Kyzylorda-news.kz.  Биыл Солтүстік Кавказ халықтарының Қазақстанға депортацияланғанына 80 жыл толды. Осыған орай Қызылордада Достық үйінде республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Тағылымды іс-шараға ғалымдар, саясаттанушылар, қоғам қайраткерлері, саяси қуғын-сүргін көрген жандар мен олардың ұрпақтары келіп, зұлмат жылдардың оқиғаларына байланысты түрлі тақырыптарда әңгіме өрбітті. Сондай-ақ, Қызылорда облыстық ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктер, облыстық ҚХА жанындағы құрылымның төрағалары мен мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты.

Конференция басталмас бұрын Достық үйінің фойесінде келген қонақтарға қазақтың бойтұмары туралы пролог  көрсетіліп, жастарға құлақ үлестіріп, облыстық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Серік Ыдырысов ақ батасын берді. Қазақтың құты - құрттан дәм татып, облыстық мұрағат көрмесі және облыстық этномәдени бірлестіктерінің көрмесін тамашалады.

Айта кететіні, конференция аясында 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай ел бірлігін нығайту бағытында өңірімізде қайырымдылық «Қоржын» акциясы бастау алып, 5 отбасыға 20000 теңге көлемінде сертфикат табысталды. Бұл акцияға «Әкелер одағы» ҚБ облыстағы филиалының төрағасы Ержан Ескендір, өңірлік ҚХА құрылымдарының өкілдері және этномәдени бірлестіктер атсалысты.

Конференция модераторы, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов алғы сөз сөйлеп, конференция маңыздылығын айтып өтті.

 Ұлы Отан соғысы басталысымен халықтарды депортациялаудың жаңа кезеңі басталды. 1944 жылдың ақпан-наурыз айларында Солтүстік Кавказ халықтарын күшпен қоныс аудару басталып, Қазақстанға және Қырғызстанға барлығы 602193 адам көшірілді. Оның ішінде шешендер мен ингуштер 496460 адам, қарашайлар 68327, балқарлар 37406 адам.
1944 жылдың қарашасында Месхетияның 220 елді мекенінен 110 мыңнан астам түріктер Орта Азия республикалары мен Қазақстанға көшірілді. Депортациялаудың ауыр зұлматы Солтүстік Кавказ халықтарын қиын жағдайға душар етті. Содан соң қалмақтар мен қырым татарлары көшірілді. Соғыс жылдарындағы республика халқының ұлттық құрамында орын алған өзгерістер, Қазақстан халқының көпұлтты сипатының қалыптасуында шешуші рөл атқарды,− деді А. Әбілқасымұлы.  

Мұнан соң республикалық «Күштеп қоныс аударылған азаматтар Қазақстанда өздерінің екінші Отанын тапты» тақырыбында Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз университетінің Дулатитану және Өңір тарихы ғылыми-зерттеу орталығының басшысы т.ғ.к. профессор Сейдехан Бахторазов, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің тең төрағасы Ахмет Мурадов онлайн байланыс арқылы, республикалық «Ахыска» түрік этномәдени орталығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аскер Пириев, «Шешендердің Қызылорда облысына қоныстану тарихы» тақырыбында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті «Тарих» кафедрасының профессоры, тарих  ғылымдарының кандидаты ҚХА жанындағы ғылыми-сарапшылық тобының жетекшісі Айтжан Оразбақов, "Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві" КММ директорының орынбасары Жанат Алтынбаева ғылыми баяндамалар жасады.

Баяндамашылар Қазақстанға 1943-1944 жылдары Солтүстік Кавказ халықтарының депортациялау мәселелерін талдап, жер аударылған халықтардың тарихын зерделеудегі жаңа тәсілдер қарастырылып, зерттеушілер оның көптеген саяси, әлеуметтік, экономикалық, құқықтық, философиялық, адамгершілік аспектілерін қарастыруға мүмкіндік алды.

 

Тағы да оқыңыз: