Kyzylorda-news.kz. Шиелі ауданында Шекара қызметінің 30 жылдығы мен биылғы «Балалар жылына» орай ҚР Ұлттық қауіпсіздік қызметі Шекара қызметі Қызылорда облысы бойынша департаментіне қарасты «Шиелі» шекара бөлімі жеке құрамының ұйымдастыруымен Қазақ күресінен жасөспірімдер арасындағы турнир өтті.

Сайысқа 22-42 келі салмақ дәрежесіндегі 10-11 жас аралығындағы жасөспірімдер қатысты. Ауданның 12 елді мекенінен және шекарашылардың балаларынан құралған командалары бар 250-ден астам спортшы қатысты.

Жарыстың ашылу салтанатына Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов, «Шиелі» шекара бөлімінің бастығы подполковник Меирбек Махатов, сонымен қатар турнирдің құрметті қонақтары, қазақ күресінен әлем чемпионы Нұрым Сәлімгереев, қазақ күресінен әлем чемпионы, «Қазақстан барысы 2022» Мақсат Исағабылов, қазақша күрестен әлем кубогының чемпионы Бекжан Төлеповтер қатысты.

Шара салауатты өмір салтын қалыптастыру және насихаттау, жастарды ұлттық спорт түрлеріне баулу арқылы өскелең ұрпақтың бойындағы Отансүйгіштік сезімдерін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды.

Жас палуандардың тартысты бәсекесі бес сағатқа созылып, жарыс соңында жеңімпаздар медальдармен және арнайы дипломдармен марапатталып, сондай-ақ командалық есеп бойынша бірінші орынды Бала би ауылының спортшылары иеленіп, арнайы кубок табысталды.

Тағы да оқыңыз: