Kyzylorda-news.kz. Жаз – жайлылықтың маусымы. Бұл мезгілді бірінші болып ересектерден бұрын балалардың асыға күтетіні белгілі. Өйткені тағы бір жылды артқа тастап, тоғыз ай бойы мектепте оқып, жазғы демалысқа жеткен оқушылардың басым бөлігі тынығу лагерлеріне барады. Бұл – жыл сайынғы үрдіс. Ал дәл қазіргі уақытта Шиелілік 18 мың бала түрлі жазғы лагерлерге барып, денсаулықтарын нығайтып, шығармашылықтарын шыңдауда.
Тынығу лагері – барлық баланың толыққанды демалып, жаңа оқу жылына ерекше серпінмен баруына жағдай жасайды. Бұрынырақта тек көп балалы отбасынан шыққан, тұрмысы төмен немесе жартылай жетім балалардың ғана жазғы лагерлерде тынығуына мүмкіндігі болатын. Мемлекет те көбінесе қаражатты осындай санаттағы оқушылардың игілігі үшін жұмсайтын. Сондай-ақ балалардың көңілін көтеруге арналған көптеген ойын-сауықтар да аз болатын. Ал қазір ше? Қазір – демалыста да, тынығу орындарында да жаңашылдық бар. Бұл ақпаратты Шиелі аудандық білім бөлімінің мамандары хабарлады. Олардың айтуынша, биыл жазғы лагерьге барған әрбір оқушының шығармашылық қабілетін арттырып, денсаулықтарын жақсартуына басымдық берілген. Білім бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, осы жылы демалып және түрлі қалаларға жолдамамен барып саяхаттап жатқан балалардың саны былтырғыдан көп. Олардың қатарында түрлі конкурс жүлдегерлері, үздік оқушылар мен көпбалалы және тұрмысы төмен отбасынан шыққан балалар бар. Нақтырақ айтар болсақ, қазіргі уақытта 18 мың баланың ішінде ауыл мен кент әкімдерінің ұйымдастыруымен 130 оқушы демалуда. Оған қоса ата-аналардың есебінен 100 бала, мәслихат депутаттары есебінен 50, түрлі мекемелер мен салалық кәсіподақтардың тарапынан 250, басқа да ұйымдардан 303, сондай-ақ жалпы 833 оқушы жазғы кезеңде тынғып жатыр. Оған қоса 3788 бала мектеп жанынан ашылған 38 лагерьде жазғы демалыстарын ойдағыдай өткізді. Дегенмен, аталған демалдыру орындарында балаларды тамақтандыру жоспарланбаған. Ал 910 оқушы 11 мектепте жазғы лагерьге барып, бір мезгіл тамақтанды.
Жоғарыда атап өткендей, белсенді оқушылар да бірнеше жылдан бері оқу жылы аяқталған соң, көптеген демалыс орындарына баруға мүмкіндік алған. Бүгінде спорттық сауықтыру шараларына 100 бала баруда. Ал дебаттық лагерьде 80 бала өз уақыттарын тиімді пайдалануда. Аты айтып тұрғандай, мұндай лагерьде үздік деп танылған оқушылар ғана демала алады. Еңбек тынығу лагерінде де көрсеткіш жаман емес. Биыл аталған демалыс орнында 1309 шәкірт тынығып жатыр. Қазіргі таңда демалушылардың жалпы саны – 8147 балаға жетіп отыр.
Ал жазғы лагерьге бара алмағандар өз уақыттарын тиімді пайдалану үшін топтық жұмыстар мен түрлі экскурсияларға және көркейту-көгалдандыру топтарына, мектеп жанындағы ауылдық клубтарға барып жүр. Яғни, 6776 бала аталған жұмыстарға жұмылдырылып, тиімді уақыт өткізіп жатыр. Одан бөлек аудандық Оқушылар үйінде «3D-модельдеу», «Робототехника» және цифрлық зертханада арнайы «Жайдарлы жаз – 2023» атты бағдарламалар бойынша мыңға жуық оқушыны қамтитын үйірмелер жұмыс істеуде.
Барлық баланың ойдағыдай демалуына жағдай жасап жүрген «Сыр ұлан» тынығу лагерінде де биыл оқушылар жетерлік. Ол үшін жергілікті бюджеттен 15 341,0 мың теңге қаражат бөлінген болатын. Ал сол мекемеде тынығып жүрген балалар, «Сыр ұланы» лагерінде айтарлықтай өзгерістің бар екенін айтып отыр. Мәселен олар бұрынғыға қарағанда демалыстың ұйымдастырылуы, тағам түрлері, ойындар мен іс-шаралардың ерекшеленгеніне дән риза.
Осы тұста көршілес жатқан Жаңақорған кентінде де Шиелілік оқушылардың ойдағыдай тынығып жатқанын да айтпай кетуге болмас. «Тау самалы» лагері жыл сайын аудан тұрғындарының керемет демалуына себепкер болып жүр. Биыл аталған демалыс кешенінде Шиелі ауданынан 147 бала демалуға мүмкіндік алған. Ал білім бөлімінің ұйымдастыруымен 2100 балаға маусым соңына дейін тарихи, өлкетанымдық мұражайларға барып, көрікті жерлерді аралату жоспарланған.
Иә, «Бәрін айт та бірі айт, тынығудың жырын айт» демекші, жаз маусымындағы лагерьлердің қысқаша ақпары осы. Маңыздысы – қанша баланың демалғанында емес екені белгілі. Ең керегі – жазғы демалысқа асыға жеткен әрбір баланың есте қаларлықтай уақыт өткізіп, керемет демалғаны. Қуанышымызға орай, бірнеше жылдан бері жазғы лагерьлерде жаңашылдық орнап, балалардың шығармашылығын дамытуға, өздерін жаңа қырынан көрсетулеріне жағдай жасалған. Олардың да аңсап күткені осы емес пе? Ендеше, біз де жаңа оқу жылына қадам басқалы отырған әрбір балақайға көтеріңкі көңіл-үй мен жайлы демалыс тілейміз!