Kyzylorda-news.kz Қандай мемлекеттің өркендеуі мен өрістеуі озық көрсеткіші мен экономикалық ахуалына байланысты екенін ескерсек, оларды қадағалап, нақты әрекеттер белгілеп, құрылымдық жоспарлар түзетін статистика саласының қызметі қашан да құнды.

Қазақстан статистикасының тамыры тереңде жатыр. Бірінші, Қазақ мемлекеті –  Қазақ хандығы Шу мен Талас өзендерінің аңғарында қазіргі Жамбыл облысының аумағында алғаш құрылғанда 1459 жылы халқының саны 200 мың адамды құраған, ал, ХV ғасырдың аяғында 1 миллион адамға жеткендігі туралы статистикалық мәліметтердің тарихи дәлелдері бар.

Қазақстан аумағында тұрақты және орталықтандырылған статистикалық қызметтің пайда болуы ХVШ ғасырдың екінші жартысына, Қазақстанның Ресей империясының құрамына кірген кезеңіне жатады. РСФСР құрамында Қазақ Автономиялық Советтік Социалистік Республикасы құрылғаннан кейін, Қазақ АССР-нің Үкіметі 1920 жылғы 8 қарашадағы өзінің қаулысымен Қазақ АССР – нің Статистикалық басқармасын құрды.

Қазалы ауданының Статистика басқармасы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті Қызылорда облысының Статистика департаментінің құрылымдық бөлімшесі ретінде қызмет етеді. Статистика басқармасы мемлекеттік органдарды, іскер топтарды, өңір қоғамын және Республиканы Қызылорда облысының әлеуметтік – экономикалық дамуы туралы обьективті статистикалық ақпараттармен қамтамасыз ету, статистикалық қызмет саласында мемлекеттік саясатты қадағалау және бақылау бойынша басқа да қызметтерді жүзеге асырады.

Қазалы ауданының Статистика  басқармасының тарихы бізге 1947 жылдан бері ғана белгілі. 1954 – 1959 жылдары аудандық статистика бөлімі (ол кезеңдерде  аудандық есеп – қисап  мекемесі атанған) болған.

1976 жылы  ауданда  13 совхоз, 2 колхоз болатын. Бұл егемендік алып  тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін құрылым басталып колхоз – совхоз тарап, акционерлік қоғам, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер және шаруа қожалықтар болып құрылып, Кеңестік даму системасын түбегейлі өзгертіліп, жаңа экономикалық даму жолын таңдады. Сол жылы аудандық басқармаға Германияның озық үлгідегі 5 - Аскота, 8 - перфарациялық машиналар, 18 - Зоемтрон, 3 - табулятор берілді. Онда білікті мамандар жұмыс істеді. Аудандық статистика басқармасының қызметкерлері бұл саланы жетік меңгеріп, 3 - рет республика жеңімпазы, 1- рет Одақтық дәрежедегі жеңімпаз атанды.

1988 жылы статистика жөніндегі мемлекеттік комитет болып қайта құрылды. 1998 жылы желтоқсан айында мемлекеттік статистика комитеті тарады. 1999 жылдан бастап, Қазақстан Республикасы Статистика Агенттігінің ақпараттық статистикалық орталығының құрамдас бөлігі болды. Аудандар ақпараттық статистикалық орталыққа, облыс Агенттікке қарады. Мұнда тек мемлекеттік статистикалық мәліметтерді жинап облысқа дер кезінде беру міндеті жүктелді. Ал, 2005 жылы рейтингтік баға көрсеткіштері бойынша аудандар арасында алдыңғы қатардан көрінген мекеме 2006-2007 жылдары да үздіктер үдесінен көрінген.

Жинақталған мәлімет кітапша болып шығатын да, олар басшы органдарға  таратылып  берілетін. 2004 жылы ақпараттық статистикалық орталығы таратылып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің басқару органдарының оңтайландыру әрі жетілдіру бағдарламасына сай Қазалы аудандық статистика бөлімі болып қайта құрылды.              

2005 жылы Қазақстан Республиксы Үкіметінің қаулысына сай, статистика органы Қазақстан Республикасы Статистика Агенттігі болып қайта құрылды. Облыстық басқарма Қызылорда облысының статистика департаменті болып, аудандар департаменттің бөлімі болды. Төрт жылдан кейін қараша айынан бастап, Қазалы аудандық статистика басқармасы болып қайта аталды. Бұдан соң, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті Қызылорда облысының Статистика департаментінің Қазалы ауданының Статистика басқармасы болып қайта аталды.

1999 жылы 24 ақпан – 6 наурыз аралығында Бірінші Ұлттық халық санағы өткізілді. Оған 300 - ден астам адам қосымша тартылып ойдағыдай өтті. Ол санақтың қорытындысы бойынша ауданда – 68900 адам болды.

2005 жылы Қазақстан мемлекеттік статистикасының 85 жылдығы, 2010 жылы  Қазақстан мемлекеттік статистикасының 90 жылдығы мерейтойы болды. Осы кезеңдерде аудандық Статистика басқармасы рейтингілік баға  көрсеткіштері бойынша  берілетін орындардан аудандардың ішінде алдыңғы қатарды иеленіп келді.

2006 – 2007 жылы Елімізде тұңғыш рет ауыл шаруашылығы санағы 2 кезеңде  өткізіліп, оның қорытынды мәліметі шығарылып, кітапша болып тиісті органдарға  таратылды. Облыс өз кезегінде шыққан кітаптың мәліметіне Қазалы ауданын үлгі етті. Бірінші кезең 2006 жылы шілде айында жерге байланысты, екінші кезеңі 2007 жылдың қаңтар айында өткізілді. Қорытынды мәлімет жоғары органдарға берілді.

2009 жылы ақпан – наурыз айы аралығында екінші Ұлттық санақ өткізілді. Онда  қалалық жерде 4 санақ бөлімі, ауылдық жерде 3 санақ бөлімі құрылып, бұл саяси  маңызы бар күрделі жұмыс ойдағыдай өтті. Бұл 2009 жылғы санақ бойынша ауданда – 74730 адам болды.

Әр жылдары мекеме басшылары болып, Өтеулі Қазанқапов, Жүндібай Баянбаев, Орда Матаев, Сахи Бекетов, Жаппарберген Жалғасбаев, Қоянбай Оразалыұлы басқарды. 2011 жылдың маусым айынан Әлімбай Бақытжан Қасқырбайұлы басшылық жасайды.

Статистика тарихына көз жүгіртіп қарасаңыз, осында кезінде еңбек етіп, кейін  басқа жұмысқа ауысып, басқару органдарында, сондай-ақ, халық шаруашылығының  қай саласы болмасын лауазымды қызмет атқарып, халықтың құрметіне бөленіп жүрген азаматтар көп. Қазалы аудандық статистика органының тарихын сөз еткенде ауданның әлеуметтік – экономикалық  дамуын айтпай кетуге болмайды.

Жыл сайын ауданның әлеуметтік – экономикалық  көрсеткіштері жақсарып, халықтың әл-ауқаты өсуде. Тәуелсіздік  алғалы  елімізде көп  өзгерістер  болды, Мал басы  өсіп, құрылыс, инвестиция, ауыл шаруашылық, сауда демографиялық салаларда күрделі  өзгерістер болғаны көрінеді.

Түрлі атаулармен өзгеріп отырса да, уақыт талабы, заман ағымына ілесіп, экономика, әлеуметтік және демографиялық индикатор, ауыл шаруашылығы мен халық тұрмысы, әлеуметтік жағдай секілді түрлі салалар бойынша мәлімет жиып, талдамалар жасау ісімен тұрақты айналысып келеді.

Кез келген статистика мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму бағытын белгілеуде, саяси және бәсекелістік ортада маңызды рөл атқарады. Аудандағы басқарма мемлекеттік басқару органдары, түрлі ұйымдар, халықты еңбекпен қамту және жұмыссыздық, баға тұрақтылығы жөнінде сапалы және жедел статистикалық ақпараттарды алып отырады. Олар өз жұмыстары арқылы ведомстволардың дамуын бақылап, бюджет бөлінісін реттеуге септігін тигізеді.

Нақтылық пен талдау дұрыстығын талап ететін органда болған бір күнімізде статистердің әлеуметтік-экономикалық құбылыстарды бағамдауда арнайы заң талаптары аясында өзіндік әдіс-тәсіл, ережелер жиынтығы арқылы жұмыс істейтінін байқадық. Осыдан 10 жыл бұрынғыдай, қалың қағазды қолтықтап, олардың есебін беруде кезек күткен мекеме мен ұйым өкілдері, жеке кәсіпкерлерді де кездестірмедік. Мұның сырын Дәуірхан Тәжмағамбет жаңғырған жүйенің жаңалығымен түсіндірді. Сапалы санақ жасау ісін оңтайландыру мақсатында қолданысқа енген заманауи технологиялардың жұмыстары бұл мекемеде оңтайлы жүзеге асырылған. Басқарма жұмысы елдегі бүкіл статистикалық қызметті ұйымдастырып отыратын ақпаратты жинау мен өңдеудің орталықтандырған жүйесіне қосылған. Енді есеп беруші бұрынғыдай уақытын өткізіп, сабылмайды, онлайн жүйеде отырған жерінен жөнелте алады. Ал, жұмысын алғаш бастағандардың үйренуіне көмек көрсету жолға қойылған. Сондай-ақ, техникалық ақаулар орын алған жағдайда есеп тапсырушы басқарма ғимаратына келіп, «Бір терезе» қағидасы бойынша өз-өзіне қызмет көрсете алады. Түрлі тақырыптағы зерттеулер планшеттер арқылы жүргізіледі.

Жалпы алғанда, статистика Үкімет үшін ғана емес, қоғам үшін де маңызды. Себебі кез келген аймақтық, ұлттық және әлемдік деңгейдегі статистика саяси және бизнес шешім қабылдауда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясын белгілеуде де аталған саланың рөлі зор.

Қазалы ауданының Статистика басқармасы мемлекеттік органдарды, іскер топтарды, өңір қоғамын және Республиканы Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы объективті статистикалық ақпараттармен қамтамасыз ету, статистикалық қызмет саласында мемлекеттік саясатты қадағалау және бақылау бойынша басқа да қызметтерді жүзеге асырады. Бүгінде басқарма қызмектерлері өздеріне жүктелген міндетті мінсіз атқарып, жұмысты жүйелі ұйымдастыру жолында аянбай еңбек етіп келеді.

Қазалы аудандық статистика бөлімінде дені тәжірибелі мамандар. Мұнда қиыс кетуге, бүгінгіні ертеңге қалдыруға, дерексіз болжам жасауға жол жоқ. Дәлдік, туралық, жауапкершілік. Бұл біз көрген статистердің ұстанған бағыты ғана емес, бұлжытпас қағидасы. Халық айтқан «Есеп білген ұтылмас» деген қанатты сөзді еске салатын әр күнгі тынымсыз тірлік, тәжірибе мен білімдерін ауданның тұрақты дамуына ойыстырған сала еңбеккерлерінің ынтымақты ісі елдің алдағы бағыт-бағдарын айқындауға мол мүмкіндік беріп, дұрыс шешім қабылдауға негіз болары сөзсіз.

Фото: kaz.inform.kz

Тағы да оқыңыз: