Kyzylorda-news.kz. Қазір жаз мезгілі. Жаздың сәні – суға түсу. Ми қайнатар ыстықта бір мезгіл шомылып, сергіп алған жақсы-ақ. Бірақ суға түсу­дің соңы кейде қайғылы жағдайға душар ететінін естен шығар­мауымыз керек. Олай дейтініміз, суға түсу маусымы басталса болды кем дегенде екі өлім тіркеледі. Әрине, ажал – айтып келмейді. Бірақ суға шомылар кезде ережелерді қатаң сақтап, өз өміріңді аман алып қалуға болады. Төтенше жағдайлар бөлімі тарат­қан деректерге сүйенсек, көбінесе үлкендердің балаларды қараусыз қалдыруы, жүзе алмау және ересектердің белгіленбеген, зерттелмеген жерге түсуі, спирттік ішімдік ішіп, суға түсу оқиғалары жиі кездеседі. Демек, бізге де балаларға суға түсу қауіпсіздігі туралы жиі айтып, ескерту керек деген сөз.

Су айдындарында адамдардың қаза болуының себептері де әртүрлі. Олардың біразы қауіпсіздік қағидаларын қатаң бұзса, енді бірі тыйым салынған орындарда суға шомылғаны белгілі болды. Бұл нені білдіреді? Яғни суға түсу қауіпсіздігін өрескел түрде бұзып, тілсіз жауға өзіміз барып ұрынатын болып тұрмыз. Суға түсуге барған адам ең құрығанда қарапайым қағидаларды ескеруі керек. Ол адамның өзінің бас амандығы үшін қажет. Ережелерді сақтай отырып қана қайғылы жағдайлардың алдын алуға болады. Ол қандай ережелер? Демау орындарының су айдынына барғанда мас күйде суға түсуге, қайықтардан, катерлерден, өткелдерден суға секіруге, тексерілмеген, жабдықталмаған жерлерде суға сүңгуге, жүзу шегін білдіретін қалтқы белгілерден асуға, жүзуге арналмаған заттармен жүзуге болмайды.

Одан бөлек су айдындарын ластауға жол берілмейді. Ең бастысы,  балаларды ересектердің қарауынсыз суға жібермеу қажет. Балалардың судан ажал құшу фактілерінің жиілеуі ересектермен бірге бармауынан шығып жатыр. Баласының болашағын ойлаған әр адам осыны есте сақтауы керек. Жоғарыдағы ережелер тектен-текке айтыла салған жай сөз емес. Оның бәрі де төтенше жағдайлар бөлімі арқылы бекітілген ережелер. Алайда, адамдар суға түсерде бұл ережелерді ескермейді де, іс насырға шапқанда құтқарушыларды кінәлап жатады. Аталған бөлім қызметкерлері суға түсу маусымы басталғалы табанынан тозып, түрлі тиімді шараларды жүзеге асырып жатыр. Судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, су айдындарында адамдардың қаза болуына жол бермеу мақсатында суға шомылу кезеңінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шараларды атқаруда. Сондай шаралардың бірі –  8 маусым күні Шиелі ауданы Төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін атқарушы азаматтық қорғау капитаны Бағлан Әбсаттаров өткізген брифинг.  

«Жыл сайын жазғы суға шомылу маусымында азаматтардың суға кету фактілерінің орын алып жататыны жиі кездесетін жағдай. Су – тіршілік көзі. Дегенмен, оның тілсіз жау екенін азаматтарымыз әрдайым есте ұстамайды. Өкінішке қарай, Шиелі ауданының аумағында 2022 жылдың жазғы суға түсу маусымында 2 суға кету жағдайы тіркеліп, салдарынан 2 адам қаза тапты», – деді Б.Әбсаттаров брифинг барысында. 

Ауа температурасы неғұрлым жоғары болған сайын құтқарушылардың жұмысы соғұрлым қиындай түседі. Сондықтан төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері де суға шомылу маусымы басталғалы тынымсыз жұмыс режиміне көшті. Қазіргі таңда аудан бойынша су айдындарында полиция бөлімі, қоғамдық даму бөлімі қызметкерлерімен бірлесіп 15 рейд жүргізілді. «Суға шомылуға тыйым салынады» белгісімен 35 дана тақтайша, 2 облыстық телеарнада сөз сөйлеу, 150 радио сөз сөйлеу және 10 көрнекі стендтер мен 24 дана билбордтар орналастырылды. Кент және ауылдық округтер, мекеме басшыларына 10 ұсыным хаттар жолданды. Білім беру, басқа да мекемелермен 5 онлайн са¬бақ¬тар өткізілді. Су айдындарында үгіт-наси¬хат жұмыстарын жүргізуге Шиелі ауданы Төтенше жағдайлар бөлімі және №13 Өрт сөндіру бөлімінің барлық жеке құрамы, аудандық жастар ресурстық орталығынан 15 еріктілер жұмылдырылу арқылы 1050 дана үгіт-насихат парақтары таратылып, жергілікті «Өскен Өңір», «Шарайна-Сейхун» басылымдарында да 2 мақала жарияланды. Кент, ауылдық округ әкімдерінің мәліметіне сәйкес, аудан бойынша 33 суға түсуге қауіпті учаскелердің саны анықталған. Осылайша суға түсушілерге судағы қауіпсіздік ережелері мен суға кеткен кезде көрсетілетін алғашқы көмек туралы мағлұмат берілуде. Құтқарушылар суға түсу маусымы аяқталғанға дейін мұндай рейдті тоқтатпауға бекініп отыр.

Адамның өмірінен артық құндылық жоқ. Сондықтан да суға түскен кезде қарапайым ережелерді сақтау керек. Сонда ғана тілсіз жаудың алқымынан аман қалуға болады. Қазақтың «Сақтансаң, сақтаймын!» деген аталы сөзінің төркіні де осы.

Тағы да оқыңыз: