Фото: baq.kz

Kyzylorda-news.kz Облыстың су айдындарында, әсіресе, Сырдария өзенінде жылда азаматтардың әртүрлі себептермен қайғылы жағдайларға ұшырауы, оның ішінде жаз айларында суға түсу маусымында судағы адамдардың әсіресе балалардың қазасы өзекті мәселе болып отыр.

Жыл басталғалы облыс аумағындағы су айдындарында әр түрлі жағдайлар мен оқыс оқиға салдарынан 8 адам қаза болған, оның 6-ы бала (Қызылорда қаласы – 3, Қазалы ауданы – 3 адам, Шиелі ауданы – 1 адам, Жанақорған ауданы – 1 адам. Байқаусыздан суармалы каналға түсіп кеткен – 6; суға шомылу себебінен – 2 бала). Өткен жылдың 6 айында 12 адам қаза болды, оның 3-і бала. Жалпы өткен 2023 жылы облыс аумағындағы су айдындарында 32 жағдай тіркеліп, 34 адам қаза болған. Ал жыл басынан бері су айдындарында 2 адам құтқарылған.

Суда адамдардың қаза болуының негізгі себебі қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзуы болып табылады. Мәселен, өзен немесе каналдардың кез-келген, әрі зерттелмеген (ағысы жылдам, терең, жағалары тік жар) жерлеріне суға түсуі, спирттік ішімдік ішіп суға түсуі. Сондай-ақ,  балалардың ересектердің бақылаусыз су жағасына баруы мен суға түсуі және олардың жүзе білмегендігі қайғылы оқиғаларға әкеліп соқтыруда.

Бұларға қоса, суға түсуге қауіпті аймақтарда азаматтардың рұқсат етілмеген жүзу құралдарын қолдануы бақытсыз жағдайлардың санының көбеюіне ықпалын тигізіп отыр.

Сонымен қатар, ұжымдар мен оқу орындары жастарының жаз айларында табиғатқа шығып демалыстарын өзен мен көлдердің жағасында ұйымдастыруы соңғы жылдары көптеп орын алуда және осындай кейбір демалыстар бақытсыз жағдайлармен аяқталып жатады, − дейді облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ғафур Ақмырзаев.

Жағажайлар жайы қалай?

Өңірде «Су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарында жаппай демалуға, туризмге және спортқа арналған жерлерді белгілеу туралы» Қызылорда облысы әкімінің (2023 жылғы 13 қаңтарда №7) қаулысына сәйкес 4 коммуналдық жағажай белгіленген. Олар Шиелі ауданында «Ақ орда», Сырдария ауданында «Қалғандария», Қармақшы ауданында «Мұратбаев» және Қазалы ауданында «Қашқан су».

Қазіргі таңда Шиелі ауданының әкімдігімен «Ақ орда» коммуналды жағажайының орнына, Бәйгеқұм елді мекені «Ханқожа» көлінің аумағынан 0,80 га жер телімі бөлініп, «Ханқожа» көлінде коммуналдық жағажай ашу бойынша жұмыс жасалуда.

Қазалы ауданында биылғы жазғы шомылу маусымында «Қашқан су» коммуналдық жағажайы учаскесіндегі су деңгейінің төмендеуіне және тазалау жұмыстары жүргізуіне байланысты тоқтатылған.

Ал Қармақша ауданында «Али Проект Construction» ЖШС-мен келісім-шартқа сәйкес «Мұратбаев» жағажайына қажетті жабдықтар алынып және оларды орнату бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ Сырдария ауданында «Қалғандария»коммуналды жағажайы жұмыс жасауда. Одан бөлек, Қызылорда қаласы әкімдігімен «Эдельвейс» саяжайында жеке кәсіпкермен ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

 − 2023 жылдың 27 қазан күні «Қызылорда облысының су объектілеріне ортақ су пайдаланудың қағидаларын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Атап айтқанда, шешімге қосымша облыс аумағында суға шомылуға тыйым салынған 63 қауіпті аймақтың тізімі тіркелді және осы учаскелерге 278 ескерту тақтайшасы мен 92 билборд орнатылды. Бүгінде облыс аумағымен өтетін Сырдария өзенінің ұзындығы 1274 шақырымды құрайды. Мұнан басқа 19 ірі канал, 220 шағын каналдар және 207 көл облыс аумағында орналасқан, − дейді Ғафур Әлиұлы.

Ауқымды жұмыстар атқарылуда

Бүгінде облыс тұрғындары мен қонақтарының жаз мезгілінде су айдындарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түрлі жұмыстар жасалуда.  Мәселен, ТЖ Департамент бастығының «2024 жылғы жазғы суға шомылу маусымы кезеңіндегі  қауіпсіздік шараларын ұйымдастыру туралы» бұйрығы негізінде сала мамандары  күнделікті сағат 14:00 мен 21:00 аралығында рейдтік жұмыстар ұйымдастырылуда. Қосымша рейдтерге Қызылорда қаласының су айдындарында дрондар пайдалануда.

Облыс аумағындағы су айдындарында жыл басынан 989 рейдтік жұмыстар жүргізіліп, 37 мыңнан астам тұрғынға(оның ішінде 15 мыңнан астам жасөспірімге)судағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілді және үнпарақтар таратылды. Сондай-ақ аталмыш профилактикалық жұмыстарға 442 еріктілер (волонтер) жұмылдырылды.

Қызылорда облысының Полиция департаментімен бірлесіп жыл басынан бері ҚР ҚР ӘҚБтК туралы Кодексінің 364-бабы (Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу) бойынша 4 адамға ескерту шарасы көріліп және жоғарыда аталған кодекстің 440-бабы (Алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу )бойынша 2289 азаматқа әкімшілік шара көрілген.

Облыс аумағындағы адам көп шоғырланған орындарда (Арай сити молл ойын-сауық орталығы, дүкендер мен басқа да сауда орталықтарда, базарлар, және темір жол автовокзалдарға)дауыс зорайтқыштар арқылы түсіндірме жұмыстары және балық аулаушыларға арналған дүкендерде жадынамалар ілініп, түсіндірме жұмыстары да жүргізілуде.

Білім беру саласындағы бағдарламалық қамтамасыз ету Республикалық «Kundelik.kz» платформасында Төтенше жағдай кезіндегі қауіпсіздік ережелерін ескертетін ақпараттық жадынамалар орналастырылды. Платформада облыс аумағында орналасқан 295 білім беру орындары және 100 714 оқушы  қамтылған.

Онлайн режимде облыстың 31 113 оқушысына жалпы «Судағы қауіпсіздік ережелері» тақырыбы бойынша интерактивтік сабақтар өткізілді.

Облыс аумағында орналасқан 317 мектеп оқушыларының ата-аналарына «WhatsApp» желісіндегі топтар арқылы балалардың судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау бойынша бейнероликтер мен жадынамалар жариялануда.

− Биыл 17 мамыр күні облыстық білім басқармасымен бірлесіп, жаз мезгілінде жұмыс жасайтын лагерь басшыларымен және оқушылардың демалыс  кезінде «Балаларды сауықтыру ұйымдарында балалардың қауіпсіз демалысын, медициналық көмек пен сауықтыру шараларын ұйымдастыру» тақырыбында облыстық семинар ұйымдастырылды.  Алдағы уақытта да мұндай жұмыстар өз жалғасын табатын болады, − дейді облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ғафур Ақмырзаев.

 

Мейрамгүл Дауылбайқызы

Тағы да оқыңыз: