Kyzylorda-news.kz Рухани байлық жұтаң болмау үшін кітап оқудың жөні бөлек. Тіпті, мазмұнды іс-шара өткізудің маңызды екені айтпасақ та түсінікті. ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесінде шаруашылық бөліміне қалдырылған сотталғандар арасында қазақтың көрнекті қаламгері, сыршыл суреткері Тәкен Әлімқұловқа арналған әдеби көрме ұйымдастырылды.
Қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты №1 кітапхана ұжымы құр қол келмей, меңгеруші Айнұр Тайлыбаева мекеменің кітап қорына 20 кітапты тарту етті.
Алдымен, кітапхана меңгерушісі сотталған азаматтарға жазушының ғибратты ғұмыры мен мағыналы мұрасы жайында айтып өтті. Әсерлі әңгімелеріне шолу жасап, өзара пікір алмасқаны – көркем әдебиетке деген қызығушылықтарын аңғартқаны рас. Іс-шара аясында жазушының шығармашылығындағы ұлттық рух, тарихи сана, адамгершілік жайы сөз болып, толғамы терең туындылары талданды.
Ал, сыйға берілген кітаптардың құндылығы бір төбе. Әрқайсысы қызықтырған кітабын қолға алып, мазмұнына зер салды.
– Әдеби көрмеден алған әсерім ерекше. Тәкен Әлімқұловтың шығармалары ой саларлық екен. Әр кейіпкерінің тағдыры – біз үшін үлкен сабақ. Сосын жаңа кітаптар келіп, қуанып жатырмыз. Бос уақытымды пайдалы өткізуге жақсы мүмкіндік, - дейді сотталушының бірі.
Әдеби көрме – болмысты бүтіндеп, ізгілікке бағыттауға ықпал етеді деп сенеміз.