Kyzylorda-news.kz. Маңғыстау облысының әкімдігі сұйытылған газ бағасының қымбаттауы туралы пікір білдірді және жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

– Сұйытылған газ бағасының қымбаттауына не себеп болды ?

– 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап сұйытылған газ өндірушілер мұнай өнімдерін 100% электронды сауда арқылы сатуға көшті. Бұл ретте республика бойынша газдың орташа бағасы литріне 110 теңгені, көршілес Атырау облысында – 115 теңгені немесе Оралда – 120 теңгені құрайды.

Қазіргі уақытта облыс бойынша ақырғы тұтынушыға дейінгі газ бағасы 95-тен 115 теңгеге дейін ауытқып тұр.

– Бұрын газ бағасы 60 теңге болатын. Бұл баға қайта оралуы мүмкін бе, әкімдік газ бағасын реттеумен айналыса ма?

– 60 теңге мөлшеріндегі бұрынғы баға енді болмайды, өйткені қазір биржадағы газдың бағасы тасымалдау және кәсіпкердің операциялық шығыстарын есепке алмағанда литріне 70-85 теңгені көрсетіп тұр. Тұтастай алғанда, газдың бағасын нарықтың өзі сұраныс пен ұсынысқа қарай қалыптастыратын болады.

Әкімдік газ бағасын реттеуге қатыспайды, өйткені бұл тауар бәсекелестік ортаға тиесілі.

Дегенмен, жеке кәсіпкерлер тарапынан бағаны негізсіз көтеру фактілері туындаған жағдайда ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің департаменті әкімшілік шаралар қабылдайды.

– Жаңаөзенде сұйытылған газ өндіретін зауыт бар. Неліктен зауыт өнімдері өңірге жетпей отыр ?

– Облыста 1973 жылдан бері газ өндіретін жалғыз кәсіпорын – Қазақ газ өңдеу зауыты. Ол айына 14,5 мың тонна сұйытылған газ өндіреді. Алайда, облыстың тұтыну көлемі 18 мың тоннаға жеткендіктен, зауыт өңір қажеттілігін толық өтей алмайды. Сондықтан басқа өңірлерден қосымша 3,5 мың тонна газ жеткізіледі.

Бүгінгі таңда Қазақ газ өңдеу зауытының негізгі жабдықтары 90%-ға тозған. Егер шұғыл шаралар қолданылмаса, алдағы уақытта зауыт тоқтап, сұйытылған газ тапшылығы болуы мүмкін. Сұйытылған газды өз нарықтық бағасына өткізудің арқасында жаңа зауыт салу жоспарлануда.

Тағы да оқыңыз: