Kyzylorda-news.kz. Технология мен техниканың қарқынды дамыған мына заманда алған білімін қолданысқа енгізе алатын, жаңашыл ойланып, ел өркендеуіне өз үлесін қоса алатын сауатты азаматтар қажет. Тек сауатты болып қана қоймай, жаңа технологияларды жетік меңгеруі аса маңызды. 

Осы орайда, Шиелі ауданының білім саласында жаңа технологияларды меңгеруде бірқатар ілгерілеу мен қолдау бар. Олай дейтін себебіміз, Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатов қараша айының орта шенінде Германияда өтетін «WRO-2022» халықаралық робототехника сайысына жолдама жеңіп алған Нұрмұхамед Оразбекті қабылдап, алдағы сайыста жеңіспен оралуына тілектес екендігін жеткізді.

«ХХІ ғасыр - технократтардың заманы. Бұл ретте робототехника мамандарының алар орыны ұшан теңіз. Бүгінде экономикамыздың бір шеті технологияға байланғандықтан, елімізде жас өнертапқыштардың бұл салаға ден қойып жатқаны қуантарлық жағдай. Өзіңдей жас өреннің Республикадағы алдыңғы қатарлы білім ордаларының бірі «Назарбаев зияткерлік мектебінде» оқи жүріп, Германияда өтетін халықаралық робототехника сайысына жолдама алуың ауданымыз үшін үлкен мақтаныш. Алдағы сайыста мерейің үстем болып, мәртебең биік, ел абыройын асқақтатып оралуыңа тілектеспін»,– деді аудан әкімі.

Айта кетейік, Нұрмұхамед Оразбек «Назарбаев зияткерлік мектебінде» 12 сыныпта оқиды. Бұған дейінде бірнеше мәрте Республикалық деңгейдегі робототехника сайыстарына қатысып, жүлделі болған. 
 

Тағы да оқыңыз: