-ақ, жас кәсіпкер өзімен қоса қызметкерлерін шет елдерге біліктілігін артыруға іс-сапарға жіберуді мақсат етіпті. Әрине, бұл жоспарлар іске асу үшін студия қызу еңбекке бүгіннен кірісіп кеткен.

Кәсіпкердің сөзінше, еліміздің жастары ең бірінші тәуекелшіл болуы қажет. 

«Кәсіпкерге қолдауды алдымен мемлекет беріп отыр. Соны тиімді, ұтымды пайдалана білсеңіз, жақсы өмір сүруге болады. Қазір бәсекелестік заманы. Әр тұтынушының талғамы биік. Жаңа технология дамыған заманда білім аламын дегенге білім, үйренемін дегенге курстың да түр-түрін табуға болады. Онлайн да, оффлайн жүйесінде де өзіңізді дамыта аласыз. Сондықтан кез-келген кәсіпті бастап жатқан жастарға айтарым, білім алыңыз, дамыңыз, бір орында тоқтап қалмаңыз дегім келеді», – дейді Сұлтанмұрат Бейбітұлы.

Айта кетейік, биыл Жаңақорған ауданында 6 223 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны тіркелген. Оның ішінде, 329 - заңды тұлға, 6569 - шаруа қожалығы, 3325 - жеке кәсіпкер. Жалпы, тұрақты жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 5956 бірлікті құрап отыр. Ауданда көбінесе сауда үйлері, азық-түлік және тұрмыстық қызмет көрсету орындары белсенді жұмыс істейді.
 

fotostudiya.jpg

Тағы да оқыңыз: