maslihat_sailauy

Kyzylorda-news.kz Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде студенттерге құқық қорғау саласының қызметін таныстыруға және кәсіби бағдар беруге бағытталған кездесу өтті.

Танымдық кездесуге Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Оңдасын Мұхаметкәрімұлы, Қызылорда станциясындағы көліктегі полиция бөлімінің бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Бағдат Рысбекұлы қатысты.

Жиында сала өкілдері заң мен тәртіп қағидатының қоғамдағы маңызына тоқталып, ішкі істер органдарындағы қызметтің ерекшеліктері мен жауапкершілігі туралы әңгімеледі. Сонымен қатар құқық қорғау саласында қызмет етудің мүмкіндіктері, кәсіби өсу жолдары мен мамандықтың қыр-сырын түсіндірді. Студенттерді оқуын аяқтаған соң полиция қызметіне келіп, ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосуға шақырды.

Криминалистика мамандары қылмыс орнынан саусақ іздерін анықтау, иіс арқылы із кесу тәсілдерін көрсетті. Студенттер криминалистердің жұмыс барысымен танысып, арнайы құралдардың қолданылу ерекшеліктерін көзбен көрді.

Ал кинолог мамандар арнайы үйретілген қызметтік иттің көмегімен есірткі заттарын иіс арқылы анықтау жұмысын көрсетті. Көрсетілім барысында иттің іздеу қабілеті мен кинологтың кәсіби шеберлігі таныстырылып, студенттер үшін ерекше әсер қалдырған тәжірибелік сабақ болды.

Еркін форматта өткен кездесуде студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан тұшымды жауап алды.

Студенттер полиция қызметкерлерінің жұмысымен танысты 2.jpeg

Тағы да оқыңыз: