Kyzylorda-news.kz Жыл сайын 9-мамыр Жеңіс күні мереке ретінде аталып келеді. Отан қорғау жолында қанды қырғын арпалыста жас өмірін құрбан еткен қыршындардың да, сол зұлматтан аман шыққан ерлердің есімі де ешқашан ұмытылмақ емес. Олардың ерлігі ел жүрегінде мәңгі сақтаулы. Қарт Қаратаудың етегінде орналасқан шағын ғана Қосүйеңкі ауылынан майданға аттанған қырық шақты азаматтың жартысынан көбі елге оралған жоқ. Майдан шебінде жанқиярлық ерлікпен қаза тапты. Аман қалғандары туған жеріне оралып халыққа қызмет етті. Солардың бірі Ұлы Отан соғысы және Еңбек ардагері Мамырай Үсенов.

1941 жылы қыркүйек айында майданға кіріп, Калинин майданында қатардағы автоматшы ретінде қатысқан. 1942 жылы Великие луки түбіндегі Руднево селосында өткен алапат шайқаста ауыр жараланып сол маңдағы дала госпиталына түседі. Жау жағы дүркін-дүркін шабуыл жасап, кешке дейінгі кескілескен шайқаста жауынгерлердің түгелдейінен көбі мерт болады. "Отан қорғауда ерлікпен қаза тапты" – деген қара қағаз елге жіберіледі. Соның ішінде Мамырай Үсенов те бар еді. Мұндай жағдайлар соғыс кезінде болып тұрыпты. Жарақатына байланысты ол 1943 жылы елге оралады. Жарақаты жазылған соң 1943 жылы майданға қайта аттанады. 1945 жылы тамыз айында жеңіспен туған ауылына оралады. 2-дәрежелі "Отан соғысы" орденімен, маршал Г.К.Жуков медалімен, "1941- 1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысы" мерекелік медалімен марапатталады.
Соғыстан соң бала тәрбиесімен айналысып, өзі туып өскен жердегі “Ынтымақ” орта мектебінде ұстаздық қызмет етті. Ұлағатты ұстаз, бала жанының білікті тәрбиешісі, қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәнінің нағыз білгір маманы болды. Алдынан жүздеген шәкірт тәрбиеленіп шықты. Ол шәкірттерінің жүрегіне жол тапты, сүйіспеншіліктеріне бөлене білді. Атақтары алты Алашқа жайылған Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Дүкенбай Досжанов пен Тынымбай Нұрмағамбетовтерге тәлім беріп, жазушылық жолына қадам ашқан да осы кісі. 

Қосүйеңкіден қанша ақынжазушы, журналист, тіл мамандары шықса солардың бәрі Мамырай ағайдың "шекпенінен" шыққандар дер едім. Бұлардың қай-қайсысы болмасын тіл құдіретін, сөз бен сөйлесу өнерінің қадір-қасиетін Мамырай ағайдың өзінен үйреніп, өзгеше дәріс беру мен пайымпарасатын ұғына білді, көкейлеріне тоқыды, саналарына сіңірді. Мен де сол кісінің алдынан білім алдым. Мамырай ағай балаға ұрыспайтын, жекімейтін, қол көтермейтін. Сонда да ағайдың сабағында шыбынның ызыңы естілердей тыныштық орнайтын. Бар зейініміз сабақта болатын. Ағайдың сұсы басып тұратын. Тек оқушылар ғана емес үлкен кісілердің өзі ұстаздың алдында артық ауыз сөзге бармайтын. Өмірге деген шынайы көзқарасымен, адами биік ұстанымымен ел-жұртының ізгі ілтипатына ие болды. 
Халқы құрмет тұтты, төрге оздырды.

Ұстаз еңбегі ұдайы бағаланып отырды. 1970 жылы "Еңбектегі ерлігі үшін" медалімен, 1978 жылы "Еңбек Қызыл Ту" орденімен марапатталды. Республикалық мұғалімдер съезінің делегаты, "Тәлімгерұстаз" төсбелгісінің иегері. Елу жыл отасқан зайыбы Увайда Тұрсынбайқызы екеуі 9 перзентті тәрбиелеп өсіріп, немере, шөбере көрді. "Адам ұрпағымен мың жасайды" – десек, Мамырай ағайдың соңынан ерген ұлқыздарынан өрбіген ұрпақ қазірде өз алдарына мәуелі баққа, көшелі әулетке айналып отыр. Әкесінің жолын қуып қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұрқасым Мамырайұлы өз ісінің білгір маманы, өлең жазатын дарыны бар ақынжанды еді. Өкініштісі өмірден ерте озды. Қазірде атасы мен әкесінің ізін жалғап келе жатқан Ержан Нұрқасымұлы атасы ірге тасын қаласқан Қосүйеңкідегі Ынтымақ орта мектебінің айтулы тіл маманы, өз ісінің үздігі.

Биыл Мамырай Үсенов ағайымыз 100 жасқа толып отыр. Ұстаз тәлімін ұмытпай ұлықтап отыру кейінгі ұрпақтың, шәкірттерінің парызы. Олай болса, Мамырай ағайымызды дәріптеп, есімін ел есінде қалдыру біздің міндетіміз болуы керек. Осы орайда ауылдан бір көше атауын беріп, мектеп ішінен арнайы сынып бөлмесін жасақтаса ұстазға деген зор құрмет болар еді. Мамырай Үсенов және оның әулеті жайында мақала емес кітап жазып, өмірлік өнеге алар тәлімтәрбиесі мол жаназық дүние жасауға болады. Ұстаз. Ұстаз деген ұлы тұлға, Бөлеген шәкірттерін шуақ нұрға. Ата-анаңнан кейінгі ол ақылшың, Теңеймін сөнбес сәуле шырағданға.
Болмайды ұстазыңды ұмытуға!


0007c664-f34b-4c36-bacd-acf7c1ca062f.jpg

Тағы да оқыңыз: