Kyzylorda-news.kz. Шиелі ауданының теміржол вокзалында тұрақтаған пойыздарға сабылып мініп, түсіп жатқан бір адам. Ал ­Ахмет аға екеуміз тапжылмай отырмыз. Себебі белгіленген уақыттан бір жарым сағат бұрын келіп алғанбыз.

Билетіміз – Шым қалаға. Шиелі қажылары қоғамдастығының төрағасы Оразбай Мысырхановтың ұйымдастыруымен көрші Өзбекстан еліндегі Ташкент пен Самарқанд қалаларындағы бабаларға зиярат жасамақшымыз. Ұзаққа жолды жиі жүрмейтін Ахмет Әбдуалиев екеуміз бір-бірімізден «Не алып шықтың?» деп қайта-қайта сұраймыз. Онымен қоса шекарадан бұрын өтіп жүрген кісілерге де қоңырау шалып «не алып өтуге болады, не болмайды?» деп сұрақтарды жаудырамыз.

Айнала қоюланып, қараңғы түсе бастады. Доңғалағы бар жол сөмкесін сүйреткен ақ жаулықты апалар мен қазақы нақыштағы тақия киген ақсақалдар келе бастады. Зиярат жасауға шыққандары алыстан-ақ байқалып тұр. Иығымызға сөмкемізді асынып, біз де жақындадық. Темір тұлпарға мінбей тұрып, танысып-білісіп жолға шықтық.

Күннің көзі көрінбей тұрып, Шымкент қаласының вокзалына түстік. Күтіп тұрған газельге мініп, шекараға жол тарттық. Шекарадан бұрын өтпеген кісілердің жүректерінде күмән әрі қорқыныш басым.

Осылай шекарадан асып, Өзбекстан елінен бір-ақ шықтық. Қазақстаннан жиырма метр жерде тұрғанымызбен, өзге елдің аты – өзге ел. Өзінің өгейлігін білдіріп тұр. Қалта телефонға «Өзбекстан республикасына қош келдіңіз!» деген хабарлама келсімен ұялы байланысымыздың аузы мен құлағы бітелді. Яғни интернет те, байланыс та үзілді. 

Шекарадан ары аяқ бастырмай Дильшад есімді азамат қарсы алды. Әзірленген екі «Жак» көлігін көрсетіп, барған 25-ді жайғастырып, Ташкентке бағыт алды. Көлікті алғандарына ай толмапты. Жаңа екені көрініп-ақ тұр. Ал мұздатқыштары болса, сырттың ыстығын сездірген жоқ.

Таңғы астан соң «Хазіретті имам» мешітіне, Төле бидің ұстазы мен Төле би бабаға барып зиярат еттік. Ташкенттің көрікті жерлерін терезеден тамашалап, Самарқандқа жолға шықтық. 4-5 сағат жолды терезеге телмірумен өткіздік. Көз жетпес жерге дейін егілген жеміс ағаштары таңдаңдырды. Туризмді қолға алған елдің тазалығы сүйсіндірді.

Діттеген жерімізге жетіп, Жалаңтөс Баһадүр, Имам Әл-Бұхари, Әмір Темір, Бибі ханым мешіттерін аралап, тарихтан тағылым алдық. Самарқандта бір түн өткізіп, елімізге қарай бет алдық. Түні бойы ұйықтамай, пойызда шай ішіп, көрген-түйгенімізбен бөлісіп, тарихтан шер тарқатқан қажылар осылай бір-бірімен қимай қоштасып, ұйымдастырушыларға алғысын айтып, тарқасты.

Тағы да оқыңыз: