Kyzylorda-news.kz Жаз аяқталып, шомылу маусымы ресми түрде өз мәресіне жетті. Дегенмен күннің жылы болуы тұрғындардың су айдындарына баруын тоқтатқан жоқ. Қазір демалушылардан бөлек, балық аулауға шығатын азаматтардың да саны артып келеді. Сондықтан шомылу маусымының аяқталуы судағы қауіпсіздікке қатысты профилактикалық жұмыстардың тоқтайтынын білдірмейді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Жандос Досымов мәлімдеді.

– Биылғы шомылу маусымы 1 маусымнан 31 тамызға дейін белгіленді. Облыс аумағында 9 коммуналдық жағажай, 32 демалыс орны, 5 спорт кешені және 9 балаларды сауықтыру лагері өз жұмысын тоқтатты. Осыған байланысты тұрғындарға арнайы жабдықталмаған және суға түсуге тыйым салынған орындарға бармауды ескертеміз. Қауіпсіздік талаптарын түсіндіру жұмыстары жыл бойы жалғасып келеді. Жыл басынан бері 538 рейд өткізіліп, 18 мыңға жуық тұрғынға, оның ішінде 8 мыңнан астам жасөспірімге судағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Балалар арасында 238 қауіпсіздік сабағы ұйымдастырылып, 38 752 оқушы қамтылды. Қазір су айдындарында балық аулайтын азаматтарға ерекше назар аударылып отыр. Балық аулауға барған кезде жалғыз бармау, қайық пайдалансаңыз, құтқару кеудешесін кию және алкогольдік ішімдік ішпеу қажет. Сондай-ақ ауа райының өзгеруіне, желдің күшеюіне және судағы жағдайға мән берген жөн ,- деді Жандос Ерланұлы.

Қауіпсіздік ережелері тек шомылу маусымында ғана емес, су айдынына барған кез келген уақытта сақталуы тиіс. Әр азамат қарапайым сақтық шараларын ұстану арқылы өзінің және жақындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады. Сондықтан тұрғындарды су айдындарында жауапкершілік танытып, белгіленген қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырамыз. 

Тағы да оқыңыз: