Kyzylorda-news.kz. Қыс аяғы бітіп, қар кетісімен-ақ, айналаны тазалап, жерге шыбық қадап, тал отырғызу адамзатқа зор пайдасын тигізіп қана қоймай, аймақтың ажарын да аша түсетіні анық. Жерге шаншылған әрбір талдың күтімі жақсы болса, жайқалған жасыл желек жазда сая, қыста пана болады емес пе? «Бағбан болсаң, бақ өсір, балама деп тағы өсір» деген аталы сөздің түбінде де тереңінен түсінгенге тәлімді тәмсіл жатыр.

Жуырда аудан әкімі Нұржан Сәбитұлының бастамасымен аймақ маңы мен аудан елді мекендерінің санитарлық тазалық жағдайын жақсарту мақсатына бағытталған сенбілік жұмыстары бастау алғаны белгілі. Бүгінде осы игілікті іс үздіксіз жүргізіліп, жалғасын тауып жатыр. Түрлі мекемелер мен шаруа қожалықтары аудан орталығына, жол бойына және басқа да бөлінген аумақтарға ағаш көшеттерін отырғызып, аталған орындарда тазалық жұмыстарын атқарып үлгерген. Көктем келіп, күн жылына бастаған шақта қызу жүргізіліп жатқан тал егу, көркейту-көгалдандыру жұмыстарына үн қосып, қолдау білдірген жандардың қатарында ауданымыздың ардагерлері де бар. 

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил, Шиелі кентінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Күлімбет сияқты үлкен буын өкілдерінің ұйымдастыруымен жүзеге асқан іс-шара барысында кент аумағына 400 түп көшет егілді.Бұл арқылы ардагер қауым барлық аудан тұрғындарына үндеу жасап, оларды тазалыққа, ортақ ауданымызды бірге көркейтуге атсалысуға шақырмақ. 

«Аудан әкімінің үндеуімен бастау алған көркейту-көгалдандыру жұмыстарын біз де қолдап, атсалыспақ ниеттеміз. Осы мақсатта аудандағы барлық елді мекендердің ардагерлері игі бастамаға өз үлестерін қосып жатыр. Ағашты ерте ексең, ерте шығады. Ақпан айының аяғынан бастап аймақ маңына түрлі ұйымдар мен мекеме қызметкерлері шыбық қадап, ағаш отырғызып үлгерді. Біздің атқарып жатқан ісімізді соның жалғасы деуге болады, – дейді Өркен Исмаил.

Бүгінде көпшілікке үлгі боларлық осындай бастаманың басында жүрген жандар көп. Сол сияқты әрбір тұрғын тұрғылықты жердің тазалығына мән беріп, егілген ағаш көшеттерінің өсуіне жағдай жасаса, ауданның көркіне көрік қосыла түсетіні сөзсіз. «Бұлақ көзін ашып, көзіңді қалдыр, жақсылық мұра шашып, ізіңді қалдыр, бау-бақша өсіріп, өзіңді қалдыр, жаса нұр» дейді бабалар өсиеті. Мұның өзі – тал егудің адамзат тіршілігі үшін аса бір маңызды әрі қажетті іс екенінің дәлелі.

Ендеше, саялы ағаштың ұрпаққа аяулы мирас болып қалатынын ескеріп, қоғамның игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстарға біздің де қолдау көрсеткеніміз абзал. Айлардың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айында да дінімізде теңдесі жоқ, сауабы мол үш түрлі әрекеттің бірі саналған ағаш егу ісіне бір кісідей атсалысайық.

Тағы да оқыңыз: