Kyzylorda-news.kz. Биыл шілде айында Жосалы және Жалағаш кентіндегі газдандыру жұмыстары толығымен аяқталып, халық игілігіне беріледі. Сондай-ақ, жыл соңына дейін Қазалы қаласы мен Шиелі ауданындағы Бекежанов және Қодаманов ауылдары табиғи газға қосылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жоламанов баяндады.
«Биыл шаһарға қарасты Наурыз және Ж.Махамбетов елді мекендерін газдандыру жұмыстарын бастауға тиісті қаржы бөлінді. Жобаны толығымен аяқтау мақсатында 2022 жылға Энергетика министрлігіне бюджеттік өтінім жолданды. Қазіргі таңда, газбен жабдықтауға 8 жобаның сметалық құжаттамасы әзірленуде. Яғни 2025 жылға дейін тиісті жұмыстар жасалып, газбен жабдықтау үлесін 75 пайызға жеткізу жоспарлануда», – деді Ерлан Ералыұлы.