Kyzylorda-news.kz. Бүгін ҚР Премьер-министрі Ә.Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында су тасқынына дайындық, ҚР Көші-қон саясаты тұжырымдамасын іске асыру барысы талқыланды.

Жиынан соң облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет басшысының тапсырмаларын іске асыру жөнінде мәжіліс өткізіп, жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырма берді.

«Жалпы 2022-2023 жылдардағы су тасқыны кезеңін елеусіз шығынмен өткіздік. Нақты айтсақ, облыстық маңызы бар «Жалағаш-Жосалы» тас жолының 42 шақырымындағы автожол көпірін су шайды. Салдарынан екі аудан арасындағы жол қатынасы үзілген болатын. Көпірді қалпына келтіруге қажетті қаржы бөлінді. Қазір су тапшылығын болдырмау мақсатында көршілес Өзбекстан Үкіметімен келіссөздер жүргізілуде. Қыста "Шардара" су қоймасына өте көп мөлшерде су тасталуы мүмкін. Алдағы болуы ықтимал су тасқынына дайындықты қазірден бастап жүргізуіміз керек», - деді аймақ басшысы.

Бүгінде жұмыс тобы су шаруашылығы нысандарына зерделеу жұмыстарын жүргізді. Жөндеуді қажет ететін 26 учаске анықталды. Осыған сәйкес, Қызылорда қаласы және аудан әкімдері өз аумақтарындағы анықталған учаскелерді қатаң бақылауға алып, аса қауіпті тұстарға осы бастан нығайту жұмыстарын жүргізуі керек. Сондай-ақ су тасқынына қарсы материалдық-техникалық қордың қажетті көлемін қалыптастыру тапсырылды. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына «Қазсушар» облыстық филиалымен бірлесіп, магистралды каналдар мен көлдер жүйелеріне түгендеу жұмыстарын жүргізіп, келетін мол суға сәйкес су алу кестесін жасау жүктелді. Ал облыстық экономика және қаржы басқармасы облыс әкімі аппаратымен бірлесіп, «2021-2023 жылдарға арналған су тасқыны қаупінің алдын алу және жою жөніндегі шаралар кешені» Жол картасы бойынша бюджеттік өтінім берілген 5 ірі жобаға республикалық бюджеттен қаржы бөлінуін Төтенше жағдайлар және Қаржы министрліктерінен пысықтауы керек.

Күн тәртібінің екінші мәселесі - көші-қон саясаты тұжырымдамасын іске асыру бойынша облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына бірқатар тапсырма берілді. Басқарма шетелдік жұмыс күшін тарту және еңбек иммигранттарына бөлінген квотаның толық орындалуын қамтамасыз етіп, 2024 жылға қажеттілікке қарай квота бөлу бойынша уәкілетті органға ұсыныс беруі керек. Облыстық қоғамдық даму басқармасы Қызылорда қаласы және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, халықты солтүстік өңірлерге қоныстандыру бойынша кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізуі тиіс. Ал облыстық полиция департаменті уақытша тіркелген шетел азаматтардың облыс аумағында заңсыз жүрмеуін қатаң бақылауға алып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шараларды атқаруға жауапты.

Тағы да оқыңыз: