Kyzylorda-news.kz Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков тиісті сала басшыларымен бірге Жөлек ауылдық округінде бой көтеріп жатқан жаңа спорт кешенінің құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.

Жаңа спорт кешені ауыл жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастырып, жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ өңірдегі спорт инфрақұрылымын жетілдіруге серпін беретін маңызды әлеуметтік нысан саналады.

Спорт кешенінің жалпы ауданы 982,15 шаршы метрді құрайды. Ғимараттың құрылыс алаңы – 885,40 шаршы метр, ал құрылыс көлемі – 9 990 текше метр. Заманауи талаптарға сай жобаланған нысан өлшемі 20х42 метр болатын тіктөртбұрыш үлгісінде салынуда. Құрылыс жұмыстарын «Интегрострой» ЖШС жүзеге асыруда.

Жалпы, Шиелі ауданында дене шынықтыру мен спорт саласын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Қазіргі таңда ауданда 2 спорт мектебі, 2 стадион, 6 спорт кешені және 70 спорт залы халық игілігіне қызмет көрсетуде. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарындағы спорт нысандарын қоса есептегенде 98 жазықтық спорт құрылғысы бар. Кент және ауылдық округтерде орналасқан жасанды жамылғысы бар 36 спорт алаңы тұрғындардың тұрақты пайдалануында.

Айта кетейік, бүгінде аудан бойынша спорттың 28 түрімен 38 мыңға жуық адам тұрақты түрде айналысады. Бұл өз кезегінде бұқаралық спортты дамытуға және тұрғындардың денсаулығын нығайтуға бағытталған жұмыстардың нәтижелі жүзеге асып жатқанын көрсетеді.

Нысанды аралау барысында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков жауапты сала басшылары мен мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше мән беруді, барлық жұмыстарды бекітілген кестеге сәйкес уақытылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды.

Шиелі ауданының әкімі құрылыс барысын тексерді 2.jpg

Тағы да оқыңыз: