Kyzylorda-news.kz. Жастардың арасындағы жұмыссыздық мәселесі – көбеймесе азаяр емес. Еңбекке икемді болса да, орта жастағы азамматтардың емес, жастардың екі қолға бір күрек таба алмай жүргені көңілге кірбің салары анық. Бұған әр түрлі жағдайлардың себеп екені белгілі. Бірі мамандық таңдаудан шатастым десе, енді бірі өзіне лайықты жұмыс таппай әлектенуде. Дегенмен мына заман – ынталы жастарды ешқашан жерде қалдырмайды. Қарекет үшін қам қылам дегендерге де мол мүмкіндік қарастырылған. Түрлі мамандықты аз ғана уақыттың ішінде игеруге де жол ашық. Мәселен, жуырда Жастар Ресурстық орталығында Қызылорда қаласындағы білікті орталықтың мамандары Шиелі жастары үшін арнайы келіп, тренинг-семинар өткізді.
Өздеріңіз білетіндей, бүгінде Қоғамдық даму басқармасының бастамасымен аймақ жастарына арналған бірнеше бағдарламалар мен жобалар жүзеге асырылып жатыр. Басты мақсат – жастарды еңбекпен қамтитын түрлі шараларға тарту, өзіне қажетті дағдыларға баулу. Бұл ауқымды шара жастар арасында жұмыссыздық мәселесінің туындап, соңғы жылдары көптеген ер балалар мен әйел азаматтарының жұмыссыз жүргені үшін жүзеге асырылған. Соған байланысты Сыр өңіріндегі әр ауданынан құралған жастардың қатысуымен сауалнама да алынып үлгерген. Сауалнама – қазіргі таңда трендке айналған мамандық түрлерін анықтау үшін ұйымдастырылды. Нәтижесінде, Шиелі ауданы 20,3 процентпен өзге аудандарды басып озып, сұранысқа ие мамандықтарды сауалнама арқылы айқындады. Яғни, СММ таргетолог, мобилография, веб дизайнер, фотоөңдеуші, ерлерге арналған шаш әрлеуші, визажист, косметолог, аспазшы, кондитер, көлік, жөндеу, тігінші, агроном, дәнекерлеуші, ағаш ұстасы сынды кәсіп түрлерінің сұранысы ие екені белгілі болды.
Жуырда Жастар ресурстық орталығында жүзеге асырылып жатқан бағдарламалардың бір бөлігі көрініс тапты. Ол – еңбек нарағына келген жастарды бірнеше салада оқыту. Бұл шараға ауданнан 47 жас қатысып, жиынға атсалысты. Қатысушыларға қас, және кірпік ламинациялау техникасы, СММ, таргетолог, мобилограф сынды жаңа мамандық түрлеріне баулыйтын арнайы оқыту шаралары өткізілді. Сонымен қатар, бұдан өзге жаңа кәсіпті меңгергісі келетін, оқуға ниетті жандар үшін бұл бағыттағы шаралар әрі қарай онлайн негізде өз жалғасын табатын болады.
