Kyzylorda-news.kz. «Бақытты отбасы» партиялық жоба аясында «AMANAT» партиясы Теміржол филиалының атқарушы хатшысы Базара Танбаева, Қызылорда станциясының ЖПб қызметкерлері Азамат Абасилов, Серікбол Мүбарак, Жол дистанциясының жол шебері Мақсат Абдрамановпен болат жолдың екі жағында қоныстанған халықтың ары-бері қатынауына қиындық туғызып тұрған теміржолдың 2824 шақырымына кезекті рейдке шықты.
Тексеру жұмыстарының мақсаты қауіптілігі жоғары аймақтың бірі саналатын КБИ-Шұғыла мөлтек ауданының тұсында тұратын тұрғындарына, жасөспірім балаларға қызметтік жұмысқа арналған жолдан абайлап өтуін сұрау, жазайтайым оқиғалардан жарақат алуын алдын алу, түнгі мезгілде балалар үлкендердің ілесіп жүруінсіз болмауын түсіндіру болатын.
Иә, жылма-жыл адам санының көбейе түсуі, балалардың мектепке бару уақыты жақындауы жағдайды тіпті қиындатуда. Бүгінде бұл жолдан күніне 600 адам, дәл осы өткел арқылы бір жақтан екінші жаққа қарай әр түрлі тіршілікті себептермен ары-бері қатынауда. Сондықтан теміржолдың осы тұсына жаяу жүргіншілерге арналған көпір салу ісі өздігінен сұранып тұр. Сонымен қатар тұрғындар тарапынан да бұл сан қайталап айтылуда.
КБИ-Шұғыла мөлтек ауданның тұсындағы теміржол бойына көпір салынатын орынды Қазақстан Теміржол Қызылорда бөлімшесі өкілдерінің қатысуымен белгіленіп, тиісті мекемелермен техникалық шарт әзірленген. Алайда аталған жоба ілгері баспай және қай кезде жүзеге асырылатынын дөп басып айту қиын болып тұр. Қалай дегенде де осы өткел адам өміріне қауіп төндіріп тұр. Аса қауіпті аймақтан өткен жүргіншілерге түсіндіру жұмыстары барысында байқағанмыз жұртшылықтың сабыры таусылған, түсіндірме жұмыстарына қарамастан өткелден өтулерін тоқтатар емес. Партия мүшелері теміржол өткеліндегі осы жүйесіздіктің тез арада шешілуін қалайды.

