Kyzylorda-news.kz 2023 жылы құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігі 2030 жылға дейінгі су саясатының негізгі бағыттарын әзірледі. Сондай-ақ, су инфрақұрылымын жаңғырту, су үнемдеу технологияларын енгізу және су мамандарын даярлау бойынша кешенді жұмыстар жүргізіп келеді.
Министрлік қоғамда суды үнемді пайдалануға бағытталған мәдениетті қалыптастыруға ерекше мән беріп отыр.
Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасымен еліміздің жалпы білім беретін мектептерінде су ресурстарын сақтау және үнемдеу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Суды үнемде – болашақты сақта» атты ашық сабақ өтті.
Ашық сабақтың басты мақсаты – жас ұрпақтың экологиялық сауаттылығын арттыру, суды үнемді пайдалану дағдысын қалыптастыру.
Іс-шараның салтанатты ашылуы Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектепте ұйымдастырылып, оған 6-11 сынып оқушылары мен ұстаздар қатысты. Ал, облыстың бірнеше аудандарындағы мектептер аталған ашық сабаққа онлайн форматта Zoom платформасы арқылы қашықтан қосылып, белсенді атсалысты.
Мектеп директоры Айгүл Өткелбаева судың табиғаттағы және адам өміріндегі маңызын атап өтті.
Ашық сабақ Қазақстанның барлық облыстарында ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, жергілікті білім басқармаларының қолдауымен жүзеге асуда.
Сабақ барысында ҚРСу ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов оқушыларға еліміздегі су ресурстарының жағдайы туралы ақпарат беріп, суды үнемдеудің тиімді жолдарын ұсынды. Сонымен қатар оқушылар «Су -тіршілік көзі» атты бейнероликті тамашалап, сұрақ-жауап, пікір алмасу бөліміне белсене қатысты.