Kyzylorda-news.kz Қызылорда облыстық сотында «Сот каникулы» пилоттық жобасын талқылауға арналған жиын өтті. Оған азаматтық істер жөніндегі алқа төрағасының міндетін атқарушы С.Жуынтаева, облыстық соттың судьялары, Департамент басшысы С.Сүлеймен, Департамент басшысының орынбасары Е.Бөрібаев, бөлім басшылары, пилоттық жобаға қатысатын соттардың судьялары мен жауапты мамандары қатысты. 

Жиынды алқа төрағасының міндетін атқарушы С.Жуынтаева ашып, санаулы күндерден кейін Қызылорда соттарында пилоттық жоба жүзеге асырылатынын атап өтіп, жобаның маңыздылығына тоқталды. 

Пилоттық жоба бойынша судьялар мен сот қызметкерлері белгілі бір мерзімде бір уақытта демалысқа шығады. Олар болмаған кезде талап қоюларды қабылдау және бөлу, шұғыл іс жүргізу әрекеттерін қабылдаумен кезекші судьялар айналысатын болады. 

Жиында пилоттық жобаны жүзеге асыру кезінде істердің қаралу мерзімін қатаң сақтау керектігі айтылды. 

Департамент басшысы С.Сүлеймен пилоттық жоба туралы өз пікірін білдірсе, басшы орынбасары Е.Бөрібаев пилоттық жобаны жүзеге асыру кезінде істер мен талап қоюларды бөлу тәртібі туралы баяндама жасады. 

Пилоттық жоба арқылы азаматтар сот демалысының мерзімін алдын ала біле отырып, жазғы уақытта сотқа жүгіну мерзімін жоспарлай алады.

Жиынға қатысушылар пилоттық жобаны жүзеге асыру бойынша өз пікірлерін ортаға салды.

Десек те, сот қызметіне шүбә келтіретін жандар аз емес. Алайда елімізде заңға қатысты әрбір құқықбұзушылық, тәртіпбұзушылық, қылмыс орын алғанда соттың атқаратын рөлі зор. 

Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасы қабылданып, бүгінде оны іске асыру бойынша жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Бұл құжаттың басты мақсаты – елімізде адам және қоғам, мемлекет игілігі үшін жасалған қатынастарды реттеудің құқықтық мәдениетін одан әрі жетілдіре түсу.

Бұл – күннен-күнге дамып келе жатқан заман талабы. Сондықтан да Президент өзінің жыл сайынғы Жолдауларында Қазақстан дамуының бағыттарын анықтау барысында сот және құқық қорғау жүйесін жаңғыртуды тікелей міндеттердің бірі ретінде қойып отыр.

Құқықтық саясаттың маңызды мәселесі азаматтардың Конституция кепілдік беретін сот арқылы қорғалу құқын жүзеге асыруы болып табылады.

Сонымен қатар соттардың жұмысын жеңілдету мақсатында дауларды соттардан тыс реттеу институттарын дамытып, болмашы мәселелер бойынша дауларды шешу соттан тыс тәртіппен жүргізілетін етіп қажеттігіне тоқталды.

Қазақстан Республикасының Ата Заңына сәйкес мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені, адамның аталған құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруда ешкімнің оны бұзбауға, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғалатыны, қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге, не жазалауға болмайтыны, әркім өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға, өмір сүруге құқығы бар екені көрсетілген.

Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соттар ірілі-ұсақты әкімшілік істерді қарап, заң шеңберінде жазалау шараларын тағайындайды. «Жасыратыны жоқ, жылдан-жылға ұсақ бұзақылықтың түрі мен саны көбейіп келеді. Ұсақ бұзақылық дегеніміз – қылмыстық бұзақылыққа жетеқабыл әкімшілік құқық бұзушылық.

Қоғамдық орындарда боқтап-балағаттау, азаматтың арнамысына тию, қоғамдық тәртіпті және азаматтардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер, егер өздерінің сипаты жөнінен қылмыстық жауапқа тартуды талап етпесе, ұсақ бұзақылық ретінде қарастырылады. Заңда ұсақ бұзақылық үшін әкімшілік жолмен ықпал ету шараларын қолданудың айрықша тәртібі белгіленген.

Қазақстан Республикасының аумағында әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адам Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы бойынша жауаптылыққа тартылуға тиіс. Осы ретте айта кетер жайт, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының жазалу бөлігінде заңдарға өзгерістер енгізіліп, құқық бұзушыларды отыз тәулікке дейінгі әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңдардың міндеттері – адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, халық денсаулығының, санитарлықэпидемиологиялық салауаттылығын, қоршаған ортаны, қоғамдық имандылық, меншікті, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, мемлекеттік билікті жүзеге асырудың белгіленген тәртібін, ұйымдардың заңмен қорғалатын құқықтары мен мүдделерін әкімшілік құқық бұзушылықтан қорғау, сондай-ақ олардың жасалуының алдын алу болып табылады.

Осы міндетті жүзеге асыру үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңдар әкімшілік жауаптылықтың негіздері мен принциптерін белгілейді, қандай әрекеттердің әкімшілік құқық бұзушылық болып табылатынын және олардың жасалғаны үшін қолданылатын жазалардың түрлерін, сондай-ақ, әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамға қай мемлекеттік органның (лауазымды адамның) қандай әкімшілік жаза және қандай тәртіппен қолдануы мүмкін екенін айқындайды.

Ал тек қана Заңға бағынатын біздер, яғни судьялар, халықтық сенімге ие болу жолында қызмет атқаруға міндеттенеміз. Сот саласының келешек көкжиегін бағамдаған Жолдау талаптарын басшылыққа ала отырып, тәуелсіз еліміздің тұғырының биік болуына ат салысу – біздің абыройлы борышымыз әрі міндетіміз.

Сыбайлас жемқорлыққа төзушілік, оның алдын алмау кез келген мемлекеттік орган үшін өтеусіз айып. Алайда кейбір азаматтар сотқа және заңға деген сенімсіздің  кесірінен түрлі қылмысқа бой алдырады. 

Сыбайлас жемқорлық – адамның көздеген мақсатына оңай әрі тез жетуі үшін Қазақстан Республикасының заңын бұзып, өз мүддесі үшін өзгеге ақша ұсынуы және қабылдауы. 

Парақорлық адалдық пен әділдік талаптарының бұзылып, жұмыстың сапасыз әрі нәтижесіз болуына алып келетіні белгілі.

Елiмiзде осы мәселеге байланысты арнайы қабылданған заңдар да, атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. Бiрақ бұл жағдай түбегейлі шешілді, толық шешiмiн тапты деп айта алмаймыз.

Қазақ «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп әділ болудың қаншалықты маңызды екенін бір-ақ ауыз сөзбен жеткізген. Бабаларымыздың әділдік пен турашылдықты ту еткендігін ғасыр қайраткерлері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке бидің даналық шешімдерінен, өзге де тарихи тұлғалар туралы аңыздардан білеміз.

Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, сыбайлас жемқорлық оқиғаларына негізінен лауазымды қылмыстар жатады. Осы кезге дейінгі жағдайларға зер салсақ, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу және беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, жалған сөз жеткізу сыбайлас жемқорлық әрекеттері арқылы жасалады. Мұндай оқиғаларға сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, көрінеу өтірік жауап беру, сарапшының жалған қорытыңдысы немесе қате аудару, жалған жауап беруге немесе жауап беруден жалтару, жалған қорытынды беру не қате аудару үшін сатып алу, лауазымды адамдардың сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін орындамау қылмыстары да жатады.

Сыбайлас жемқорлық – әлеуметтік-экономикалық даму, нарықтық экономиканы құру, инвестициялар тарту процесін баяулататын және демократиялық мемлекеттің қоғамдықсаяси институттарына кері әсер ететін, елдің даму болашағына айтарлықтай қауіп төндіретін құбылыс.

Сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын түсіндіру жұмыстарының деңгейі мен сапасын арттыру өте өзекті. Тұрғындар өздеріне қарсы құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай ісәрекет жасау қажеттігін білуі қажет.

Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңына сәйкес, парақорлықпен күресті барлық мемлекеттік орган мен онда қызмет атқаратын лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс. Мемлекеттік мекемелер, ұжымдар, жергілікті өзінөзі басқару органдарының басшылары өз өкілеттігі шегінде кадр, бақылау, заңгерлік және өзге де қызметтерін тарта отырып, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге міндетті.

Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа және осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтарға бой алдыруының себебі көп. Кейбіреуінің құқық бұзушылыққа немқұрайлылық танытуы, кәсіби этиканы сақтамауы, жеке басының қамын ойлауы парақорлықтың дендеуіне септігін тигізуде.

Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Тұтас ел болып бірігіп, осы мәселенің алдын алу үшін жүйелі жұмыс атқарсақ қана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұра аламыз.

Сыбайлас жемқорлық сыйлық беруден басталады

Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес – ең өзекті мәселелердің бірі. Бұл кесел біздің мемлекеттің де дамуына айтарлықтай кедергі келтіретіні анық. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу – еліміздің әрбір азаматының борышы, мемлекеттік қызметкерлердің міндеті.

Қазір сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күшейді. Соның нақты бір көрінісі – мемлекеттік қызметкердің жұмыс барысындағы қызметі үшін өзіне берілген сыйлықтарды жасырмай, арнайы мекемелерге тапсыруы.

Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ісқимыл туралы» заңына сәйкес, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын қызметкер, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар, оларға теңестірілген тұлғалар, сондай-ақ көрсетілген функцияларды орындауға уәкілеттік берілген кандидаттар өздерінің қызметтік өкілеттіліктерін орындауына байланысты сыйлықтар қабылдау бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдайды.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» заңына сәйкес мемлекеттік немесе соған теңестірілген функцияларын атқаруына байланысты қызмет бабында өздеріне тәуелді мемлекеттік қызметшілерден және өзге адамдардан жалпы қамқорлығы үшін сыйлықтарды, өзге де қызметтерді қабылдау мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық болып танылатындығы белгіленген.

Сондықтан мемлекеттік қызмет атқаратын адамдар сыйлықтарды біліп не білмей қабылдаған жағдайда өз еркі бойынша ҚР Қаржы министрлігі жанындағы арнаулы мемлекеттік қорға өткізулері қажет.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 26.07.2002 жылғы №833 қаулысымен қабылданған «Жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншігіне айналдырылған (түскен) мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрі пайдалану Қағидасына» сәйкес, табысталған сыйлықтарды арнаулы мемлекеттік қорға тапсыру, оларды сатып алу, сондай-ақ сату қызметтері мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органы (Қызылорда мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті) арқылы атқарылып келеді.

Аталған қағидамен белгіленген талаптарға сәйкес, қызметкер сыйлық алғанын білгеннен кейін 7 күнтізбелік күн ішінде берілген сыйлықты уәкілетті органға өткізуі қажет.

Сыйлықты өткізу тұлғаның өзінің сатып алуы не болмаса сатып алудан бас тарту туралы жазбаша хабарламасын тіркей отырып, табысталған сыйлықты мүлікті қабылдау – тапсыру актісімен өткізеді.

Лауазымды тұлға өзіне ұсынылған сыйлықты сатып алуға құқылы. Ал уәкілетті орган сыйлықты өткізген тұлғадан тиісті хабарлама алғаннан кейінгі 7 күнтізбелік күн ішінде сыйлықтың бағалауын жасайды және көрсетілген тұлғамен сатып алу-сату туралы шарт жасасады.

Уәкілетті орган арнайы мемлекеттік қордағы сыйлықты үшінші тұлғаларға сатуға сыйлықты өткізген тұлғаның сатып алудан жазбаша бас тартуынан кейін ғана сатуға құқылы. Яғни сыйлықты өткізуші тұлға сатып алудан жазбаша бас тартқаннан кейін өткізілген сыйлықтар бекітілген Қағидаға сәйкес, тәуелсіз бағалаушылармен бағаланып, мемлекеттік тізілімнің веб-порталы (www.gosreestr.kz) арқылы жалпыға бірдей электрондық аукцион арқылы сауда-саттыққа шығарылады. Сатылудан түскен қаражат мемлекеттік бюджетке жатқызылады.

Өз кезегінде, тұлғаның уәкілетті органға сыйлық түріндегі мүліктерді толық және (немесе) уақтылы бермеуі әкімшілік-құқықтық жауапкершілікте болатындығын білуді қажет етеді.

Жалпы сыбайлас жемқорлықпен күресу – жеке адамдардың немесе жекелеген топтың ғана емес, мемлекеттік органдардың, мемлекеттік қызметкерлердің, тұтастай қоғамның басты міндеті. Сондықтан әрбір тұлға әділдік, адалдық шегінен аттамауы қажет. Сонда ғана олар қарапайым халықтың сенімін ақтап, қоғамның дамуына үлес қосқан болар еді.

 

Қорлан САРЫ

Фото:ortalyq.kz

Тағы да оқыңыз: