Kyzylorda-news.kz. Пандемия басталғалы бері әлемде интернет алаяқтары көбейді. Әдетте адамдар жалған банк қызметкеріне пароль мен пин-кодты айтып, барлық ақшасынан айырылып жатады. Енді біреулер өз атына кредиттің қалай рәсімделгенін білмей қалады. Ал адамның мойнына кредит іле салу үшін арнайы дайындықтың қажеті жоқ.

Күні кеше ғана Түркістан облысында қарапайым ет сатушысы ұсталды. Ол әрбір балаға 50 мың теңгенің жәрдемақысын алып беремін деп, аңқау аналардың жеке мәліметтерін, тіпті фотосуреттерін де алған. Сөйтіп 150 адамды алдаған. Ал ондай кредиттер қалай қайтарылады? Одан құтылудың жолы бар ма?

Сотқа бармай-ақ, заңсыз кредиттен құтылуға болады

Бүгінде алаяқтарға алданған адамдардың кредитін кешіруге арналған нақты бір тәртіп жоқ. Алайда заң бойынша әрбір азаматтың құқығы қорғалуы шарт.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Дмитрий Ақмаевтың айтуынша, заңсыз рәсімделген кредит жайында бірден полицияға хабар беру керек. Сонда алаяқтық әрекет ресми түрде тіркеледі.

“Алданған адам тұрғылықты жері бойынша полицияға барып, ресми түрде арыз жазуға тиіс. Ол – бір. Екіншіден, кредитті рәсімдеп берген қаржы ұйымына барып, тура сондай арыз жазып кету керек. Сосын қызметтік тексеріс өткізуді талап еткен жөн. Өйткені кредиттің қалай және қандай құжаттардың негізінде берілгенін анықтау қажет”, – деді Ақмаев.

Қазіргі тәртіп бойынша кез келген қаржы ұйымы клиентке кредит берген кезде алдымен оның жеке тұлғасын анықтауы керек. Ондайда қызметкерлер телефон арқылы хабарласады, артынан туған-туысқа, я болмаса, достарына қоңырау шалып, кредит алғысы келетін адамның жеке тұлғасын растап беруді сұрайды. Ал заңға енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес, кредит рәсімдейтін клиентке видео байланыс арқылы хабарласу міндеті де жазылған. Өкінішке қарай, шағын кредиттерді рәсімдеу кезінде дәл осы талаптар көп жағдайда сақталмайды. Ондайда қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағым түсіруге болады.

“Біз сол ұйымның кредитті қалай бергенін тексере аламыз. Агенттік алаяқтық әрекеттерін тергей алмайды, бірақ кредитті беру тәртібін, заң мен талаптың қалай сақталғанын тексеруге құзіретіміз бар. Егер кредитті беру тәртібі сақталмаса, онда мәселе тез шешіледі. Заңсыз кредит сол ұйымның өзіне ауыстырылады. Ал кредит беру тәртібі сақталса, онда ішкі істер органдары тергеу өткізеді. Өйткені адамның ұялы телефонын немесе желіге түскен жеке мәліметтерін қалай және кімнің қолданып кеткенін анықтау қажет”, – деп атап өтті Ақмаев.

Сотқа баруға тура келеді

Ресми мәліметке сәйкес, заңсыз рәсімделген кредиттердің басым бөлігі кешіріледі. Алайда кей кезде сотқа баруға тура келеді. Өйткені кредиттің заңсыз рәсімделгенін білмей қалған адам ақшаны алаяқтарға өзі жібереді. Бұл қаржыны жұмсау фактісі болып саналады.

“Кейбір әккі алаяқтар былай істейді. Сізге қоңырау шалады да, есепшотыңызға қателесіп ақша жіберіп қойғанын айтады. Сосын басқа есепшотқа жіберуді сұрайды. Тіпті, мазалағаны үшін 10-15 мың теңгені алып қала салыңыз дейді. Ал шын мәнінде ол сіздің атыңызға рәсімделген кредит, көп жағдайда шағын кредит. Сомасы 50 АЕК-тен (145 850 теңге – Sputnik) аспайды. Адал және аңқау адамдар сеніп қалады да, ақшаны өз қолымен басқа есепшотқа салып жібереді. Сөйтіп, ақшасы біреуге кетеді, ал мойнындағы кредиті қалады”, – дейді Ақмаев.

Оның айтуынша, осы іспетті істерді тергеу кезінде бірқатар қиындық болады. Атап айтқанда, нақты банк картасы болса, оның иесін анықтауға мүмкіндік бар. Ал заңсыз кредиттің ақшасы телефон нөмірі немесе терминал арқылы жіберілсе, иесін табу қиын. Ондайда сотқа дейін барып, алаяқтарға алданғанын дәлелдеу керек.

“Сондықтан есепшотыңызға белгісіз бір ақша түссе, оны жіберген қаржы ұйымының өзіне барып, ресми түрде есепшотыңызға түскен қаржыдан бас тартуыңыз қажет. Артынан ол ақшаны өндіріп алу процесі басталса да, сіз сотта тиісті жерге барып, арыз жазғаныңызды дәлел ретінде келтіре аласыз”, – деп атап өтті агенттіктің бас маманы.

Коллекторға кеткен кредитті кешіру қиын

Алматы қалалық полиция департаменті басшысының тергеу ісі жөніндегі орынбасары Рустам Әбдірахманов заңсыз рәсімделген кредиттер проблемасын жақсы біледі. Ол талай рет коллекторлар мен шағын қаржы ұйымдарын жинап, алаяқтарға алданған адамдардың мәселесін талқылаған.

“Мысалы, алаяқтар менің атыма кредит рәсімдеп қойды дейік. Мен оны тек коллекторлар қоңырау шалған кезде ғана білемін. Ал коллекторлар жай хабарласпайды ғой, есепшотымды бұғаттап тастайды. Кредиттік тарихым бұзылады. Ақшаны алуға да, төлем жасауға да мүмкіндік болмайды. Кейбіреулер шетелге шыға алмайды. Сосын ары-бері шапқылау керек. Оған бәрінің жүйкесі шыдай бермейді. Ондайда адамдар “Садақа!” деп, қолын бір сілтейді де, 300-500 мың кредитін төлей салады”, – деді Әбдірахманов.

Оның айтуынша, онлайн кредит беру жүйесінің қауіпсіздік деңгейі төмен. Оны шағын қаржы ұйымдары жақсы біледі. Бұл жүйені жетілдіруге тырыспайды. Өйткені ондай ұйымдардың негізгі мақсаты – пайда табу. Соңғы кезде талаптар күшейді. Алайда онлайн кредит беру жүйесінде әлі де олқылық көп. Ал ең бастысы коллекторларға кеткен кредиттерді кешіру қиын.

“Олар қайтарылмай жатқан кредиттерді микроқаржы ұйымдарынан сатып алады. Мәселен, 1 мың проблемалық кредитті сатып алады. Соның ішінде заңды және заңыз рәсімделген қарыздар бар. Бірақ оны ешкім ажыратып отырмайды ғой. Микроқаржы ұйымдары да араласа алмайды. Өйткені коллекторлар қарыздың бәрін сатып алған және өз ақшасын шығаруға тырысады”, – деп түсіндірді Әбдірахманов.

Алматы қалалық полиция департаменті коллекторлар мен микроқаржы ұйымдарын жинап, осы мәселені түсіндіріп көрген. Алаяқтарға алданған адамдардың тізімін де беріпті.

“Тергеу кезінде біз ол тізімге кірген адамдардың кредит алмағанын анықтадық. Иә, кейбір қылмыстар ашылған жоқ. Өйткені алаяқтың өзі табылмады. Дегенмен кредиттердің заңсыз алынғаны анық. Сөйтіп, екі коллекторлық компаниямен ондаған адамның кредитін кешіруге келістік. Мысалы бір компания 3,5 миллион теңгенің кредитін кешірді. Бұл жерде нақты алгоритм жоқ. Осылай шешіп отырамыз”, – дейді Әбдірахманов.

Кредит беру тәртібін қалай күшейту керек

Алдағы уақытта қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі кредит беру тәртібіне тағы өзгеріс енгізуді жоспарлап отыр. Ол – биометриялық мәліметтерді қолдану. Адамның саусақ іздері, дауыс үлгісі мен көздің қарашығы сияқты биометрия қолданылса, алаяқтық әрекеттер күрт азаяды деген болжам бар. Ал полиция подполковнигі Рустам Әбдірахмановтың ойынша, күрделі өзгеріс жасамай-ақ, осы саладағы алаяқтық әрекеттердің алдын алуға болады.

“Мысалы, микроқаржы ұйымдары кредит бергенде SMS-хабарлама жібереді. Соған ақшаның сомасын ғана емес, астына “микрозайм” деп жаза салуға болады ғой. Адам “микрозайм” деген сөзді көрген бойда күдіктенеді, заңсыз әрекеттің жасалғанын түсінеді. Ал алаяқ хабарласқанда дайын болады, мәселенің мән-жайын анықтай бастайды, банкке немесе сол микрозаймды рәсімдеп берген ұйымға хабарласады. Сөйтіп SMS-хабарламаға бес-алты әріп қоса салса, біраз мәселе шешіледі”, – деп атап өтті Әбдірахманов.

Бұдан бөлек, микроқаржы ұйымына хабарласқан және кредит рәсімделетін адамның телефон нөмірін салыстырып отыруға болады.

“Мәселен, микроқаржы ұйымына Арман хабарласып отыр дейік, ал кредит Рустамның атына рәсімделіп жатыр. Ал SIM-карта Рустамның атында емес. Осындайда кредит беретін ұйымның қызметкері кредит рәсімделетін адамның телефонынан хабарласуды талап етуге тиіс. Болды. Алаяқ заңсыз кредит рәсімдей алмайды”, – дейді полиция подполковнигі.

Ол үшін ұялы байланыс компаниялары мен микроқаржы ұйымдары келісімге отыруы қажет. Сонда тиісті мәліметтер беріледі.

SputnikҚазақстан

Тағы да оқыңыз: