Kyzylorda-news.kz. Дана халқымыз «Сөз жеткізеді, сөз жеткізе алмағанды саз жеткізеді» деген тәмсілді бекер айтпаса керек-ті. Сан ғасырлар өтсе де сыры мен сынын жоғалтпай, саф алтындай сақ­та­лып келген қазақтың мұрасы – қобыз аспабының құны қашан да жоғары екендігі белгілі. Оның үнін естіген кез келген құлақтың рахат­қа, тыныштыққа бөленері сөзсіз. Содан да болар, қобызшыларды қазақ халқы ерекше, дарынды өнерпаздар деп есептейді. Біздің арамызда дәл осы төл өнерді жаңғыртып, оны өзгелерге насихаттап жүрген дарындылар көп-ақ. Оған дәлел – жас өнерпаз, ауданның ғана емес, Сыр өңірінің мақтанышы – Ақниет Бөлеген.

Жерлесіміз жуырда Алматы қаласында өткен ХХV «Бозторғай» халықаралық балалар шығармашылық байқауына қатысып, төл өнер¬дің бәсін тағы да биіктетті. Жүлделі екінші орынды қанжығаға байлаған ол дәл осы сайыста үлкен ерлік көрсетіп, байқауға бар күшін салды. Ең әуелі аудандық, облыстық кезеңнен сүрінбей өтіп, әсем қала Алматыға аттанды. Содан кейін барып, әр жыл сайын өткізіліп отыратын халықаралық Бозторғай байқауына «аспапта орындау жанры» бойынша Шиелі ауданының атынан қатысты. Ақниет Бөлеген бүгінде Нартай Бекежанов ауылдық мәдениет үйін жанындағы «Қорқыт-қобыз» үйірмесінің мүшесі. Жүлделі екінші орынға ие болған ол бұған дейін де талай додаларда оза шапқан. Мәселен, ол облыстық «Қорқыттан қалған үн» байқауының жүлдегері.

Айта кетейік, балалардың шығармашылығын дамытуды көздеген дәстүрлі байқауға биыл мыңнан аса өнерпаз қатысып, бес жанр бойынша өнер көрсеткен. Аталған байқауға 8 мемлекеттен өнерпаздар эстрадалық ән салу, аспапта орындау, хореография, халықтық орындау бағыты бойынша бақтарын сынады. Атап айтар болсақ, Қырғызстан, Өсбекстан, Тәжікстан, Ресей сынды көршілес елдер де қатысқан. Ал ауданның намысын қорғаған Ақниеттің биыл 25 рет өткізіліп отырған халықаралық додаға қатысуы – біз үшін мақтаныш. Ендеше, қобызды қасиетті санап, саз өнерді дамытып, ұлттық аспапты ұлықтап жүрген Ақниет Бөлегеннің шығармашылық жолына табыс тілейміз!

Тағы да оқыңыз: