Kyzylorda-news.kz. «Тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі» демекші, қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті.

Әрбір азамат өзінің жұтып отырған ауасына, ішіп отырған суына құрмет көрсетіп, тазалықты басты назарда ұстауы қажет.

Осы орайда, Шиелі ауданы бойынша 10 қыркүйек күні жаппай санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді. Аудан орталығын, елді мекендердің айналасын тазалау, қоқыстан арылту, шөптерді шауып, белгіленген орындарға шығару, арықтарды күл-қоқыстардан арылту, әктеу, сырлау жұмыстары жандандырылды.

Аудандағы барлық еңбек ұжымдары, мекемелер мен ұйымдар, жеке кәсіпкерлер, қоғамның белсенді азаматтары мен жастар және тұрғын үй иелері көше тазалығын өз ауласынан бастап, туған жерінің көркеюіне өзіндік үлестерін қосуда.

Бұл бағытта аудан тұрғындарына, халық көп шоғырланатын жерлерде тазалыққа үндейтін үнпарақтар таратылып, қосымша түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ауданның көрікті болуын қалайтын әр адам бұл іске үлес қосуы тиіс. Қоғам тазалығын сақтау – бүгінгі күннің басты талабы және баршамызға ортақ іс.

Тағы да оқыңыз: