Kyzylorda-news.kz Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков аудан ардагерлері мен жауапты сала басшыларын ертіп, Шиелі кентіндегі Абай көшесінде орналасқан спорт кешенінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Жұмыс сапасын бақылау және нысанның уақытылы пайдалануға берілуін қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылған аралау барысында құрылыс алаңындағы атқарылып жатқан жұмыстар жан-жақты зерделенді.

Қазіргі таңда спорт кешенін жаңғырту жұмыстарын «СК ЛИРА» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Жалпы құны 249 миллион теңгені құрайтын жоба аясында ғимаратты толық жаңарту көзделген. Бүгінде нысанда ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, инженерлік желілер жаңартылуда. Сонымен қатар, ғимараттың шатыр жабындысы толықтай ауыстырылып, заманауи талаптарға сай қайта жабдықталуда.

Нысанды аралау барысында аудан басшысы құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше мән беріп, мердігер мекеме өкілдеріне барлық жұмыстарды белгіленген талаптарға сәйкес әрі бекітілген кесте бойынша аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ, құрылыс барысында қауіпсіздік техникасының сақталуы, жұмысшыларға қолайлы жағдай жасалуы және қолданылатын құрылыс материалдарының сапасына тұрақты бақылау жүргізудің маңыздылығын атап өтті.

Кездесу барысында жауапты мамандар жөндеу жұмыстарының қазіргі ахуалы мен алдағы жоспарлары жөнінде баяндап, жобаның кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Өз кезегінде аудан әкімі құрылыс жұмыстарының сапалы орындалуы тұрғындардың игілігі үшін аса маңызды екенін айтып, әрбір атқарылатын жұмысқа жауапкершілікпен қарау қажеттігін ескертті.

Жаңғырту жұмыстары толық аяқталғаннан кейін спорт кешені заман талабына сай жабдықталып, аудан тұрғындарына сапалы қызмет көрсететін маңызды әлеуметтік нысанға айналмақ. Әсіресе жастар мен жасөспірімдердің спортпен тұрақты айналысуына қолайлы жағдай жасалып, түрлі спорттық іс-шаралар мен жарыстарды өткізуге мүмкіндік кеңейеді.

Аталған жоба өңірде бұқаралық спортты дамытуға, тұрғындардың дене белсенділігін арттыруға және салауатты өмір салтын насихаттауға оң ықпал етеді. Сонымен қатар, заманауи спорт инфрақұрылымының қалыптасуы аудан тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне және жас буынның спортқа деген қызығушылығын арттыруға тың серпін бермек.

Тағы да оқыңыз: