Kyzylorda-news.kz. Әне-міне дегенше жаздың басталғанына да он күннен асыпты. Жаз – өздігінше әдемі мезгіл. Бәрі де дәл осы уақытты есте қаларлықтай етіп өткізгілері келеді. Қалтасы қалыңдар мұхит асып, Мальдив аралдарына барса, сіз бен біз сияқты адамдар ел ішінде саяхаттағанға мәз болады. Ал ауыл балалары бассейнге шомылып, көлге барғанды місе тұтады. Бірақ бассейнге шомылудың өзі бүгінде бір проблемаға айналып отыр…
Ауыл балалары мен жасөспірімдер үшін аптап ыстықта суға түсу – бір қуаныш. Ересек біздің өзіміз тынығу десе алдымызға жан салмаймыз. Ала дорбамызды асынып, үйдегі балаларды ертіп, демалыс орындарына баруға қашан да дайын тұрамыз. Бірақ бүгінде тиыннан теңге құраған тұрғындар үшін тынығудың құны – отыз мың теңгеден асып жығылады. Тіпті одан да көп... Өйткені, қазір бәрі қымбат. Сауықтыру кешендері, тынығу алаңдары мен бассейндерге кіру құны – екі мың теңгеден басталады. Бұл – ересектерге арналған баға. Ал 7 жасқа толмаған балалардың өзі – кемінде мың теңгемен кіреді. Бұған балалардың суға жүзуге арналған жабдықтарын қосыңыз. Одан бөлек, сол жерден сатып алатын түрлі сусындар мен тағамдарды да есептеңіз. Иә, иә, шалыс оқыған жоқсыз. ҚР Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау министрлігі биылдан бастап тынығу орындарына демалушылардың өзімен бірге тамақ алып келулеріне рұқсат берді. Бұл туралы арнайы заң да қабылданып үлгерді. Алайда, аталған заңға құлақ асып жатқандар шамалы. Тіпті көптеген кәсіп иелері бассейндер мен сауықтыру алаңдарына тағам түрлерін кіргізбек түгілі, бәрін қымбаттатып жіберген. Шіліңгір шілде болмай жатып-ақ қазірдің өзінде суға түсу маусымы басталып кетті. Соның өзінде тұтынушылардың құқығы тапталып жатқанға ұқсайды. Осы күнге дейін де редакциямызға тұрғындар тарапынан қаншама арыз-шағым келіп түсті. Ал біздің міндет – бұқараның базынасын тыңдау.
Бүгінде ауданда айналдырған үш-ақ бассейн бар. Соның өзінде демалушылардың саны жетіп артылады. Бірақ көпшілік жұрттың бүгінгі тынығу орталықтарына көңілі толмайтыны рас. Бірі бассейндердің хәліне, тазалығына наразы болса, енді бірі мекеме қызметкерлерінің тұтынушыларға тамақ алып кіргізбейтінін айтып қынжылуда. Иә, бассейннің бәрін керемет деуге болмайды. Салқындап суға түсетіндерге аса сақ болу керек. Себебі мөп-мөлдір болып көрінетін судың өзі де қауіп тудырады. Тіпті кейбір орындар су лас болса да адамдарды қабылдай беретін көрінеді. Ал мұның барлығы түрлі денедегі жаралардың пайда болуына алып келеді. Әрбір әзілдің астарында бір шындық бар емес пе? Қазір суды жақсы көретін кез келген баладан сұрасаңыз, оны жатқа айтып береді. Яғни, бүгінгі бассейнге қанша су құйылса, одан екі есе көп су шығады дейді. Ал суды күн сайын тазартып отыруға – сол орталықтағы мамандар жауапты.
Халықтың үніне құлақ асуға болады. Себебі шиеліліктердің басқа демалатын жері жоқ. Ал аталған тынығу алаңдары тұрғындардың теңгесін қалтадан шытырлатып алатыны өтірік емес. Мұндағы бағалар екі есе қымбат. Ал жергілікті жұртшылық оны амалсыздан сатып алуға мәжбүр. Өйткені сырттан келген тамақ ішке кіргізілмейді. Тек сол жерден сатып алуға болады. Тұрғындар осылай дейді. Біз де бұл ақпараттың анық-қанығына көз жеткізу үшін аталған басейндердің барлығына хабарласып, мән-жайды өздерінен сұрап білдік. Алғашқылардың бірі болып тұтқаны көтерген – «Бастау» сауықтыру кешеніндегі орталықтың мамандары. Мұндағы қызметкерлер былай дейді:
«Иә, қазір тұтынушылардың сырттан тамақ алып келулеріне рұқсат. Біз де бұған қарсы емеспіз. Бірақ тұрғындар сырттан әкелген тауарларының түбіртегін көрсетуі шарт. Біздегі заң солай. Ал бассейннің тазалығына келер болсақ, суды күн сайын тазартып отырамыз. Ол жағынан алаңдамауға болады», – дейді әңгімесін қысқа қайырған орталық қызметкері.
Иә, «Бастаудың» басын ашып алдық. Сөйттік те келесі тынығу алаңының жайын білу үшін әлеуметтік желіде көрсетілген нөмірге хабарластық. «Океан» тынығу орталығына хабарласып көріп едік, қоңырауымызға ешбірі жауап бермеді. Тұтқаны көтермеген соң, әлеуметтік желідегі парақшаларына жаздық. Ал олар біздің қойған сауалдарымызға дұрыс жауап бермек түгілі, сұрақтардың бәріне мысқылмен тіл қатты. Өзіміз күлкіге айналғандай күй кештік. Олар да бассейнге тамақ алып келуге болады, бірақ отыратын тапшандарға бір сағатқа мың теңге төлейсіздер деп айды аспанға бір-ақ шығарды. Бұл жауаптан халықтың қалтасына екі нұсқаның да оңай тимейтінін түсінуге болады. Демек, көп балалы отбасыларға немесе топтасып баратын демалушыларға қарапайым аудандағы бассейннің өзі арман. Халықтың қалтасына салмақ бола беретін болса, ауыл балалары амалсыздан көл жағалап кетеді. Ал кішкентайларымыз қараусыз қалған көлге түссе арғы не болатыны сіз бен бізге мәлім.
