Kyzylorda-news.kz. Қолға құжат алу рәсімі – әрбір жас түлек үшін маңызды сәттің бірі. Әсіресе болашаққа нық қадам басып, диплом алғалы тұрған жас маман үшін бұл – өте маңызды сәт. Себебі іргелі оқу ордасын кеше ғана бітірген студентке оның барлығы ыстық естелік болып, санада мәңгі сақталатын сәулелі сәттердің біріне айналары сөзсіз. Ал «майталман» атанған әрбір жас маманға сәт сапар тілеп, қолдарына диплом табыстап, салтанатты рәсіммен шығарып салу – әрбір оқу орнының басты міндеті. Абыройлы міндетті атқаруда Шиелі аудандық индустриалды-аграрлық колледжінің мамандары да қалыс қалған емес. Олар жылдағы дәстүрден жаңылмай биыл да өздерінен түлеп ұшқан шәкірттерге ақ жол тілеп, мерекелік рәсіммен шығарып салды.
Кеше аудандық «Салтанат сарайында» Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі түлектерінің «Сәт сапар, жас маман!» атты салтанатты диплом табыс¬тау рәсімі өтті. Салтанатты жиынға аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов, колледж директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Бахтияр Таубайұлы, «Шиелі-ТАС» Оңтүстік басшысы Ермек Хасанаев, «Шиелі Жолшы» ЖШС бас инженері Бауыржан Төлегенов, сондай-ақ «Шиелі электр тарату торабы» мекемесінің басшысы Нұржан Ахметов, «Уранқуат» бас техникалық жетекшісі Бауыржан Ермағанбетов пен «Ай-Мар» тігін фабрикасы басшысының орынбасары Жарас Телманов қатысты.
Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі – аудандағы бірегей іргелі оқу орны. Мектепті бітіріп, жаңа өмірге қадам басқысы келетін әрбір жас түлекті жыл сайын құшақ жая қарсы алады. Әсіресе, аудан халқы үшін бұл колледж білімнің қайнар бұлағы саналады. Олай деуге себеп жетерлік. Білім іздеген әрбір маманға мұнда кәсіптік-техникалық білім беріледі. Мұнда тек Шиелілік жас¬тар ғана емес, Тараз, Алматы, Шымкент, Түркістан сынды түрлі қаладан келгендер де білім алуда. Жыл сайын колледжді 200-ден астам шәкірт бітіреді. Ал биыл 180 студент болашаққа қадам басып, жарқын өмірге қанат қақты. Ал 25 студент Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге кеткен. Сондай-ақ 8 оқу тобы оқу білім ордасымен қоштасып, еңбек жолына жолдама алса, 180 білім алушының арасынан суырылып шыққан үш сутдент «Үздік» атанып, қолдарына қызыл диплом алды. Салтанатты рәсімде үздік үштікке аудан әкімінің орынбасары табыстады.
Бүгінде колледжде сегіз түрлі мамандық бар. Атап айтар болсақ, «Ауыл шаруашылық өндірісіндегі тракторист-машинисті», «Электр жабдықтарын жөндейтін және қызмет көрсететін электромонтер», «Сығымдағыш қондырғысының машинисті», «Кондитер», «Арнайы тігінші», «Электр газымен дәнекерлеуші», «Бұрғылау қондырғысының машинисті». Сондай-ақ мұндағы 127 білім алушы колледж базасында алған теориялық білімін Қытай мемлекетінде кәсіптік тәжірибемен ұштастырып, олардың тоқсан проценті жұмысқа орналасқан.
Салтанатты табыстау рәсімі – өз саласын меңгерген жас мамандар үшін есте қаларлық сәттердің біріне айналды. Керемет кештің куәсі болуға тек студенттер мен ұстаздар ғана емес, арнайы шақыртумен сала мамандары, сондай-ақ ата-аналар да келді. Әдемі безендірулер, көңілге жылылық сыйлайтын керемет әуендер, жылы жүзді адамдар, қуанған жас мамандар залға жиналған барша көрерменді қуанышқа бөледі. Жиын соңы мерекелік кешке ұласып, аудан мақтанышына айналған бірқатар өнерпаздар жас мамандардың құрметіне әуезді ән шырқап, өз өнерлерін көрсетті. Кеште Ерлан Әбдеш, Мұхаммедәлі Бекпейіс, Мұхит Әбенов, Думан Сәбитов, Сафуан Көрегенов, Ілияс Ұлжан, Нұрай Иманғалиқызы сынды өнерпаздар халықтың ыстық ықыласына бөленді. Кеш соңында барлығы естелік суретке түсіп, көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты.