Kyzylorda-news.kz. Құрбан айт – қастерлі мейрам. Құрбандыққа мал шалып, құран оқытқан, ата-бабаның асыл үрдісін ұмытпаған, қастерлі мейрамды ұлықтаған елденбіз. Мұсылман қауымға дәл осы мейрам күні ізгілік пен ізеттің, мейірім мен мерейдің, береке мен бірліктің ұштасатыны мағлұм. Бұл күні аудандық орталық мешітте таң сәріден айт намазы оқылып, құрбандық шалынды. Мешітке жиналған жамағат дұға жасап, мұсылмандық парыздарын орындады. Араздасқан ағайынның татуласып, шаттыққа кенелетін мерекесі одан әрі орталық алаңда жалғасты.
Биылғы Құрбан айт сәрсенбінің еншісіне бұйырды. Қасиетті күнде сәждеге бас қойып, аталған ұлық мейрамды жамағатпен қарсы алуға жиналған халық көп болды. Ауа райының ыстығына қарамастан, 7 жасар баладан 70 жасар қартқа дейін сонда жүрді. Барлығы да бір-біріне ақ тілектерін жаудырып, шаттыққа кенелген күн болды.
Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Ерсұлтан Әпетов сөз алып, Құрбан айт мерекесін тойлауға жиналған жамағат пен аудан қонақтарын құттықтап, мемлекеттің дін саласындағы саясатын жүзеге асыруға атсалысып жүрген имамдар мен мешіт қызметкерлерін аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады.
Сонымен қатар «Гежуба-Шиелі» цемент зауыты ұжымы Шеген Қодаманов ауылдық амбулаториясына «Лада-Ларгус» жедел-жәрдем автокөлігін сыйға тартып, амбулаторияның бас маманы Гүлбану Сәрсенбаеваға автокөліктің кілтін табыстады. Сондай-ақ ерекше күтімді қажет ететін жандар мен балаларды қуанту мақсатында алаңда киіз үй тігіліп, ақысыз ойын алаңы жасақталды.
Бұл күні ұлттық спорттың бағы жанған күн болды. Қошқар көтеру, қол күрестіру, бағанаға өрмелеп шығу, асық ату сынды ұмыт қалған ұлттық ойындар жаңғырып, таңдай қақтырды. Нәтижелі өнер көрсеткен қатысушыларға қомақты сыйлықтар табысталды.
