ФОТО

Kyzylorda-news.kz. Ата-бабамыз қаншама қиындықты артқа тастап, тәуелсіз ел үшін жанын пида етті. Қаншама ел азаматтары азаттық үшін арын сатпады. Осындай ерен еңбекпен келген тәуелсіздіктің арқасында біз бейбіт елде өмір сүрудеміз. Шекарамыз айқын, егемен ел болғанымызға отыз жылдан асты. Ал Тәуелсіз Қазақстандағы елеулі оқиғалардың бірі – Сарыарқа төрінен Астана қаласының салынуы. 

Бұған дейін Ақмолинск, Целиноград, Ақмола, Нұр-Сұлтан деп те аталған қала 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап Қазақстан Республикасының бас қаласы болып келеді. Тәуелсіз Қазақстанға жаңа астана салу еліміздің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы екені барлығына белгілі. Дегенмен, елорданы Алматы қаласынан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім 1994 жылдың 6 шілдесінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінде қабылданғанын және астананы ресми түрде көшіру 1997 жылдың 10 желтоқсанында жүзеге асырыла бастағанын көпшілік біле бермейді. 

6 шілде күні ел тарихында орны бар шешім қабылданды. Сондықтан да бұл күн «Астана күні» болып бекітілді. Жыл сайын бұл күн мереке ретінде тойланып келе жатыр.  Ал биыл Астана қаласына 25 жыл толып отыр.  Осы уақытқа дейін еліміздің елордасы дамудың бірнеше сатысынан өтті. Бүгінде халықаралық аренада өзіндік келбеті бар, заманауи даму үрдісінен қалмай келе жатқан жас қала. Елорданың өткен тарихына хронологиялық талдау жасайтын болсақ, бұл қаланың іргетасы 1830 жылы орыс әскерлері Есіл өзенінің жағалауына келіп қалаға бекініс салудан бастау алады. Содан соң, 1862 жылы бекініс қала мәртебесіне ие болып, Ақмолинск деген атау берілсе, 100 жыл өткеннен кейін Целиноград деп атала бастаған. Одан кейін, Ақмола болып, Президент жарлық шығарған кезде Астана деген атауға ие болған. 1998 жылы Астана қаласы ЮНЕСКО ұйымының шешімімен аз ғана уақыт арасында әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени тұрғыдан даму жағынан көзге түсіп, этносаралық тұрақтылыққа қол жеткізген жас қалаларға берілетін «Бейбітшілік қаласы» атты мәртебеге ие болды. Бразилия елінде өткізілген бұл конкурсқа қатыстырылған Астана әлемнің он екі шаһарын әртүрлі талаптар бойынша басып озған. Астана тарихындағы тағы бір елді елең еткізген оқиға – 2019 жылдың 20 наурызында қазіргі президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен қаланың атауы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне Нұр-Сұлтан деп өзгертілуі болды. Алайда, өткен жылдың 17 қыркүйегінде Мемлекет басшысының Жарлығымен қала қайтадан Астана деп аталды. 

Бүгінде Астананың жер көлемі 797,33 шаршы шақырымды құрайды. Астананың қақ ортасында әсем Есіл өзені ағып жатыр. Сол өзен қаланы екіге бөлетіндіктен, тұрғындар оң және сол жағалауда өмір сүріп жатыр. Астананың климаты аса континенталды, дәлірек айтсақ, қысы суық әрі ұзақ болса, жазы ыстық және құрғақ. Адамдар әсіресе Астананың қысына қатты қамданады. Себебі, бұл қалаға Сібір аяздары жеткен кезде, ауа температурасы – -50 градусқа дейін жетуі ықтимал. Ғалымдардың сөзіне сенсек, Астана Моңғолия астанасы Ұланбатырдан кейінгі әлемдегі ең суық елорда болып саналады екен. 
Елорданың сәнін кіргізіп, әлем халқына әйгілі етіп тұрған сәулет туындылары да жетерлік. 

Астананың инфрақұрылымы, қала құрылысы, кей көшедегі кептеліс, сумен қамтамасыз ету, мектептерде орын тапшылығы секілді әлеуметтік мәселелер туралы сын жиі айтылады. Алайда қала 40-50 жылда жетеді деген нәтижені ширек ғасырда көрсетті. Миллиондаған адамның жас әрі бас қалада өз жолын тапқаны анық.Кеше ғана іргетасы қалаған Астана дем арасында ширек ғасыр жасап, бұл күн дүбірлі мерейтойға ұласып отыр. Десе де, күллі қазақ жұрты бұл қаланың сәулетіне тамсанып қана қоймай, саяси және идеологиялық маңызын тереңірек түсінгені абзал. Сарыарқаның төрі Астанамыздың мәңгілік мекені болғай.

Гүлсім Мұқаметәлиқызы, Астана қаласының тұрғыны:

– Мен  ауданға қарасты қазіргі Ақтөбе ауылының тумасымын. №109 мектептің 1996 жылғы түлегімін. Мектепті аяқтаған соң, Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Ұлттық университетке оқуға түсіп, «Инженер-метеоролог бакалавры», «Экология магистрі» дәрежесін алдым. Магистратурадан соң Х.Досмұхамедов атындағы университетте ұстаздық қызметте, одан соң Алматыда Экология және ғылыми зерттеу институтында ғылыми қызметкер болып еңбек еттім. 2009 жылы Астанаға қоныс аударып, қызметімді әрі қарай да өз мамандығыммен жалғастырудамын. Астана – болашақтың қаласы. Алға қойған мақсаттар мен тың идеяларды жүзеге асыруда елордамызға көшіп келдік. Бүгінгі таңда Экология және Табиғи ресурстар министрлігі, Ұлттық гидрометеорология саласында басқарма бастығы болып қызмет етемін. Еңбек жолымда Түркия, Испания, Ресей, Жапония елдерінде біліктіліктен өтіп, қызметіме өз үлесімді қосып келемін. Отбасылымын, жолдасым Бауыржан да осы Қармақшы өңірінің тумасы. Ләйлә, Нұрәлі атты ұл-қыздардың ата-анасымыз. Жолдасым Ұлттық Қауіпсіздік комитеті, Шекара қызметінде еңбек етеді. Қызымыз Ләйлә Алматыда, ұлымыз Нұрәлі Астанада дүниеге келген. Елордамыз Астана – менің сүйікті қалам. Сарыарқаның төрінен орын алған Астана – бақытты сәттеріміздің куәсі болған жарқын қала. Сондықтан да біз Астананы жақсы көреміз.


Ақниет Қиналбаева, студент:

– Қазіргі таңда мен елордамыздағы Астана медициналық университетінің «жалпы медицина» факультетінде мемлекеттік грантпен білім алудамын. Көбісі Астанада оқимын десем, ауа райы жайлы сұрақтарды көп қояды. Мен Жосалымен салыстырғанда аса айырмашылықты байқамадым. Мұнда қызықты, заманауи көптеген жаңа нысандар бар. Әртүрлі ғимараттар мен гүлденген әсем көшелерге тез үйренісіп кетуге болады. Астанаға келушілердің басым көпшілігі секілді мен де білім алуға және қызмет етуге келдім. Осы салада жүргеннен кейін, медицина бағыты туралы айтар болсам, қалада өзгелермен салыстырғанда біршама артықшылықтар бар. Емхана мен аурухана саны көп. Жаңа құрылғылар тұрғындарға қызмет көрсетуге жеңілдік туғызады. Оқу жылы аяқталғанда біз университет көмегімен қалада халыққа көмек беру және алған білімімізді  іс жүзінде дәлелдеу мақсатында емханаларға тәжірибе жасауға барып тұрамыз. Жастардың білім алуына да қолайлы жағдай жасалған. Сабақтарымыз ерекше форматта өтеді. Онымен қоса қызықты зерттеулер жүргіземіз. Қала жыл сайын көркею үстінде. Астананы болашағы жарқын қала ретінде, осында оқуға түсуді мақсат еткен едім. Түстім де. Оған еш өкінген емеспін. Болашақта білікті кардиолог болғым келеді. Астана мен үшін жастардың, дамудың, әсемдіктің, болашақтың қаласы. Отанымның астанасы Астананы ештеңеге теңгермеймін,  думаны мол студенттік шақтың, жалынды жастықтың ордасы әрдайым жүрегімнің түкпірінде сақталмақ.

Мерей Бөгенбаев, әскери қызметкер:

– Мен мұнда әскери қызметкермін. Астанада тұрып жатқаныма 3 жылдан асты. Алматыда 4 жыл жоғары білім алдым. Алайда қызмет жолым елордамен тікелей  байланысты. Осында бір жылдай қызмет атқарған соң, қармақшылық арумен шаңырақ көтердім. Одан кейін Алла аманат етіп сәби сыйлады. Былтыр өзіміздің пәтерімізді алдық. Осындай жақсы жаңалықтарымның куәсі – Астана. Мұнда бір еркіндік бар. Биік деңгейлі орта, тілеулес жандар. Сонымен қатар, өте әдемі шаһар. Сәл болмасаң, мүлде танымай қаласың. Биік нысандар пайда бола кетеді. Күн санап көркейіп жатыр.
Елордамыз Астана – жастардың қаласы дер едім. Жүздеген, мыңдаған жас осылай қарай ағылып жатыр. Олардың армандары алдамайтынына сенемін. Өйткені, Астана – зор мүмкін¬діктер мекені. Себебі біздің де армандарымыз орындалып келеді. Бұл үлкен қалада үнемі қайнаған тіршілік, айналаңда жанталасып-жағаласып жүрген бір адам, яғни бәсекелестік өте жоғары, ал бәсекелестік бар жерде ғана алға жылжуға, дамуға мүмкіндік бар. Мұнда жаныңа не керектің бәрі бар және оның артықшылықтарын көре білу және оны мүмкіндік ретінде пайдалана білу – әр адамның өз қолында. Қазаққа құт мекен бол, Астана!

Тағы да оқыңыз: