Kyzylorda-news.kz. Наурыз – әлемнің ең көне мерекесінің бірі. Тарихы тым тереңде жатқан бұл мейрам Орталық Азия халықтарында бес мың жыл бойы аталып келеді. Бұл – қалың қыстан аман-есен шығып, күн нұрына бөленіп, жаңа жылды қарсы алу мерекесі.

Аудан тұрғындары да жыл сайын дәстүрден жаңылмай, ұлыстың ұлы күні – әз Наурызды қарсы алып, атап өту шараларын өткізеді. Жылына бір келетін Ұлыстың ұлы күні қарсаңында түрлі мерекелік шаралар ұйымдастыру өзіндік үрдіске айналған. Иә, салт-дәстүрімізді одан әрі айшықтай түсетін ¬Наурызды атап өтіп, -тойлаудан ауыл халқы да қалыс қалған емес. Бұған ауданға қарасты барлық ауыл тұрғындарының ұлық мерекені тойлап, түрлі байқаулар ұйымдастырып, мерекелік шаралардың өткізілгені дәлел.

Тартоғайлықтардың тамаша кеші

Күн мен түн теңелетін көктем мерекесі қарсаңында әз Наурызды тартоғайлықтар таңмен таласа қарсы алды. Ұлыстың ұлы күніне орай ауыл халқы ауылдық округ маңында «Қош келдің, әз Наурыз!» атты мерекелік іс шарасын өткізді. Бұл күні ауыл тұрғындары мерекелік кешке ертемен ерекше көңіл-күйде келді. Ең алдымен, шараның шымылдығын ауыл әкімі Ақылбек Ахметов ашып беріп, ауыл халқына мерекенің маңызын түсіндіріп, тұрғындарды ұйымшылдыққа, татулыққа шақырып, өз ықылас-тілегін жеткізді. Ауыл басшысының құттықтау тілегінен соң, мерекелік шара әуелеген әсем әнмен жалғасын тауып, жиналған жұртшылыққа өнерпаздар көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Думанды той бұдан әрі қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын берік ұстанып, сәні мен салтанаты жарасқан қазақ келіндерінің үлгісін насихаттау мақсатында «Келіні бар үйдің керегесі алтын» атты келіндер -сайысымен жалғасын тапты. Шара соңында ауыл азаматтарының қолдауымен спорттық сайыс өткізілді. Атап айтар болсақ, жігіттер арасында белтемірге тартылу, гір тасын көтеру, футбол, арқан тартыс, серке көтеру, қол күрес спорттық сайыстары болды. Жарысқа қатысқан жеңімпаздарға марапат қағаздары мен ақшалай сыйлықтар табысталды. Осылайша, думанды мерекені Тартоғай жұртшылығы керемет көңіл күйде атап өтті.

Өнерлілер ордасы

Аудан тұрғындары үшін жер жәннаты саналатын Жиделі ауылының жөні бөлек. Ал жиделіліктер үшін Наурыз мерекесінің маңызы зор. Сондықтан да бұл ауыл жыл сайын шұғылалы көктемнің шуақты мерекесін де, әз Наурызды да өз деңгейін де атап өтіп, ерекше ықыласпен қарсы алады. Думандатып той тойлайды, салт-дәстүрімізге сай түрлі сайыстар мен мерекелік шаралар өткізеді. Биыл да жылдағы үрдіске сай Жиделі жұртшылығы ұлыстың ұлы күні мерекесін қарсы алды. Ауыл халқы мекемелер арасында өнер сайысын ұйымдастырып, елдің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген қызметкерлер арасында байқау өткізді. Нағыз талантты жастардың дарынын дәріптейтін өнер сайысына бірнеше мекеме қызметкерлері қатысып, өзара бақ сынасты. Дүбірлі доданың соңы мерекелік кешке ұласты.

Тарихы терең Талапан

Талаптан ауылдық округі де биылғы мерекені ерекше атап өтті. Ауылдық мәдениет үйінің алдында шатырлар тігіліп, еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін Наурыз мерекесінің көрігін қыздыруға атсалысты. Аталған шараға ауыл әкімі Х.Тәжиев, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Жұманазаров, әйелдер кеңесінің төрайымы К.Әшірбекова қатысты. Жиында ауыл әкімі тұрғындарды ¬Наурыз мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Бұнан соң өнерпаздар әннен шашу шашса, ұлттық спорттық ойындар арқан тартыс, гір тасын көтеру думаншыл қауымның делебесін қоздырды.

Бірлігі бекем Бестам

Мерекені бестамдықтар да ерекше атап өтті. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ауыл халқы мерекелік шара ұйымдастырды. Думанды жиынды ауыл әкімі Ержан Файзолла өз сөзімен ашып беріп, тұрғындар айтулы мерекемен құттықтаса, ауыл имамы мен ел қариялары елдің тыныштығы мен амандығын, ауызбіршілігін тілеп көпшілікке батасын берді. Бұдан соң ауыл өнерпаздарының көрсеткен концерттік бағдарламасымен қатар салт дәстүрімізді жастарға дәріптеу мақсатында «Бесікке салу» рәсімдері ұйымдастырылды. Сондай-ақ шара соңы спорттық жарыстарға жалғасып, тартысты сайыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар сый-сияпаттармен марапатталды.

Еңсесі биік Еңбекші

Еңсесі биік, еңбегі жемісті еңбекшіліктер де әз Наурызды атап өтуде қалыс қалмады. Өнерпаздар бұл күні елден бұрын мерекелік іс-шараға келіп, барша жұртқа жақсы көңіл-күй сыйлаумен бастады. Шараның алғы сөзін ауылдық округ әкімі Б.Серікбайұлы, ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Бекходжаев алып, ауыл тұрғындарын құттықтап, ыстық лебіздерін білдірді. Іс-шара барысы Б.Оразов көшесі тұрғындарының ұйымдастыруымен болған концерттік бағдарламалармен, жасөспірімдер арасында қазақ күресінен, арқан тартыс, гір тасын көтеру, қолкүрес спорт түрлерімен жалғасын тапты. Жеңіске жеткен қатысушыларға қаржылай сыйақы берілді. Ауыл тұрғындары шара соңында «Баба Ата» мешітінде жайылған ¬дастарқаннан дәм татып, көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты.

Арманы асқақ Ақмая

Ұлтымыздың мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтайтын қасиетті Наурыз мерекесін атап өтуге ауыл тұрғындары белсенділікпен қатысты. Ұлыстың ұлы күнінде мол дастарқан жайылып, наурыз көжеден дәм татылды. Ұлттық салт-дəстүрімізге байланысты ауыл халқы көше-көше болып ұйымдасып, стадионға жеке-жеке киіз үй тігіп, шатыр орнатып, алтыбақан құрып, тұрғындар қазақтың салт-дәстүріне сай киім киіп, түрлі тағамдар дайындады. Сонымен қатар салтанатты шарада қазақтың ұлттық ойындары «Теңге ілу», «Ләңгі тебу», «Гір тасын көтеру», «Қол күрес», ерлер және әйелдер арасында «Арқан тартыс», мектеп оқушылары арасында «Тоқты көтеру» сайыстары ұйымдастырылып, жеңімпаздарға қомақты жүлделер тағайындап, соңы ұлттық ойын «Көкпарға» ұласты. Сондай-ақ шара барысында ауыл имамы Ғ.Мақұлбеков құран оқып, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Палмағанбетов көпшілікке бата берді. Салтанатты шара соңында әр көшеге номинациялары бойынша жүлделі орындар беріліп, ақшалай сый-сияпат табысталды.

Берекесі кірген Бәйтерек

Бидайкөл ауылының орталық саябағында да аудан әкімінің орынбасары Б.Ысмағұловтың қатысуымен Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесіне орай «Ұлы даланың ұлық мерекесі - әз Наурыз!» атты мерекелік шара өтті. Дәстүрді ұлықтау мақсатында мәдени шара зергерлік бұйымдар, түрлі қолөнер туындылары қойылған көрмеден бастау алды. Мерекелік шарада киіз үйде дастарқан жайылып, халыққа наурыз көже, палау сонымен қатар ұлттық тағамдар мен сусындар таратылды. Ұлттық киім киген ақсақалдар мен ақ жаулықты апалар салт-дәстүріміз жайлы мағыналы сұхбат құрып, мерекенің сәнін келтірді. Сонымен қатар ұлттық ойындарымыз насихатталып, жастар гір тасын көтеруден, арқан тартыстан, қол күресінен жарысқа түсіп, жүлделі орындар үшін сыйлықтар таратылды. Ұлттық нақышта әндеткен Бидайкөл ауылдық клубы жанынан құрылған әжелер ансамблі халыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Жұрты жайсаң Жақаев

Ақ күрішке бай Жақаев ауылы да 22 Наурызды ерекше атап өтті. Бұл жолы олар «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» атты мекеме – аралық келіндер сайысы өткізді. Ауыл әкімі Ержан Оралбек мереке қарсаңында ауылдың белсенді тұрғындары мен қызметкерлерді алғыс хатпен марапаттады. Аталған байқауға бала сүйіп,ұрпақ тәрбиелеп отырған 20-40 жас аралығындағы жас келіндер қатысты.Байқау 4 кезең бойынша жүргізілді. Сайысқа ауылдың 6 келіні катысып, кезеңдерге сәйкес өнерлерін ортаға салды. Ұмытылып бара жатқан ұршық иірудің тәсілдерін айта отырып, өнерлерін көрсетті. Шара соңында барлық келіндерге арнайы сыйлықтар табысталды. «Жауынменен жер көгерер, бата менен ел көгерер» демекші, батыр аналарымыз келіндерге ақ батасын берді. Мерекелік шара Ы. Жақаев ата мешітінде Наурыз көжеге ұласты. ¬Ауылда барлық мекеме қызметкерлерінің ұйымдастыруымен ақ дастархан жайылды. Ал абыз ақсақалдар бата беріп, құран оқыды. Наурыз мерекесіне орай ауыл балалары алтыбақан аясында өлең оқып, тақпақ айтты.

Тағы да оқыңыз: