Kyzylorda-news.kz. Санаулы күн бұрын ғана ұлттық сипат алған "домбыра күнін" тойлаған шиеліліктер өткен аптада шіліңгір шілденің аптабына қарамастан Астананың туған күнін де атап өтті. Қазақ елінің тәжіндей болған айбынды Астана қаласы жиырма беске келсе, тарихтар тезінен түрленумен қадам басып келе жатқан Шиелі ауданы торқалы тоқсан бестің табалдырығын аттамақ. Не десек те, шиеліліктер үшін биылғы жыл – мерейлі, мерекелі жыл. 

Жиырма бес жылда түрлі белесті еңсерген Елорда көптеген жетістікке жетті. Атап айтқанда, 1999 жылы Астана ЮНЕСКО-ның "Әлем қаласы" сыйлығына лайық деп танылса, 2011 жылы  "ТМД мен ЕураАзЭҚ-тың үздік қаласы" халықаралық байқауының жеңімпазы атанды. 2012 жылы Қазақстанның бас қаласы ТМД мен Түркі әлемінің мәдени астанасы" құрметті миссиясын табысты орындап шықты. Жалпы айтқанда, жиырма бес жылда бағындырған белес аз емес. Керісінше жыл өткен сайын өрісі кеңейіп, өркендеген бас қаланың "Ұлы дәуірі" бастау алып, көркейіп келеді. Халықаралық ынтымақтастық қаласына айналған Елорда ел мерейін өсіріп, айбынды мемлекеттің абыройын асқақтатуда. Сонымен еліміздегі қалалар мен облыс орталықтары, шағын аудандар Астанаға қарап бой түзесе, өркендеудің жаңа сатысына көтерілері хақ. 

Еуразияның жүрегі – Арқаның төріндегі Астанаға қарап бойын тіктеп келе жатқан киелі мекен Шиелінің де келбеті күн санап көркемделуде. Жылдардың тоғысында тамырын тереңнен тартқан Қызылорданың маржаны іспетті болған Шиелі ғасырға жуық кезеңдегі қаншама тарихи оқиғалардың куәгері. Әлеуметтік-экономикалық ахуалы артып, тұрғындардың көңілінде тұрақтылық орын тепкен осынау ауданның ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері жетерлік. Қай салаға қалам тартсақ та, қадау-қадау жаңалықтарды алға тартуға болады. Тотыдайын түрленген киелі топырақтың құрылысы сән санап қарыштап, өндіріс орындары іске қосылуда. Кәсіпкерлік те кең қолдау алып, жаңадан іс бастап жатқан тұрғындар да жетерлік. Ауыл шаруашылығы саласының тынысы кеңейіп, Шиелінен шыққан тауарлар да бар. Әлеуметтің әлеуеті де артып, спорт және мәдениет саласында сайыстарда бақ сынап, аудан абыройын асқақтатып жүрген жастар да бар. Жалпы айтқанда Шиелі ауданы бас қаламен бірге жанданып келе жатқан киелі мекен. Сол себепті Астана күнін атап өткенде Шиелінің де жеткен жетістіктерін ұмытпаған ләзім. Осыған байланысты мерекеге орай ауданда бірнеше шара  ұйымдастырылды. 

Алтыннан алқа тағынды күмістей көркем аналар 

Мерейлі мереке демографияның өсім алуына үлес қосып, саналы ұрпақ тәрбиелеуде тер төгіп жүрген батыр аналарды марапаттаудан басталды. Елорданың 25 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген салтанатты шарада аудан әкімінің міндетін атқарушы Б.Ысмағұлов 34 көпбалалы анаға арнайы наградалар табыстады. Оның ішінде 13-і "Алтын алқа" иеленсе, 21-іне "Күміс алқа" наградалары берілді. 
Кез келген адамның әдептлігі мен жан-дүниесінің сұлулығы ең алдымен ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады. Бала бойындағы ең жақсы қасиеттер де ең алдымен анадан тарайды. Ана – қасиетті де қастерлі сөз. Ана есімі қашанда ардақты. Аналардың абзалдығын айту – ұрпаққа аманат. Себебі адамзатты мойындатқан ғұлама-данышпан да, тарихқа есімі алтын әріппен жазылған арыстар да анадан туған. Бүгінгі таңда жас та болса көп баланы дүниеге әкелген алтын құрсақты батыр аналарымыз көбейіп келеді.Сол себепті оларға қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Осы орайда аудан әкімдігінде өткен салтанатты шара әрмен қарай аудан өнерпаздарының ән шашуымен жалғасты. Көңілі жайланып, өздері марқайып қалған ақ жаулықтылар мереке қарсаңында марапат иегері атанып, мәз болысты. Жиынға қатысқан зиялы қауым өкілдері де алтыннан алқа тағынған күмістей көркем аналарды құттықтап, ризашылығын білдірді.

Қол шатыр астында…

Асқақ Астананың айтулы мерекесіне орай ұйымдастырылған шара Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихи музейінде жалғасын тапты. Көненің көзіндей болған ескі мұраларды жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған "Қолшатыр астындағы шабадан" шеруі қонақтар мен қатысушыларға ерекше әсер сыйлады. Шеруге аудандағы белгілі кәсіпкерлер А.Әбдіқалықова, Д.Тәжікова, Д.Өтепбергенова, аудандық мәдениет бөлім басшылары мен ауылдық мәдениет үйінің, ауылдық әкімгершілік қызметкерлері және Шиелі аудандық өлкетану музейі мен Н.Бекежанов мемориалдық музейінің қыздары қатысты. "Өткеніңді білмей, болашағыңды бағамдай алмайсың" демекші тарихтан сыр шертетін шарада әйелдер қауымы бас қосып, әуелеген әнге билеп, мәдени мұралармен танысып, сыр бөлісті. Бұл мерекелік шара бір жағынан өткен күнге саяхат жасауға сеп болса, екінші жағынан жаздың жайма шуақ күнінде бір серпілуге әсер етті.

Орталық алаң думанға толды

Елорда күнін ескерусіз қалдырмаған шиеліліктер кеш батқан бойда орталық алаңға жиналып, мерекенің лебін сезінді. Әуелеген әуендер, күмбірлеген күй, сахнада мың бұралған биші қыздардың өнері, шаттықтан бал-бұл жанған жүздер, бәрі-бәрі Астанаға арналған мерекенің маңызын айшықтай түсті. Мерекелік концерттің шымылдығы бас қала туралы баяндайтын арнайы прологпен түрілді. Одан кейін аудан әкімінің міндетін атқарушы Б.Ысмағұлов жиналған қауымды  айтулы мерекемен құттықтап, еліміздің дамуы мен өркендеуін тіледі. Әрмен қарай Елордаға арналған әндер шырқалып, мерекенің мазмұны әрлене түсті. Аудан өнерпаздары барын салып, көрерменді шат-шадыман күйге бөледі. Тіпті шара соңына жетсе де, жиын өткен орыннан тұрғындар тарқауға асықпады. Астана бүгінде жас мемлекетімізді және халқымызды әлемге әйгілеп, алпауыт елдермен тереземізді тең еткен шын мәніндегі бас қалаға айналды. Киелі Шиелі топырағында сол бас қаланың көптен күткен мерекесі осылайша көрініс тауып, жоғары деңгейде аталып өтті. Сонымен еліміздің жүрегі Елордаға бізден де бір тілек. Жайнай бер, жарқырай бер, қазақтың Астанасы, баянды бақытының бастауындай ғажайып бас қаласы!

Тағы да оқыңыз: