Kyzylorda-news.kz. Бала би ауылында ардагер ұстаз, 27 жыл бойы ауыл мектебін басқарған арда азамат Асанбек Бәкірұлының 90 жылдығына орай «Ізің қалды мәңгілік жадымызда» атты еске алу іс-шара өтті.
Есімі аймаққа тараған, КСРО халық ағарту және Қазақ ССР халық ағарту ісінің озаты, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері болған Асанбек Бәкірұлын еске алуға арналған кешке, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Исмаил, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Н.Палымбетова, аудандық білім бөлімінің басшысы Ж.Баймұратова, ауыл әкімі Х.Тәжиев, мектеп директоры А.Болатбекова қатысты.
Шара ардагер ұстазға арналған «Құрмет қабырғасының» таныстырылымымен басталып, мұнан соң қатысушыларға Асанбек Бәкірұлы атына берілген химия кабинеті таныстырылды. Таныстыру барысында қонақтарға мектеп оқушылары ойлап тапқан бор, желім, иіс сабын, майлы сабын, сұйық сабын, адыраспан, емдік тұнбалар сынды өнімдері көрсетілді.
Содан соң іс-шара әдеби-сазды еске алу кешіне ұласып, әдеби кештің шымылдығы Талғат Күзембаевтың арнауымен ашылды. Кеш барысында ел ағалары Асанбек ұстаздың жүріп өткен жолы жайлы тебірене еске алды. Ол кісінің кішкентай болса да жүрегінің кеңдігі, қарапайымдылығы, әділдігі мен қызметіне адалдығы да сөз болды.
Ардагер ұстазды еске алуға арналған шаралар мұнымен шектеліп қалмады. Әдеби-сазды кеш волейбол спортынан ауылішілік турнирге ұласып, ала доп бәсекесіне бес бірдей команда қатысты. Нәтижесінде тартысты өткен турнирде I орынды «Бала би жастары» командасы жеңіп алса, II орынды «Мектеп мұғалімдері» командасы еншіледі. Мұнан бөлек, үздік ойыншы, үздік қорғаушы, үздік шабуылшы атанған ойыншыларға да ақшалай сыйлықтар берілді.
Жалпы ардагер ұстаз Асанбек Бәкірұлын еске алуға арналған іс-шаралар осылай қорытындыланды. Бұл шаралардың көмегімен ұстаздың ел үшін жасаған еңбегі халық жадында жаңғырып, болашақ ұрпақ арда азаматтың жасаған істерін ұғынады деген сенімдеміз.