Kyzylorda-news.kz. С.Ысқақов атындағы құрылыс және бизнес колледжінде Қызылорда облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен ақпараттық-танымдық кездесу өтті. Кездесуге Аналар кеңесінің төрайымы Айгүл Мұсабаева, облыстық ПД Есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Темірхан Ахмет, облыстық Жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Серік Әбіл, облыстық наркологиялық орталығының психологы Әсел Әбдеш, 66597 әскери бөлімінің тәрбие және идеология жұмыстары жөніндегі бөлімінің үгіт-насихат жөніндегі аға офицері, капитан Болат Тұрсынбеков және 200-ден аса студент қатысты.
Шарада ауқымды мәселелер қаралды. Мәселен, аналар кеңесінің төрайымы Айгүл Мұсабаева қазіргі гиперқозғалысқа бейім жастардың ерекшелігі, жастар арасындағы есірткіге құмарлық, вейп-темекіні пайдалану мәселесін қозғады. Сондай-ақ, вейп-темекіні қолданудың арты есірткіге тәуелділікке әкелетіндігін, бұны қолдануға тыйым жасау бағытындағы аналар кеңесінің атқарып жүрген жұмысын сөз етті.
Ал облыстық ПД Есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Темірхан Ахметтің айтуынша, былтыр 4 жағдай тіркеліп оның барлығы телеграмм желісі арқылы синтетика сатумен айналысқан өзге өңірдің адамдары екені анықталған. Осы ретте студент жастарға әлеуметтік желі арқылы жарнамаларды абайлап, жаман әдеттерден аулақ болуға шақырды.
Мұнан соң облыстық Жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Серік Әбіл сөз алды.
Қоғамның негізгі бастаушы күші – жастар. Синтетикалық өнімдерді тасымалдау мәселесі, оны жарнамалау үлкен қателік, яғни өз болашағына балта шабу. Осы ретте бос уақыттарыңызды тиімді пайдалану үшін біздің орталыққа шақырамын. Орталықта өз-өзіңді дамытуға барлық жағдай бар, – деген ол жастарға нашақорлық туралы арнайы ерікті жастардың түсірген бейнероликтерін көрсетті.
Шара барысында облыстық наркология орталығының психологы Әсел Әбдеш де бүгінгі күні есірткі қолданушылар 15-64 жас аралығын құрайтынын және жастар арасында 5 есе көбейгендігін алға тартты.
Өкінішке орай, нашақорлыққа салынғандар ең соңғы сатысында келеді. Мәселен, біздің өңірден Алматыға жұмысқа кеткен 25 жастағы жас бойжеткен тасымалдаушы болып жұмысқа тұрады. Уақыт өте келе осы есірткіні өзі де қызығып, қолданып, қазір біздің орталықта ем алып жүр. Жалпы есірткі тұтынған адамның барлығы психика-неврологиялық ауруға ұшырайды. Бұл өте созылмалы дерт. Емі де ұзақ уақытты қажет етеді. Өкініштісі, қазір синтетикалық өнімдер көбейіп кетті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасына дабыл қағып жатырмыз. Бұрын есірткі қоладанатын адамдарды бет әлпетінен танитынбыз, қазір танымаймыз. Білу қиын. Синтетикалық заттардың нашақорлықтан айырмашылығы ол химиялық құрамы бөлек. Онда тәуелділік басым. Сондықтан аулақ болыңыздар», – дей келе, енді тексеру жұмыстарын әрбір оқу орындарында жүргізетіндерін жеткізді.
66597 әскери бөлімінің тәрбие және идеология жұмыстары жөніндегі бөлімінің үгіт-насихат жөніндегі аға офицері, капитан Болат Тұрсынбеков 16 жылдан бері әскери салада жұмыс істеп келеді.
Есірткіге құмарлық ортадан басталады. Бүгінгі күні есірткінің түрі көп. Әсіресе токсикомандар көбейген. Түнгі клуб, кафелерде жастар абай болыңыздар. Жаман ортадан алшақ болыңыздар. Себебі статистикалық мәліметтерге қарасақ, көңіл құлазиды. Бүгінгі күні ең жас нашақор 7 жаста. Ал 15-17 жас аралығындағы нашақор жасөспірімдер саны 3201 адам. Жалпы еліміз бойынша наркологиялық диспансерде тұрған нашақорлар саны 52 137 мыңға жуық. Өткен жылдармен салыстырғанда 9,5 пайызға артқан. Сонымен бірге, жастарды бұзу, тура жолдан тайдыру ниетінде Қазпошта қорапшасына синтетика өнімдерін салып кету фактілері жиі кездеседі. Ақысы киви кошелек арқылы түсіп отырады, – деді капитан Болат Тұрсынбеков
Шара соңында студенттер тарапынан бірнеше сауалдар қойылып, тұшымды жауаптар қайтарылды. Аналар кеңесінің төрайымы Айгүл Мұсабаева қорытындылап, басқа оқу орындары мен мектептерде де танымдық кездесулер өз жалғасын табатынын баса айтты.
