Kyzylorda-news.kz Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында болашақ заңгерлерге арналған ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.
Кездесуге Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Майра Тұрлыбекқызы, Экономика және құқық институты директорының орынбасары Әлия Мүйденова қатысты. Кәсіби маман студенттерге қаржылық пирамидалардың, интернет-алаяқтықтың және лудоманияның алдын алу мәселелері бойынша кеңінен түсіндірді.
Аталған құқықбұзушылықтардың қоғамға, жеке тұлғаларға және олардың қаржылық жағдайына тигізетін кері әсеріне тоқталып, азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру мен күмәнді қаржылық ұсыныстардан сақ болудың маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар, ол өзінің кәсіби қызметіндегі тәжірибесімен бөлісіп, студенттердің сауалдарына жауап берді. Кездесу барысында тақырыпқа қатысты арнайы бейнеролик көрсетіліп, қаржылық алаяқтықтың түрлі жолдары мен одан сақтану шаралары нақты мысалдар арқылы түсіндірілді.
Ашық форматта өткен басқосу еркін пікір алмасуға ұласып, студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, қажетті ақпарат алды.
Айта кетейік, Экономикалық тергеп-тексеру департаменті өкілдері университет студенттері арасында қаржылық қауіпсіздік бағытында жыл сайын тұрақты түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.
