Kyzylorda-news.kz. Қасиетті Рамазан айында «Асыл Мұра – Орда» қоғамдық қоры темір тордың ар жағындағыларға қамқорлық жасаудың өзгеше үлгісін көрсетті. Қордың өкілі, үйлестіруші маман Перизат Қанжарбекқызы Әбдіғапбар мекемеге 40 дана діни тақырыптағы кітаптар әкеліп берді.
Кітаптарды қабылдап алған мекеменің теолог маманы бұл шығармаларды радикалдық бағытқа қарсы арнайы тексерістен өткізді. Бүгінгі «Асыл Мұра – Орда» қоғамдық қорынан келген кітаптар өте құнды дүниелер.
Кітаптар арасында Имам Ғазалидің «Бақыт формуласы», «Жүректің сырлары», С.Думанның «Көркем мінез», Абдусамат Қасымның «Заман тудырған сұрақтар» секілді маңызы зор діни бағыттағы кітаптар мен Сайфулиннің «Қамшыгер», «Ұлы дала батырлары» және Ермұрат Ораздың авторлығындағы «Ұлы дала хандары» деген тарихи шығармалары да бар.
Мекеме тарапынан жіберілген сұраныстар бойынша, бұған дейін де қоғамдық қор 21 кітапты сыйға тартқан болатын. Мекемедегі дінге сенуші сотталғандардың бойында оң иммуниттет қалыптастыру мақсатында, сотталғандардың өз беттерімен сауаттарын арттырып, танымдарын кеңейтулері үшін, әкелінген діни әдебиеттердің маңызы зор.
«Кітаптар жазасын өтеушілердің түзелуіне игі ықпалын тигізіп,сотталғандарды рухани тәрбиелейді деп ойлаймын. Оларды адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелеуге оң әсерін беріп, кейбір жаза өтеушінің өмірлік көзқарастарын жағымды бағытқа өзгертуге септігін тигізеді» - дейді АКАӘПТЖБ-нің инспектор теолог маманы, әділет аға лейтенанты Темірбек Сәулет.
