Kyzylorda-news.kz Қазақта «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деген тәмсіл бар. Сонау ашаршылық жылдарына қайта үңілсек, басқа өңірге қарағанда сырбойылық жұртшылық зұлматтың теперішін көп көре қоймағандай. Өзге аймақ аштықтан қиналып жатқанда, дарияны жағалай мекендеген бір қауым ел балық аулап, күнін көрген еді. Балықта береке барын түсінген халық бұл кәсіптің келбетін ертеден танып, тізгінін ұстады. Судан сүзілген Сыр байлығы осылайша теңіз іргесіндегі елдің тіршілігін тәп-тәуір түлетіп-ақ тастады. Өңір тұрғындарының балық шаруашылығына деген ықыласы әлі де болса сейіле қойған жоқ. Атакәсіптің көзін тапқан кәсіпкерлер бүгінде бұл істі одан әрі жандандырып, алдына межелі мақсат қойып отыр. Десе де, дария бойын мекендеген халықтың балық шаруашылығына бетбұрысы мезгілінен кеш келгені өкінтеді. Сырын ұққанға, балықтан бір емес бірнеше пайда бар. Ал су сипатына қаныққандар мұны қаншалықты қолға алып үлгерді? Балық өндірісін қанан дамытамыз?

Иісі қазақтың қандай шаруаны болсын дөңгелетіп алып кететініні жасырын емес. Сол тізімдегі балық шаруашылығы да өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарына дейінгі кезеңде қарқынды дамыды. Мәселен, 1991 жылы елімізде балық аулау мен балық өнімдері өндірісінің жалпы көлемі 80 мың тоннадан асқан. Оның ішінде тоғандық балық аулау 10 мың тоннаға жуықтаған. Барлық облыста балық зауыттары мен комбинаттары тиімді жұмыс істегенін дереккөздерден байқаймыз. Оның үстіне Кеңес одағындағы республикалардың үшеуінде ғана Балық шаруашылығы министрлігі болса, соның бірі біздің елде еді. Өкінішке қарай, еліміз нарықтық жүйеге бет түзеген кезеңде балық шаруашылығы құлдырауға ұшырады. Мемлекет бұл саланы дамытуға бағытталған іс-шараларды тек 2000 жылдардың басынан бастап қолға алды.

2005-2010 жылдары Қырғызстан мемлекетінде, әсіресе тоғандық балық шаруашылығы қарқынды дамыды. Шаруашылықты қолға алғандардың қатарында, тіпті есік алдынан арнайы тоған жасап, балықты сонда асырағандар табылды. Ал бұл кәсіп бізге, әуелі, Шымкент өңіріне 2015-2018 жылдары ғана келе бастап еді. Бүгінгі таңда мұнда тоғандық балық шаруашылығы қарқын алған. Кезең-кезеңімен дамып та келеді. Жергілікті шаруалар тонна-тонна балықты есік алдындағы тоғандарда өсіріп-ақ пайда тауып отыр.

Иә, елдің экспорттық бағытын қалыптастыруда балық шаруашылығының алатын орны орасан. Балықшылардан бөлек қарапайым саудагерлердің өзі бір-екі келі балық сатып, қалтасын бір-ақ күнде қампайтып алады. Себебі де белгілі, кез келген жерде балыққа деген сұраныс жоғары.
Ал енді өзіміздің Сыр өңіріне ойыссақ. Жасыратыны жоқ, кәсіптің бұл түрі бізде әлі өріс ала қойған жоқ. Дегенмен, соңғы жылдары балық шаруашылығын тізгіндеп, осы бағытта нәтижелі жұмыс атқарып келе жатқан жандардың қарасы көбейген. Бүгінде Шиелі ауданында иесі бар 30 көл, 2 тоған бар. Мұнда карп, сазан, амур, толстолоб сияқты негізгі балық түрлері өсіріледі.
Өңірдегі балық шаруашылығының қазіргі қарқынын бағамдау мақсатында жергілікті кәсіпкерлермен сұхбат құрып көрдік.

Шиелілік Асқар Жолшыұлы балық өсіріп, оны кәсіпке айналдыру мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 23 млн 250 мың теңге көлемінде жеңілдетілген несие алған. Қазір Бидайкөл ауылдық округі территориясына кіретін Қырыққұмалақ көлінде 35 мың шабақ өсіріп отыр. Көл жағасындағы қарқынды тірліктер биылғы сәуір айынан басталған. Соған қарамастан, шаруашылық 2 адамды жұмыспен қамтып, ілкімді істің басын қайырып үлгерді.
Кәсіпкер сазан, карп, беламур, ақбалық шабақтарын Алматы облысының Байсерке ауылынан сатып алған. Айтуынша, шабақтардың 1 данасының құны – 85 теңге. Алдағы уақытта оларды жем беріп өсіру арқылы қажет салмақ жинаған соң, облыс көлемінде нарыққа шығаруды көздеп отыр. Әңгіме барысында шабақтарға тиісінше жағдай жасап, салмақ жинау үшін күтімін ұйымдастыру әжептеуір еңбекті талап ететінін байқадық.

– Әрине, шабақтар биылға өнім беріп, пайда әкеледі деп айта алмаймын. Өйткені балық өсіру ұзақ уақыт пен үлкен еңбекті қажет етеді. Өзіміз де асықпаймыз. Қазіргі мақсатымыз – шабақтардың салмағын 1 кг 300 г-ға жеткізу. Бұл мөлшер оларды сатуға мүмкіндік береді, яғни өнімнің тауарлы көрінісі пайда болады.

Ал шабақтарды тез өсіру үшін оларға химиялық препараттар берудің қажеті жоқ. Себебі бұдан соң балықта дәм болмайды. Сыр бойы халқы сөзсіз балықтың дәмін біледі ғой, – деді Асқар Кемелов.

Білуімізше, шабақтардың жеміне де аса мән беру қажет. А.Жолшыұлы олар әлі шабақ болғандықтан, жемге қосымша қоспа беру керек екенін атап өтті. Мәселен, балықтың лақа, шортан секілді түрлері жыртқыш балықтар санатына жататындықтан, олар кез келген жемді қорек ете береді. Ал шабақтарды қоректендіру мәселесі атүсті қарайтын нәрсе емес. Сондықтан балықшылар олардың жемін арнайы әзірлейді.

Аталған шаруашылық иелері балықтарға берілетін жемді Қостанай өңірінен сатып алған. 25 тоннасының құны 4 млн 200 мың теңгені құрапты. Ал қосымша қоспа Шымкенттен жеткізілген. Алеракома деп аталатын өнімнің шыққан жері – Түркия мемлекеті. 1 келісінің бағасы 1 100 теңгеден сатылатын көрінеді.

Балықтарға арналған жем негізінен Қостанайда, Алматы облысының Қапшағай қаласында дайындалады екен. Балық шаруашылығынан табыс көруді көздегендер қаражатының көп бөлігі де су байлығының қорегіне жұмсалатыны анық. «Құрама жем өндірісін неге өз өңірімізде де қолға алмасқа?» деген сұрақ туады осы тұста.

Шиелі ауданында 30 көл иесі барын жоғарыда атап өттік. Бұл балық шаруашылығымен айналысатындардың аз емес екенін көрсетіп отыр.

Мәселен, бүгінгі таңда балық шаруашылығын дамыту бағытында Бәйгеқұм ауылдық округінде жаңадан тоған шаруашылығымен «Әбдіғаниев» шаруа қожалығы айналысуда. Төрағасы – Мұрат Сақтағанов. Шаруашылық қазір толыққанды іске қосылды.

Бұдан бөлек аталған кәсіпті жолға қойған Бақытжан Анафияев үй ауласынан жасанды шағын көл жасап, 10-нан аса балық түрін сонда өсіріп отыр. Жасанды көлде амур, бекіре, сазан, толстолоб, карась, карп, судак сияқты балық түрлері бар.

Осы секілді аудандағы шаруашылықтардың әрқайсысы жыл сайын өзге облыстардан тонна-тонна жем сатып алып келеді. Сондықтан құрама жем өңдеу зауытын ашу – кезек күттірмейтін мәселе. Бұл аудандағы тиісті бөлімдердің, сала мамандарының бас қатыратын басты мәселесі әрі тікелей жұмысы болса керек. Егер жүйелі жоспар құрылып, бұл істі қолында әлеуеті бар шаруашылықтарға ұсынса, нәтиженің де болары анық. Расында, жем өндірісінен пайда түсер болса, кәсіпкерлер де қарап қалмайды емес пе?

Ендігі кезекте балық шаруашылығына 2000 жылдардың басында-ақ бет бұрып, бүгінде кәсібі өрге домалап отырған «Сүйіндік» шаруа қожалығы жөнінде әңгіме өрбітелік. Нартайлық Сүйіндік Аманжолов – бүгінде зейнет жасындағы ақсақал. Зейнетке шыққанға дейін жергілікті мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ берген. Кейін қолы қалт еткен шақта өзгеге алақан жаюды жат көріп, балаларымен, немерелерімен бірге балық шаруашылығымен айналысуға кіріскен. Әлі де болса өз ісіне мығым, кәсібіне үлкен жауаптылық танытады.

Сүйіндік ақсақал тынымсыз еңбегінің арқасында БҰҰ-ның «Шалғайдағы елді мекендерді дамыту және балық шаруашылығының» арнайы қайтарымсыз грантына ие болған. Бүгінде оның кәсіпке қажет барлық құрал-жабдығы жеткілікті. Ал шаруа қожалық аудан тұрғындарын балықпен жүйелі түрде қамтамасыз етіп отыр.
 

– 2014 жылы суды және энергияны тиімді пайдалану мақсатында арнайы жобаны іске асырдық. Бұл – 10 млн-ға дейін шабақ шығаратын аппарат, 3 кВт энергия күш беретін күн панелі және су жылытатын коллектор. Қазіргі таңда уылдырықтан шығарған шабақтарды өзіміз сияқты табиғат пайдаланушы көл иелеріне тиімді бағада таратып береміз. Қалғанын көлге жіберіп, одан әрі балықтандырамыз.
Облыстың көптеген азаматы жұмысымызбен танысып, тәжірибе жинап кетіп жүр бүгінде. Расында, Табиғат-Ананың төсінде еңбек етіп жатқан соң, су мен жерді аялап ұстағанымыз жөн, – дейді балықшы.
 

«Сүйіндік» шаруа қожалығының қызметі үлкен сұраныстың үстінде. Жұмысшылар арнайы инкубатор аппаратымен балық шабақтарын көбейтіп, ауданның балық шаруашылығының дамуына үлес қосып жүр. Керек етсеңіз, сізге уылдырықтан шабақ өсіріп береді.
Балықшылардың көл басындағы қызу тірлігі мамыр айынан басталып кеткен. Қазіргі таңда 2 млн сазан балығының личинкасын (дернәсіл) тоғанға салу жұмыстары жүргізілді. Сүйіндік Аманжоловтың сөзінше, суға секірген тырнақтай ғана шабақтардың өлшемі күзге дейін бармақтай болады. Ал қыркүйек, қазан айында оларды сатуға шығарады екен. Сондай қарқында кәсіпкер былтыр 320 мың балықты саудалаған. Шиелінің берекелі балығын Қызылорда, Түркістан, Шымкент қаласынан келіп, сатып алатындар да бар. Сондай-ақ 30-ға жуық көл иесі аталған шаруа қожалықтың өніміне сұраныспен келген.

Отбасылық кәсіпке айналған балық шаруашылығы кезең-кезеңімен қарқын алып келеді. Бүгінде «Сүйіндік» шаруа қожалығымен 20 шақты көл иесі келісім жасаған. Алайда қағаз жүзінде келісімшартқа отырғандардың қарасы аз. Осы сәтте аудандағы басқа көлдерге балықтың қайдан келіп жатқаны ойлантады. Өңір балықшылары өздеріне алған міндеттемені тиісті деңгейде орындап жатыр ма? Сол ойға салады бізді...
 

Балық шаруашылығы турасында тереңнен талқылап жатқан соң, тағы бір мәселенің басын қайырғанды жөн көрдік. Күзгі орақ бітіп, егінжайды жинағаннан кейін жергілікті тұрғындар күріш алқабы мен оның маңына жақын орналасқан көлдерге жиналады. Ондағы мақсат – қараусыз қалған балықтарды аулап, азық ету. Әрине, нәпақа тауып, қажетіне жаратқанға өкпе жоқ. Алайда балықтардың басым бөлігі аң-құсқа жем болып жатады. Себебі егін науқаны аяқталған мезетте шабақтардың көбі далада қалады. Сөзімізді жергілікті егіншілер де растайды.


– Шыны керек, көктем мезгілінде күріштік алқапқа көзге көріне қоймайтын көлемде кірген балықтың уылдырығы күз келгенше шабаққа айналады. Тіпті 10-15 см-ге дейін өседі. Сол шабақтар күздің күні қырылып қалады. Дегенмен, оларды құтқару мақсатында жүргізіліп жатқан шаралар аз емес. Шабақтарды су айдындарына жіберу арқылы су маржандарының жойылып кету қаупін азайтамыз. Бұған міндет емес, адамзаттың бір борышы ретінде қараған жөн болар. Себебі шабақ та – табиғат байлығының бірі, – дейді олар.
 

Расында, егінді суғару мақсатында гектар-гектар жерге аяқ су апарған кезде арық, канал, қашыртқыларда шабақтар қалып қояды. Әрине, бұл үшін шаруашылықтарды кінәлай алмаймыз. Өйткені балық уылдырығы егістікке кіргеннен кейін ғана өсіп, сол жердегіні қорек етіп, шабаққа айналады. Ал сол шабақтарды қалай пайдаға жаратуға болатынын ойлап көрдік пе?

Күнделікті тіршілікте тұтынып жүрген майшабақ консервілері, балық паштеттері немесе қазір кез келген дүкеннен табылатын кептірілген майда балықтардың қайда өндірілетініне назар аударып көрдіңіз бе? Бұл өнімдер біз әлгінде ғана атап өткен күріш алқабында күз келсе қырылып қалатын шабақтардан жасалған. Дүкендегі орташа бағасы – 500 теңге. Көзге түскен консервідегі балықтардың басым бөлігі Орал өңірінде дайындалса, қалтадағы кептірілген балықтар Алматы облысынан шығарылады екен.

Осы тұста ортаға салар орынды ойдың тағы бірі туады. Консервідегі балықтар өндірісін қолға алсақ, нұр үстіне нұр емес пе? Балық шабақтары өз кезегінде өзіміз жеп жүрген «кильки», жараса паштет бола алады. Кептірілген балықтарға да сұраныс жоғары, тіпті қазір балық ұны деген де бар.
Балық өндірісін жолға қойып, оны жетілдіру мақсатында Сыр өңірінде де шағын фабрикалар мен цехтардың жұмысын жүргізуге болады. Жауапты сала мамандары, аталған істің жүзеге асуына неге жағдай жасамасқа? Бұл аудан экономикасының өріс алуына да үлкен септігін тигізер еді.

Қорытындылайтын болсақ, бүгінгі таңда балық шаруашылығын жан-жақты дамытуға біздің өңірдің де толық мүмкіндігі бар. Оның үстіне бұл істі қолға алған кәсіпкерлердің қарасы күн санап көбеюде. Тәуекелге бел буған жандарға тек қолдау көрсетіп, тиісінше жағдай жасау керек.
Қазір табыс арттыру үшін тек малға қарап қалған заман емес. Балықтан да табыс бар. Бұл үшін тәуекел де керек.

 

Таслима ТЕМІРБЕКҚЫЗЫ

 

Фото: mail.kz/kz/news/kz

Тағы да оқыңыз: