Kyzylorda-news.kz. Ғасырларға ұласқан өркениеттер мен мәдениеттер тоғысын басынан өткерген қазақ жұрты талай зардапты шегіп, көптеген қиянат көрді. Бір ғана КСРО кезеңінде 70 жыл бойы орталықты астықпен, етпен қамтамасыз еткен мұқым ел түрлі сынақтардың алаңына айналды. Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Омарханұлы сынды ұлт руханиятының ұстынына айналған азаматтар дүниеге келген Семейдің ядролық бомбаны сынақтан өткізетін полигон болғаны айтқанымызға дәйек. Сол полигонның жабылып, күллі әлемнің назарына түскеніне тамыз айының 29 күні 32 жыл толады.
Неше жыл бойы жүрген сынақтың салдарынан дүниеге кемтар балалар келіп, ел ішінде түрлі ауру таралды. Мал екеш малдың өзі төлін құбыжық кейіпте туғанын естідік, білдік. Қасіретке тең сынақтың зардабынан Семей даласы қан құсып жатты. Ұрпағының болашағына алаңдаған жергілікті халық көршілес аймақтарға жеделдетіп көшті де. Сол көш әлі тоқтамады деуге болады. Семей полигонынан зардап шеккен, денсаулығынан айырылған бұқараның бүгінгі ұрпағының бойында сол күндердің үрейі, қорқынышы сейілмеген-ді. Елдің, тұрғындардың тағдыры көкпарға салынған мезетті көзбен көрген Мэлс Тоқтыбаев биыл 75 жасқа жетіп отыр.
Кейіпкеріміз туралы бізге дейін де бір кітапқа жүк боларлық дүние жазылғанын біліп, атақ-даңқы мен өмірдегі сүрлеуі ерекше тағдырмен өрілген жанды «Аңыз адам» деуге толықтай негіз бар. Мэлс Тоқтыбаев туралы бұған дейін айтылғандардан асыра айтып, жазылған дүниелерден асыра жазу қиын. Десек те, жазбай кетуге болмас. Сұрапыл соғыстың беті қайта бастаған тұста 1948 жылдың шілдесінде дүниеге келгенімен, соғыстан кейінгі ауыр жылдармен тұспа-тұс келген балалық шағы ерте есеюін күтіп тұрғандай еді. Еңбекке де ерте араласты. Оған әскери дәрігер-хирург, майор болған әкесі Әділбек Тоқтыбаевтың ерте өмірден өтуі де себеп болды. Әкесі қайтыс болғанда Мэлс Әділбекұлы үш айлық нәресте болатын. Аудандық тұтынушылар одағының үздік қызметкері болған анасы Ұлдан Махамбетқызы жалғыз тұяғы Мэлсті мәпелеп, аялап өсіреді. Мэлс сарбаз 1966 жылы аудан орталығындағы №46 А.С.Пушкин атындағы орыс мектебін тәмамдап шығады. Жасынан анасы Ұлданға көмекші, тіреу болуға тырысқан ол тездетіп мамандық алуға тырысып, Қызылорда қаласындағы бухгалтерлік курсты бітіріп, Шиелінің сауда мекемелерінде есепші болып жұмыс істейді. 1969-1971 жылдары әскер қатарына алынып, Семей ядролық сынақ полигонындағы құпиялы алаңдарда қызмет етеді. Үш жылда көресіні көреді. Атом бомбасын жарып, сынақтан өткізген аймақта жүріп-тұрудың өзі қиынның қиыны. Көнбеске шара жоқ. М.Тоқтыбаев әскер қатарынан босай салысымен Саратов қаласындағы «Серп и Молот» зауытында жұмысшы болып жүргенінде шешесі Ұлдан «Ол жақта жүріп, орыс қызына үйленіп кетерсің» деп, ауылдың қызы Ырсалдыға қосып, той жасап, бастарын екеу етіп жібереді. Зауытта жүріп, коммунистік партия қатарына қабылданады. Озат жұмысшы атанып жүрген Мэлс бір күнде нілдей бұзылып «Есің барда еліңді тап» дегендей, әрі абзал анасына жақындай түсіп, Жаңақорған аудандық астық қабылдау мекемесінде есепші-бухгалтер, аға экономист қызметтерін атқарады. Ол 1982 жылы Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технологиялық институтына сырттай оқуға түсіп, инженер-құрылысшы мамандығына ыңғайланып, Кентау қаласындағы эксковатор зауытына жұмысшы болып орналасады. 1986 жылдан 2011 жылға дейін Шиелі кентіндегі «Қазатомпромөнеркәсібі» АҚ-на қарасты «РУ-6» ЖШС түрлі қызметтер атқарады. 2011 жылы шілде айында М.Тоқтыбаев құрметті еңбек демалысы зейнетке шығады.
– Мен Семей ядролық сынақ полигоны аймағындағы Курчатов қаласында әскерде болдым. Бәрін көзбен көрдім, көре алмағанымды айналадан естідім. Зейнетке шыққаннан кейін сол сынаққа, одан туындаған зардаптарға қарсы қоғамдық бірлестікті ұзақ жыл басқардым. 1949 жылдың 29 тамызынан 1989 жылдың 19 қазанына дейін ¬Семей ядролық сынақ полигонында құпиялы алаңдарда 456 атом бомбалары, оның ішінде сутегі, термоядролық бомбалары сынақтан өткізілді. 40 жыл бойы жарылыс сынақ өткізу, әрине, аз уақыт емес. Кеңес үкіметінің қылышынан қаны тамып тұрған шақта Семей атом полигонының сынағын тоқтатуға белгілі ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов зор ықпал жасап, барынша атсалысты. Алматыда 1989 жылы 28 ақпанда көпшілік жиналған бейбіт шеру өтті. Қазақстанның ғалымдары мен дәрігерлері радиациялық сәулелердің зияны туралы ашық жазып, әңгіме қозғай бас¬тады. Семей ядролық сынақ полигонының зардабын адамның аузы барып айтудың өзі ауыр еді. АҚШ пен КСРО-ның әлемге билік жүргізу тайталасынан туындаған айдаһар орын болатын бұл. Алғашқы жарылыстан әуелі 400 мың адам радиация қабылдаса, кейінгі қуатты термоядролық, сутегі бомбалардан екі миллионнан астам жазықсыз қарапайым халық жапа шекті. Таралған радиацияның әсерінен адамдар түрлі жазылмас ауруларға ұшырап, ол тұқым қуалайтын дәрежеге жетеді. Бұл онсыз да мың өліп, мың тірілген қазақ елінің басынан кешкен қасіреттердің ең үлкені болды. 1945 жылы Жапониядағы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2500 есе көп. Ал 40 жылда бұл жерде не болмады? Міне, осы Қазақстандағы ядролық қаруды тоқтату үшін, елімізде тыныштық пен бейбітшілік орнату үшін, өз құқықтарымыз үшін күресу мақсатында дауылпаз ақын Олжас ағамыз құрған «Невада-Семей» қозғалысына мүше болдым. Оны қолдап, оған атсалысуға бел будым. Менің қоғамдық жұмысым осылай басталып кетті. Ауданда «Семей-Ақиқат-Шиелі» қоғамдық бірлестігін құрып, әлімізше жұмысын жүргізіп жатырмыз, – дейді ядролық сынақ аймағының солдаты Мэлс Тоқтыбаев.
«Аңыз адам» деп ат тағатындай атақтың не қажеті бар дерсіз? Мэлс атаққа мұқтаж емес, керісінше, атақ Мэлске тәуелді дер едік. Тағдырдың басына салған қатал сынағына сынбай, керісінше қасқая қарсы алып, еңсесін тіктеп, болашаққа жоспарлы түрде қадам басуының өзі ерлікке пара-пар қадам. Отызында білімімен орда бұзса, қайратымен қырқында қамал алып, елуінде ел ағасы, алпысында ақылшы ақсақал, жетпістің желкенін керген тұста елді аузына қаратқан шежіреші, кез келген ортада ойын анық, ашық айта алатын көсем бола білді.
Өмірде екі жағдайда шатасуға болмайды дейді. Бірі – мамандық таңдауда, екіншісі – өмірлік жар таңдауда. Осы екі таңдауда да Мэлс Тоқтыбаевтың жолы болды. Мамандығы өміріне азық болса, сүйген жары Ырсалды өмірлік темірқазығы бола білді. Өмірдің ыстығын да, суығын да тең бөлісіп, адалдықты ту етіп, айрандай ұйыған отбасының бірлігін бекем қолына алған асыл жары Ырсалды апамызға деген Мэлстің көңілі де ерекше еді. Адал махаббат пен сыйластықтан құрылған отбасында 2 ұл, 2 қыз өмірге келді. Аталары Мэлстің батасын алған немере-жиендері де өсіп келеді.
Оның омырауындағы «Қазақстан ядролық қарусыз әлем үшін», «Қазатомөнеркәсібі ҰАҚ» АҚ құрылғанына 10 жыл», «Қызылорда қаласына – 190 жыл», Халықаралық «Невада-Семей антиядролық қозғалысының 25 жылдығы» мерекелік медалдары халқына жасаған еңбектерін айқындап тұрғандай. Сондай-ақ, М.Тоқтыбаев аудан, облыс әкімдерінің Алғыс хаттарымен, Кеңестер одағының батыры Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналған «Отанын қорғаушыға» құрмет белгісімен, «Қорған-Қазатомпром» ЖШС «Құрмет грамоталарымен», облыстық «Невада-Семей» қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамоталарымен, қозғалыстың 20 жылдығына Құрмет грамотасымен марапатталады.
Осындай толассыз марапаттарды көріп, ерлік ешқашан өшпейтініне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Себебі қаһармандарға тік тұрып, құрмет көрсету болашақтың да парызы.