Kyzylorda-news.kz. Жаз мезгілі келісімен, суға түсу науқаны басталады. Суға кеткен азаматтардың жартысына жуығы ережені дұрыс сақтамағандар, үштен бір бөлігі алкоголь ішімдіктерін ішкендер болса, ал қалған бөлігі – балалар. Осыған байланысты адам өміріне төнетін қауіптердің алдын-алу, келеңсіз жағдайлары болдырмау мақсатында мамыр айының 22-і күні аудан әкімдігінде комиссия отырысы өтті.

Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында жүргізілген комиссия отырысына ауылдық округ әкімдері және бөлім басшылары қатысты. Жиынды ¬аудан әкімінің орынбасары Е.Әпетов жүргізді. Комиссия отырысында бұдан бөлек қатты желдің әсерінен шатырлардың құлау жағдайлары және азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлар уақытында халықты хабардар етуге арналған құлақтандыру жүйелері туралы айтылды. Басқосудың негізгі мақсаты – төтенше жағдайлардың алдын алу және жою болды. 
Ауа райына байланысты мекемелердің, тұрғын үйлердің шатырының ұшып кетуі жөнінде аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісі Ғалымжан Шалбаев баяндама жасап, сұрақтарға ¬жауап берді. Табиғат құбылысының әсерінен шатыр құрылыстарының материалдары ұшып, қарапайым тұрғындар зардап шегеді. Оның үстіне қатты жел бола қалса, электр жүйелері үзіліп, күнделікті тіршілік көзіне зиян келетіні де жасырын емес. Биыл қатты желдің салдарынан аудан бойынша 12 нысанның шатыры ұшып кеткен. Олардың арасында Еңбекші ауылдық округі, Оразов көшесінде орналасқан аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция пунктінің көлік тұрағы және сарайы, Шиелі индустриалды-аграрлы колледжі және бірнеше мектептер бар. 

Сонымен қатар Яссауи көшесінің бойындағы аркада орналасқан жылдамдықты өлшейтін, радар камерасына да қатты желдің кесірі тиген. Әрине, мұның барлығын табиғи құбылыс деп айта салуға да болады. Бірақ баяндамашы Ғ.Шалбаев өз сөзінде аталған ғимараттардың жобалық-сметалық құжаттарының сапасы әлі де төмен екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар Ғ.Шалбаев «Көрсетілген мән-жайлар ғимараттар мен құрылыстарды жобалау, салу кезінде де бақылауды күшейту және уәкілетті органдар тарапынан тиісті назар аудару қажеттілігін көрсетеді. Шатыр құрылымдарының сенімділігін арттыру үшін тиісті жобалаумен қатар құрылыс-монтаждау жұмыстарын білікті мамандардың орындауы және құрылыс сапасына тиісті бақылауды қамтамасыз етуді сұраймын. Шатыр конструкцияларының сенімділігін арттыру үшін тиісті жобалаумен қатар құрылыс-монтаждау жұмыстарын білікті мамандардың яғни, аккредиттелген техникалық қадағалаушылардың құрылыс сапасына тиісті бақылауды қамтамасыз ету қажет» деп өз ұсынысын ортаға тастады. 

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша төтенше жағдайлар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бағлан Әбсаттаров өз жұмысы жөнінде баяндама жасады.  Су тіршілік көзі  болғанымен, қауіпсіздік шараларын сақтамаса тілсіз жауға айналуы мүмкін. Осының салдарынан жыл сайын ауданда қайғылы оқиға орын алып жатады. Тиісті мамандар ескерту жасап, қауіпсіздік шараларын қатаң ескертсе де, ескертуге құлақ аспай қаза болып кететіндер де жетерлік. Мәселен, өткен 2022 жылы оның бірі 1981 жылы туған болса, екіншісі 1963 жылы дүниеге келген ер адам. Екеуі де ішімдік ішіп, суға шомылуға барғанның салдарынан о дүниелік болған. Осындай өкінішті жағдайды болдырмау үшін төтенше жағдайлар бөлімі мамыр айынан бастап суға түсу маусымына дайындықты ¬бастап кетті. Әдеттегідей, ескерту шараларын күшейтіп, қарапайым тұрғындардың қауіпсіздігін бақылауда. Бұл жөнінде Б.Әбсаттаров аудан әкімінің орынбасары Ерсұлтан Амантайұлына «2023 жыл жазғы суға түсу маусымында елді мекендерде көпшіліктің суға шомылуға арналған жерлерін анықтап, талаптарға сай коммуналдық жағажайларды ашу жұмыстарын ұйымдастырып, оларды суда құтқару құралдарымен (қайық, құтқару шеңберлері мен белдемшелері) жабдықтау. Жұмыспен қамту орталығы есебінен жергілікті тұрғындар арасынан Бәйгеқұм ауылының, Ханқожа көлінде құрылған құтқару бекетіне Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің жедел құтқару жасағынан дайындықтан өткен азаматтардан суға шомылатын жерлерде қоғамдық құтқарушыларды жасақтау арқылы жазғы маусымда жұмысқа тартуды ұйымдастыруды. Шиелі кенті және ауылдық округтерде жазғы суға түсу маусымында суға түсуге қауіпті жерлерде кент, ауылдық округ әкімдігі, аудандық Полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп рейдтер, кезекшіліктер ұйымдастыруды ұсынамын» деп өз ойын білдірді. 

Комиссия отырысында бұдан бөлек төтенше жағдайларға шолу жасалып, тұрғындарды барынша құлақтандыру керек екені айтылды. «Сақтансаң – сақтаймын» дегендей, әр адам өз өмірі үшін жауап беруі және мұқият болуы тиіс. Себебі апаттың алдын алу үшін еліміздің арнайы мамандары түрлі шараларды атқарып, әртүрлі жолын қарастыруда. Ең бастысы төтенше жағдай туындамас үшін әр тұрғын қауіпсіздік ережесіне мұқият қарауы керек.

Тағы да оқыңыз: