Kyzylorda-news.kz. «Ақниет ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» қоғамдық қорының филиалы Қызылорда облысында өз жұмысын бастағалы да үш жылға жуық уақыт болды. Осы уақыт ішінде аталған қордың теологтары мен Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті №60 мекемесінің ТОЖ ұйымдастыру тобының инспекторлары бірігіп жұмыстар атқарып келеді. Білікті мамандарды жұмыспен қамтып отырған аталмыш қордың жұмысы қазіргі таңда өз жемісін беруде.
Осы орайда қор жетекшісі сотталған азаматтарға «Ақида мәселесі» және Мәтуриди ақидасы қазақ халқының хақ сенімі екендігін түсіндіріп, дәлел ретінде қазақ хандығы дәуірінде өмір сүрген ақын-жыраулардың поэзиясына да зер салып, қазақ халқының Хақ дінді берік ұстанғанынан хабардар етті.
«Оған мысал ретінде Асанқайғы, Шалкиіз, Қазтуған, Ақтамберді, Бұқар, Шөже Махамбет және тағы басқа еңбектерінде Ханафи-Мәтуриди сенім мектебінің сарыны айқын аңғарылады. Тіпті олардың ізін басқан Ыбырай Алтынсарин, Хакім Абай, Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрімдер де Мәтуриди ақидасына берік болған», − деді Ислам Каюпов.
Бүгінгі тақырыпқа орай жазасын өтеуші азаматтар өз ойларымен бөлісіп отырды.
«Қазіргі таңда біраз ақын-жыраулардың шығармаларымен таныстық. Мен бұрын қазақ халқының өлең-жырларында Ислам тақырыбы жырланатынын білмеген едім», – деді өз сөзінде «Н» есімді азамат.
