Kyzylorda-news.kz. Жыл сайынғы Жолдаудың ел дамуы жолындағы маңыздылығы орасан екені айтпаса да белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында елдің ертеңіне тигізер пайдасы зор тақырыптарға тоқталып өтті. Қордаланған мәселелердің қиын күрмеуін шешудің тез əрі нақты жолдарын ұсына білген Жолдауда қазір қоғамға ауыр тиіп отырған инфляция тақырыбы да назардан тыс қалмады.

Қазіргі қиын кезеңде Ұлттық қор мен Үкіметті инфляцияны 6-4 пайыз дəлізіне қайтаруға міндеттеп, мәселенің нақты шешімін ортаға салды. Сондай ақ, ол Ұлттық қордың активтерін қалпына келтіру үшін бюджеттік ережеге көшуді жеделдетуді тапсырды.

«Соңғы кезде мемлекеттік шығыс міндеттемелерін жабу үшін бюджет тапшылығы мен Ұлттық қордан алынатын трансферттің арту тенденциясы байқалуда. Үнемі мұндай жеңіл жолмен жүру мүмкін емес. Қаржылық тұрақтылық қоры шексіз емес. Бюджеттің кірісін арттыру бойынша шаралар қажет екені анық. Бірақ бірінші кезекте мемлекеттік шығындардың көлемі мен тиімділігіне бақылау керек. Ұлттық қор активтерін қалпына келтіру үшін бюджеттік ережені енгізуді жеделдету керек. Тиісті заңнамалық түзетулер жылдың соңына дейін қабылдануы қажет», – деді Президент.

Бұл Жолдауда айтылған бастамалардың бір парасы ғана. Алдағы уақытта халық пен билік бірлесе отырып, Президент айқындап берген бағыт-бағдар бойынша сапалы жұмыс атқаратын болсақ, дамудың даңғыл жолына түскен жасампаз мемлекеттің əрбір тұрғынын бақытты, бақуатты ете алатынымызға сенімім мол.

Шынар ЖЕҢСІКБАЕВА,

«Шапағат» балаларды сауықтыру орталығының директоры

Тағы да оқыңыз: