Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің түзеу мекемелерінде сотталған азаматтармен тұрақты түрде психологиялық тренингтер өткізіп отырады.

Бүгін №37 мекемесінің психологы Ақгүл Аманованың ұйымдастыруымен осы мекемедегі сотталғандар арасында арнайы тренинг өтті. Тренингке Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты №60 мекемесінің аға психологы А.Мырзалы мен №68 мекемесінің психологы Ш.Кульбаева қатысып, жазасын өтеуші азаматтарға психологиялық жаттығулар жүргізіп, сауалдарына жауап берді.

Аталған шараның мақсаты – сотталғандарға психологиялық көмек көрсету, серпіліс беру, жеке ойын, арман-мақсатын, қоғамға көзқарасын анықтап, дұрыс бақыт-бағдар беру болып табылады.

Алдымен мекеме психологы А.Аманова қатысушы сотталғандармен сергіту жаттығуын жасатып, тренингті одан әрі жалғастырды. Сотталған азаматтарды екі топқа бөліп, «Жаңбыр», «Сандар», «Тану» психологиялық жаттығуларын жүргізді.

Тренинг барысында жазасын өтеушілер белсенділік танытып, өз ойларын ашық айтып, пікір алмасты. Ойынға қатысушылар бір-бірінен ой, қиял жүйріктігі, ойлап тапқыштығы, есте сақтау қабілеттері жағынан ерекшеленіп көзге түсті. Қатысушылар тренинг соңында, бүгінгі шарадан алған әсерлерімен бөлісіп, бір-бірлеріне деген жылы лебіздерін білдірді.

Тағы да оқыңыз: