Kyzylorda-news.kz Статистикалық деректерге қарасақ, өткен жылдары Қазақстанда жұмыссыз азаматтардың саны біршама төмендеген. Мәселен, 2022 жылдың IV тоқсанында республика бойынша олардың саны 456,1 мыңнан астам болса, өткен жылдың басында 453,5 мың адамды құраған. Ал IV тоқсанда 445,9 мың адамға жетеді. Бұдан байқағанымыз, жұмыссыздық саны айтарлықтай төмендейді. 

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, жұмыссыздар саны 1,52 пайызға, яғни 6,8 мың адамға өсіп, 452,7 мың адамға жеткен. Дегенмен бұл көрсеткіш әртүрлі жағдайларға байланысты айтарлықтай ерекшеленеді. Мысалы, ауылға қарағанда қалаларда жұмыссыздар көп. Ауылда 170 мың адам екі қолға бір күрек таппай жүрсе, ал қалада 283 мың тұрғын өз мәселесін шеше алмауда. Сондай-ақ нақты жұмыссыздық деңгейі де әртүрлі. Әйелдер арасында ол 5,2 пайызды, ерлер арасында 4,2 пайызды құрады. Жалпы жұмыссыздық деңгейі өткен жылы өзгеріссіз болып, 4,7 пайыз деңгейінде қалды.

АУДАНДАҒЫ АХУАЛ ҚАНДАЙ ДЕҢГЕЙДЕ?

Қазір Шиелі ауданында жастардың жұмыссыздық деңгейі 4,0 пайызды құрап отыр. Бүгінде өңірде 14-35 аралығында жастар саны – 25 442 болса, олар халықтың 30,2 пайызын құрайды. Биыл мансап орталығына 2 144 жас азамат мемлекеттік қолдау шараларымен, оның ішінде 847 азамат тұрақты жұмыспен және 1 297 жас азамат жұмыспен қамтудың мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды. Еңбек биржасының базасында 63 жұмыссыз жас азамат түрлі мамандықтар бойынша онлайн түрде оқытылып, сертификаттар алды. Жастар практикасына 365 азаматты жолдау жоспарланып, 609 азамат уақытша негізде жұмысқа жолданды. Аталған орталықтың еңбек ресурстарын мониторингілеу, болжау, оқыту және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау бөлімінің бөлімше басшысы Мейіржан Байсұновтың пікірінше, жастардың жұмысқа орналасу кезіндегі басты бір мәселесі – жұмыс өтілінің болмауы.

 – Әуелі жұмыс беруші жұмыс сұрап келгендердің түйіндемесін қараған кезде оның жұмыс өтілінің бар-жоқтығына аса мән береді. Оның талабы да орынды. Бәсекелестік ортаны қалыптастыру басты принциптерінің бірі болып есептелетін нарық заманында қай кәсіпорынның басшысыда тәжірибесі бар мамандармен жұмыс істегенді құп көреді. Үкімет осы олқылықтың орнын толтыру үшін жастарға арнайы «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» жобаларын жүзеге асырды. Аталған жобалар жоғары оқу орындары және колледж түлектеріне алған мамандығы бойынша бастапқы тәжірибеден өтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жастарға арналған шағын несие, кәсіптік оқытулар да бар. Десек те қазіргі таңда оқу орнын бітірген бойда өз мамандығымен жұмыс істеп жүрген жастарды аз кездестіреміз. Олардың көбі «бізден тәжірибе сұрайды әрі жұмыссыздарға ұсынған жалақы өте аз» деген уәждерін айтады. Дегенмен «ас піс, аузыма түс» дейтін жастарды айта кеткен жөн. Арнайы тәжірибеден өтіп, білікті маман болудың орнына бірден басшылыққа отырғысы келетіндер де жасырын емес, – дейді маман.

ЖАЛАҚЫНЫҢ АЗДЫҒЫ ЖАНҒА БАТАДЫ

Қоғамдық орындарда бейтаныс немесе таныс адамдармен әңгіме жалғар болсаңыз «қайда жұмыс істеп жүрсің», болмаса «қанша айлық аласыз?» дегенді көп еститін боларсыз. Ойлап қарасақ, бұл сауал ерсі секілді. Алайда бұл сұрақты қою адамдарға үйреншікті нәрсе. Шындығында, бүгінгі адамдардың басым бөлігі рухани құндылыққа емес, тұрмыстық тірлікке байланғандай. Жарайды, жалақасын біліп алдыңыз. Бұдан не өзгереді? Бүгінгі жастар жұмысқа тез кіріп кетіп, жылдам байып кетуді ойлайды. Жасыратыны жоқ, олар жүз мың теңге айлықты азсынады. Көбі жалақысы кемі 300 мың теңгеден асатын жұмысқа орналасқысы келеді. Кейде жастардың «жұмыссыз жүрмін, таба алмай әлекпін», «оқыған мамандығымен жұмыс істегім келмейді» деген сөздері ақылға қонбайды. Төрт жыл бойғы білімді растайтын құжат қайда кетті? Құнсыз болғаны ма? Тиісінше бір мамандықты алып, мансабы жоғары қызметте еңбек етіп жүрген азаматтар жетерлік. Сарғайған дипломды құшақтап алып, әуре-сарсаңға түсіп, жұмыссыз адам қатарынан көрініп жүрген жастың өкініші де көп-ақ. Тіпті, құжаттың пайдаға аспайтынын білгендер, бірі кәсіпкерлікке бет бұрса, енді бірі түрлі қалаларға барып жұмыс іздеп көреді. Сонымен мәселенің мәні неде? Бұдан бөлек, бізде барлығын ҰБТ-мен байланыстырып қояды. Бұл жаңсақ түсінік. Құдды бір сол тестпен бәрі шешіліп кететіндей. Түсе алмады ма, түсе алмады. Тестілеуден кейін де өмір жалғасады. Сондай-ақ табысқа жетудің тесттің кейбір сәттері маңызды болмай қалады. Әрбір жас мамандық таңдайтын кезде өзіне мына 3 сауалға қойып көрсінші. «Мен нені қалаймын?», «Қолымнан не келеді?», «Еңбек нарығына не қажет?». Міне, осы сұрақтарға дөп жауап бере алатын болса, онда өмірінің нақты бағытын айқындай алады. Тағы бір дерек, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жүргізген әлеуметтік зерттеудің нәтижесіне зер салсақ, онда жастардың басым көпшілігі, яғни 61,1 пайызы жұмысқа орналасуда кездесетін ең басты қиындық ретінде жұмыс тәжірибесінің жоқтығын атаған. Жастардың үштен бір бөлігі жоғары және арнаулы орта оқу орындарында алған мамандық бойынша жұмысқа орналасудың қиын екендігін жасырмайды. Жоғарыда айтылған себептерден бөлек, сарапшылар тағы да бірқатар мәселені атап өтті. Онда жастардың іскерлік қарым-қатынас орната алмауы, таныстықтың жоқтығы, еңбек нарығы мен жұмыс іздеу әдістері туралы ақпаратының аздығы көрсетілген. Ал кейбір жастардың пікірінше, жастардың жұмыссыз жүруіне айлық жалақының аздығы да әсер етеді екен. 

– Өзім қалаған мамандық бойынша, яғни журналистика саласын 4 жыл бойы меңгердім. Диплом алғаннан кейін Шиелі ауданындағы жүмыспен қамту орталығына барып, өтініш толтырдым. «Жастар практикасы» бойынша мені жұмысқа қабылдады. Жұмыс басында көңілімнен шықты, «біраз жұмыс істеймін», «тәжірибе алмасамын» деген құлшыныс болды. Бірақ бірден тұрақты жұмысқа орналасқым келді. Жүре келе айлық та көңілімнен шықпай қалды. Бір күні біраз ойландым да, бір айдан кейін жұмыстан шығып кеттім. Қазіргі таңда өз мамандығымнан алшақтап, басқа сала бойынша жұмыс істеймін. Бірақ әлі де журналистиканы сағынамын, – деді аудан тұрғыны Нұрай Қылышбай. Бұл туралы білікті маман М.Байсұнов та өз пікірімен бөлісті. – Бүгінде жастардың басым көпшілігі еңбекақысының төмен болуына байланысты аталған мемлекеттік қолдау шараларына қатысудан бас тартуда. Осының есебінен өңірдің жастары білім алған мамандықтарына сәйкес қызмет етудің орнына ірі қалаларындағы ірі қалаларындағы белгілі бір кәсіп түрін талап етпейтін, еңбекқақысы жоғары жұмыстарға кетуде. Әрине, өкінішті-ақ, – деді ол. 

Десек те, барлық жастар бағдарламалар бойынша жұмыс істегісі келмейді деген сөз емес. Сараптама жүргізгенімізде «Жастар практикасын» қолдайтын, айлығына көңіл бөлетін Ақмая ауылында тұратын Аида Хаирбековамен әңгіме өрбітіп көрген едік.

 – Бұл бағдарлама жайлы көп еститінмін. Кейін жұмыспен қамту орталығына барып, керекті құжаттарымды тапсырдым. Мені бірден қабылдады. Бірер күнде-ақ жақсы хабар келіп, Ақмая емханасына қызметке тұрдым. Айлық жалақымыз 113 мың теңге. Әрі қарай жұмысымды жақсы істесем, мүмкін тұрақты жұмысқа да ілігермін. Жастар тәжірибесімен қызметке орналасқаныма өкінбеймін, – дейді жас маман. Осы ретте «Ұзақ уақыт жұмыссыз жүру адам психологиясына қаншалықты әсер етеді?» деген сауалды психолог Лаура Ашироваға қойған едік. Психолог маман дипломы бар жастар күйзелістен де жұмысқа орналаса алмайды деген ойын жеткізді. – Жұмыссыздық туралы айтылған кезде алдымен жастардың неге жұмыс істеуге құлқы жоқ екенін ескеру қажет. Бұл дегеніміз – адамдағы күйзелістің әсерінен болады. Өйткені күйзеліс кезінде адамға ештеңе қызық болмайды. Жұмысқа орналасу үшін тек құжат бойынша ғана ересек болу жеткіліксіз. Тіпті 30-ды алқымдаған жастар да ересек сезініп, жауапкершілік ала алмауы әбден мүмкін. Егерде адам табыс тапқысы келмесе, жұмыс істеуге құлқы болмаса, психологиялық жай-күйін емдеуге кеңес беремін, – дейді ол.

ЕНДІ ҚАЙТПЕК КЕРЕК?

Жастарды жұмыспен қамтамасыз етудің басты жолы – қазіргі білім жүйесін еңбек нарығы талаптарына сәйкестіндіру. Неге дейсіз бе? Осы сұрақ бойынша жастар ресурстық орталығының директоры Ержан Әбдешовтен сұраған едік. Оның пікірінше, жастардың арасында еңбек құндылығын қалыптастыру, кәсіптерді танымал ету арқылы ғана жастарды жұмыспен қамтамасыз етуге болады деп санайды. Демек, кәсіпкерлік дағдыны қалыптастыру, университет бағдарламасы шеңберінде кәсіби тәжірибені ұйымдастыру, үздіксіз білім беру принциптеріне негізделген мамандарды даярлау мен қайта даярлаудың баламалы тәсілдерін қолдану сынды шаралар қалыптасқан ахуалды жақсартуы мүмкін. Әлеуметтанушылардың айтуынша, әсіресе өңдеуші өнеркәсіп саласында, тұрақты жалақысы лайықты аймақтарда жұмыс орындары ашылса, бізде ішкі миграция толқыны азаяды. Қажетті жұмыс орындарына қажетті мамандарды жергілікті деңгейде сапалы дайындау, оқу барысында кәсіби дағдыларды игерту, қайта оқытуда колледждердің инфрақұрылымдық, техникалық базасын күшейту арқылы, оларды жұмыс берушімен біріктіру, оқыту іске асырылуы қажет. Шынтуайтуына келгенде, жастарды тегін біліммен қамтамасыз етіп қана қоймай, сәйкесінше, еңбек нарығында жаңа жұмыс орындары көп болуы қажет. Себебі қанша жерден біліктілігін арттырып, білімді, жаңа жастар тәрбиелеп-оқытқанымен, еңбек нарығында жаңа жұмыс орындары болмаса, онда біз жұмыс күшін шетелдерге дайындап жатқан боламыз. Қазірдің өзінде мықты, бәсекеге қабілетті деген жастардың өзі шетелге жұмысқа кетіп жатыр. Еңбек нарығында өзіміздің экономикаға қызмет ету үшін біз жастарға лайықты жұмыс орнын ұсынып, лайықты жалақы ұсына білуіміз керек. Осы тұста жастарға білім беретін Шиелі индустриалды-аграрлық колледжіндегі студенттердің хал-ахуалы қандай деңгейде екен? Қаншалықты түлектер жұмысқа орналаса алды? Осы сауалдар жайлы біз колледжге хабарласып, мән-жайды біліп алған едік. 

– Бұл оқу орны алпыс жылдан астам уақыттан бері қаншама шәкірт тәрбиелеп, мықты жұмысшы мамандарды дайындауда. Бүгінде мұнда 360 студент білім алуда. Бір ерекшелігі, бұл оқу орнында барлық студенттер мемлекеттік тапсырыс негізінде грантта оқиды.Мұнда оқытылатын мамандықтардың дені кәсіптік болғандықтан, материалдық-техникалық база жоғары дәрежеде жабдықталған. Арнайы құралжабдықтары бар теориялық пән кабинеттері мен шеберханалар білім алушылардың кәсіби біліктілігін шыңдайды. Бүгінде білім мен біліктілік ұшталса ғана табысқа жетуге болатынын өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Осыған орай колледж мұғалімдері мен білім алушылары халықаралық, республика, облыс көлемінде өтетін шараларға, байқаулар мен мамандықтар бойынша көрмелерге қатысып, үнемі жүлделі орындарға ие болуда. Сапалы білім берумен қатар жастардың тәжірибеден өтуіне, оқу орындарының өндірістермен байланыс орнатуына мемлекет мұқият көңіл бөлуде. Кешегі түлектер бүгінгі таңда жемісті еңбек етіп жатыр. Сондықтан оқу орнын тәмамдаған мамандар тек қана біздің ауданда ғана емес, еліміздің аумағында кәсібі бойынша қызмет атқара алатындығына сенім мол. Бүгінде өздерінің жеке кәсібін ашып, біздің студенттерді жұмыспен қамтып отырған түлектер барын мақтанышпен айтуға болады. 2024 жылы 186 түлек бітірсе, жұмысқа орналасқандары 63 процентті құрап отыр. Айта кетейік, дәл осы білім ордасында 2 білім алушы «Жастар практикасы» бойынша жұмыс істеуде» , – дейді Шиелі индустриалдыаграрлық колледжі директорының оқу өндірісі жөніндегі орынбасары Дастан Полатов.

 Көрсеткішті көріп отырғандай, 63 пайыз өте аз. Әлі де жастарды жұмысқа орналастыру жайлы ойлануымыз керек. Сонымен қатар технологиялық мамандықтарды, оның ішінде IT саласына басымдық берілу керек. Мәселен, ауданда күн санап жаңа нысандар бой көтеріп жатыр. Бірақ, мұндай ғимараттардың бой көтеріп өркендеуіне тиісті сала мамандары жетіспей жатады. Сондай-ақ инженерия, электроэнергетика салаларының да орны ойсырап тұр. Сәулетшілер мен құрысшылар да тапшы. Ал шығармашылық мамандықтарға келер болсақ, оңтүстік өңірлерге орыс тілі пәнінің мамандары жетіспейді. Сондықтан, мектепті бітіретін әрбір түлектерге қажет мамандықтарда білім алу керектігін ескерген жөн. Сонда ғана жұмыссыз жүрген жастардың саны азаяр ма еді?!

ӘЛЕМ ЕЛДЕРІНДЕ БҰЛ МӘСЕЛЕ ҚАНДАЙ ДЕҢГЕЙДЕ?

Жалпы жастар жұмыссыздығы – әлем елдерінің бәріне ортақ мәселе. Мысалы, 13 миллион еуропалық жас «екі қолға – бір күрек» таппай жүр. Әсіресе, олар Испания мен Грекияда көп. Араб және Африка елдерінде әр үшінші азамат масылға айналған. Бұл аймақтарда көбісі жоғары оқу орнын бітірген, табақтай дипломы барлар. Деректерге сүйеніп қарайтын болсақ, Оңтүстік-Шығыс Азияда жастардың 25%-дан астамы бос. Ал Қытайда жұмыссыз жас қатары енді артуы ықтимал. Себебі жақында «The Wall Street Journal» басылымы 12 миллион қытайлық жоғары оқу орнын бітіретінін, кейін оларға жұмыс табу қиындайтынын жазған. Халық санынан көшбасшы мемлекет Үндістанда да 20 мен 29 жас аралығындағы азаматтардың жұмыссыздық көрсеткіші 45,5%-ды құрап тұр. Мұнда ақпа-раттық технология мамандығына ие өрендер де жұмыссыз. Былтырғы есеп бойынша IT мамандарын жұмысқа орналастыру деңгейі 2022 жылмен салыстырғанда18%-ға төмендепті. Таиландта да ахуал күрделі.

ЖҰМЫС ТАППАЙ ҚЫР АСАДЫ

Бүгінгі қоғамда қазақ жастарының нәпақа табу үшін шетке кетіп, қызметке орналасуы қалыпты жағдайға айналғаны рас. Бір өзге елдің жақсы жалақасына қызықса, енді бірі тәжірибе жинақтап, еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайына үлес қоссам деп талпынады. Кейде ағайын-туыс таныстарыңыздан «Сенің көршің Кореяға жұмысқа кетіп қалыпты», «Дұрыс, жас кезде барлығын көру керек» деген сөзді жиі естіп қаласыз. Кореяда біреуі қара жұмыса жегілсе, енді біреуі Еуропаның даласында, фермаларында көкөніс теріп, ақша табуда. Күнкөріс қамы үшін туған жерінен жырақта қырыққабат теріп, құлпынай жинауға мәжбүр. Әрине, шет мемлекеттерде жұмысқа жалақы жақсы төлейді. Расында, жоғары жалақыға бәрі қызығып, бәріне төзуге даяр. Әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, шетелде жалданып жұмыс істейтіндер отандастарымыз ашықтан-ашық жарнама жасап, ойындағыдай ақша табуға болатынын жариялайды. Барынша оқырмандарға жұмыстың оңай еместігін де айтады. Әйтсе де, жұмысына лайықты жалақы алатынын түсіндіреді. Өзге елдің жалақасына қызығып, шетел асқандардың қатарына Гүлжауһар отандасымыз да бар. Ол Кореядағы жұмыс жайлы былай деп баяндап берді.

– Мен Инчхон қаласында жұмыс істеп жүргеніме 3 жылға жуықтады. Ыдыс жуушымын. 12 сағаттық жұмысым үшін күніне 40 мың теңге аламын. Қазақстанда жұмыс табылды, бірақ айлық мардымсыз болды. Алайда бұл жақта қанша табыс тапсаң да, өз туған жеріне жетпейді. Сағынып тұрасың. Әсіресе, шет ел қыз бала үшін өмір сүру қиын. Қалай десек те, оңай жұмыс жоқ. Өзге елге оқуға барсаңыз бір жөн, ал сіз қара жұмыс істеу үшін шетелге шығар ма едіңіз? Көңіліңіз тоқ, қалтаңыз көп болса амалсыздан өзге елдің қаржысына көз салмас едіңіз, – дейді ол. 

Бұл тақырыптан ұқққанымыз, жоғары жалақы, таңдаулы жерде білім алу, жақсы жұмыс орнына орналасу әр азаматтың, әрбір жастың таласы бар. Келер ұрпағына үкілей үміт артқан Қазақстан да жастар саясатын жүзеге асыруда осына мақсат етеді. Сол себептен мемлекет жастарға шетелде білім алсын, ой-өрісін кеңейтсін, тәжірибесін жинақтап, елдің көркеюіне үлес қоссын деп түрлі бағдарламалардың мүмкіндігін кеңейтуде. Тек сол мақсатқа жұмсалған қаржы ақталса игі деген ойымыз ғана. Мынаны да ұмытпау қажет. Жастарға сапалы білім алуға жағдай жасап, жұмыссыздық деңгейін төмендетсек, қала және ауыл жастары үшін тең мүмкіндіктерді қалыптастырсақ, жалақыны көтеру мәселесіне де баса мән беріп қарасақ, мүмкін жастар жұмыс таппай қыр аспас еді... 

ТІЛШІ ТҮЙІНІ: Негізі мемлекетте кейінгі жылдары барлық деңгейде білім беру жүйесінің сапасын жақсарту үшін белгіленген шаралар мықтап қолға алынып, қадамдар жасалып келеді. Мәселен, шетелдік университеттермен меморандумдарға қол қойылып, жаңа мектептер салынып, педагогтің кәсіби мәртебесі арттты. Тағы да «Қазақстан жастары» сараптамалық құжатына зер салсақ, белгілі бір оқу тауысқан немесе оқып жатқан респонденттердің көпшілігі, яғни 76,2%-ы білім сапасына көңілі толатынын жеткізген. Сауалнамаға қатысқандар ішінде 20,2%-ы ғана қанағаттанбаған. Ал ғылыми дәрежесі бар респонденттердің 28,2%-ы өзгелерге қарағанда оқыған білімге қанағаттанбайтынын көрсеткен. Жалпы жастар арасындағы жұмыссыздықтың жыл санап көбеюі алаңдаушылық тудырады. Бұл тұрғыда мемлекеттік бағдарламалардың санына емес, сапасына мән беру керек пе деген пікір де айтылып жүр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2 қыркүйекте жариялаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы «Еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру өте маңызды» бөліміне зер салып қарайықшы. Онда «Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондайақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді», – делінген. Яғни, алда елімізде жұмыссыздық деңгейі төмендетіліп, уақыт талабы мен қоғам сұранысы күшейер деген сеніміміз бар.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ

Фото: Elorda.info

Тағы да оқыңыз: