Kyzylorda-news.kz. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен сегізінші шақырылған аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының біріккен отырысында күн тәртібіндегі бірқатар мәселелер талқыланды. Олардың барлығы депутаттардың қолдауымен бекітілді.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Алмат Аладабергенов, ауылдық округ әкімдерімен қатар дербес бөлім басшылары да қатысты. Оған аудандық мәслихат төрағасы Айтбай Жандарбеков төрағалық етіп, талқыға түсетін мәселелерді атап өтті.
Оның алғашқысы Шиелі ауданында шағын және орта кәсіпкерлік саласында атқарылған жұмыстар. Оған қатысты ақпаратты аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Бақберген Әбсадық баяндады. Бөлім басшысы ұсынған мәлімет бойынша, ауданда бүгінге дейін 7523 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Бұл тиісті кезеңмен салыстырғанда 141,2 процентке артып отыр. Ал ауданның өнеркәсіп өнімдерін өндіруші мекемелері мен кәсіпорындары осы жылдың 6 айында 36 млрд 178 млн теңгені құрайтын өнеркәсіп өнімдерін өндіріпті.
– Ауданымызда өңдеу өнеркәсібінің көлемі 1,6 процентке төмендеуінің негізгі себебі – резеңке және пластмасса бұйымдары мен құрылыс материалдары көлемінің төмендеуі есебінен орын алды. Себебі «КНК Кемикал» ЖШС ф-630 диаметрлі құбырлары «Казатомпром» мекемесіне сатылған болатын. Құрылыс материалдары бойынша «Гежуба Шиелі Цемент Компаниясы» ЖШС-ның маусым айының 11-17 аралығы «Кигок» электр желісінің жыл сайынғы жоспарлы ремонты салдарынан орын алдын. Бұған дейін жоспарлы ремонт қыс айларында жүргізілген болатын. Жыл соңына дейін өңдеу өнеркәсібінің көрсеткіштері 100 проценттен аса орындалатын болады, – деп бөлім басшысы сенімді түрде жеткізді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – ауданда кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі «Ұлттық жобаның» жүзеге асырылу деңгейі. Оны аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бақытжан Байділдаев баяндады. Биыл халықты жұмыспен қамту орталығына 4344 азамат жұмыс іздеуші ретінде тіркеліп, 679-і тұрақты жұмыс орындарына орналастырылған. Ал 2228-і азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылыпты. Биыл жұмыспен қамтудың мемлекеттік қолдау шараларын ұйымдастыруға субвенциялар есебінен 1 млрд 501 млн 061 мың теңге, облыстық бюджет есебінен 58 млн 919 мың теңге, жалпы 1 млрд 559 млн 980 мың теңге қаржы бөлінген. Осы жылдың 6 айында игерілген қаржы көлемі 779 млн 683 мың теңгені құрап отыр.
– Аудан бойынша Ұлттық жобалар аясында «Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссиямен» мақұлданған 35 инфрақұрылымдық жобалар бекітілді. Осы жобалар бойынша жұмыспен қамту жоспары – 281 адам болса, оның ішінде тұрақты – 197, уақытша – 84 жұмыс орны белгіленді. Бүгінде жұмысы басталған 10 жоба бойынша 137 адам жұмысқа жолданып, 123 азамат тұрақты және 14 азамат уақытша жұмыс істеуде. Оның 116-ның еңбек шарты тіркеліп, 108 адамға міндетті зейнетақы жарналары аударылды, – дейді Бақытжан Байділдаев.
Ал отырыстың күн тәртібіндегі үшінші мәселесінде аудандық ішкі істер бөлімінің атқарып отырған жұмыстары және алдағы міндеттері туралы айтылды. Оған қатысты толық ақпаратты Шиелі аудандық полиция басқармасының бастығының міндетін атқарушы полиция майоры Қ.Өсербайұлы жан-жақты түсіндірді. Осы жылы жүзеге асырылатын профилактикалық шаралардың басым бағыттарын нақты атап өтті. 2023 жылдың 6 айында жалпы тіркелген қылмыстардың саны 89-ды құрап, өткен жылмен бір деңгейде қалыптасса, олардың ашылу көрсеткіші 4,9 процентке жоғарылаған. Онша ауыр емес және орта санаттағы қылмыстардың саны 38-ді құрап, өткен жылмен салыстырғанда 32,1 процентке төмендепті. Тиісінше аталған санаттағы қылмыстардың ашылу көрсеткіші 2 процентке жақсарған.
– Жылдамдықтың әсерінен жол-көлік оқиғалары жиі орын алатын жолдардың бойына Полиция департаментіне қарасты бүгінгі күні 6 түрлі функциясы бар «Экин-патруль» жылжымалы бекеттерін кенттің орталығына кіргізу арқылы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәжірибесі қолға алынды. Жалпы аудан көлемінде барлығы 580 көше, жол тораптары бар. Кент орталығында – 210, ауылдарда – 370 көше бар. Олардың барлығын полицияның 1 ғана жылжымалы экипажымен қамту мүмкін еместігін білесіздер. Сондықтан заманауи техникалардың көмегімен жол қауіпсіздігін бақылауға көшу қажет. Өздеріңізге белгілі биыл қаңтар айынан бастап Қызылорда қаласы осындай заманауи техникалардың күшімен қала көшелерін қалыпқа келтіруде. Осыған байланысты «Экин-патруль» жылжымалы бекеттің бір данасын ауданымызға сатып алу жоспарланды. Қажетті құжаттар аудан әкіміне жолданды. Ендігі сол ұсыныстар өздеріңізбен қолдау тауып, тиісті қаражат мәселесі шешілсе, жылжымалы бекеттің ауданымызда тиімді нәтижесін көреміз деп сенемін, – деді Қ.Өсербайұлы.
Күн тәртібінде соңғы болып пошта байланыс торабының жұмысы пысықталды. Салаға қатысты ақпаратты аудандық пошта байланыс торабының басшысы Ерлан Алтынбеков айтты. Комиссия отырысында пошта саласында біршама олқылықтың бары анықталды. Оның барлығы рет-ретімен шешімін тауып, тұрғындарды тиімді жағдай жасалады деген сенім бар.
Жиында комиссия тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді.