Kyzylorda-news.kz Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде шетелден келген студенттермен кездесу өтті.

Іс-шара барысында университеттің Ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Майнура Бурибаева алғысөз сөйлеп, кездесудің мақсатына тоқталды. Ол өз сөзінде шетелдік студенттердің оқу ордасында еркін бейімделуіне жағдай жасалатынын атап өтіп, оқу және тұрмыс барысында туындайтын кез келген мәселені ашық айтуға шақырды.

Кездесудің негізгі мақсаты – университеттің ішкі тәртіп ережелерін және Қазақстан Республикасының заң талаптарын түсіндіру, сондай-ақ шетелдік азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру болды.

Іс-шара аясында Қызылорда қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры Сәкен Абдулғазиз шетелдік азаматтарға қатысты қылмыстық заңнаманың негізгі талаптары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, заң ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы Ғанибек Отарбаев шетелдік студенттердің қылмыстық құқық бұзушылықтарға, оның ішінде есірткі құралдары мен өзге де тыйым салынған заттарды тасымалдауға абайсыздан немесе алдау жолымен тартылып кетуінің алдын алу мәселелеріне тоқталды.

Кездесуге прокуратура және полиция органдарының өкілдері де қатысып, студенттердің қойған сұрақтарына жан-жақты жауап берді. Шетелдік студенттер өздерін толғандырған мәселелер бойынша пікір білдіріп, тиісті мамандардан нақты түсіндірмелер алды.

Мұндай шаралар шетелден келген студенттердің білім алу сапасын арттыруға, Қазақстан қоғамына бейімделуін жеңілдетуге және олардың құқықтық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

ПД.jpeg

Тағы да оқыңыз: