Kyzylorda-news.kz. Жуырда Б.Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде Шиелі аудандық полиция бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Д.Беркімбаев аудан халқына былтырғы атқарылған істер мен алдағы уақытта негізгі атқарылатын профилактикалық жұмыстары туралы есеп беру жиынын өткізді.

Жиынға аудан әкімінің орынбасары Б.Ысмағұлов және кент және ауылдық округ әкімдері, бірқатар сала мамандары қатысты. 

Жиында құқық бұзушылық фактілері сөз болып, Шиелі аудандық полиция бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Д.Беркімбаев өткен жылы ауданның криминогендік ахуалы тұрақты жағдайда қалыптасқандығын айтты. Сондай-ақ, кісі өлтіру, мал ұрлығы, бұзақылық, бөтен мүлік ұрлығы, пәтер ұрлығы, алаяқтық, әйел зорлау және автокөлікті ұрлау қылмыстары бір шама азайғандығы сөз болып, қылмыстардың алдын-алу бағытында атқарылған жұмыстар нәтижесін көрсетіп, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, тонау, қарақшылық, бопсалау, қалта ұрлығы және қару ұрлау сынды қылмыстарға жол берілмегендігі мәлім болды.

Есеп беру жиынында ақпарлы мерзімде барлық сала бойынша 9917 әкімшілік құқық бұзушылық фактісі анықталып, тәртіп бұзушылықтың нақты көрсеткіші айтылды. Нәтижесінде құқық бұзушылықтың 4677-не жалпы сомасы 64 млн теңгеден астам айыппұл салынса, 53 млн теңгеден астамы өндірілгендігі және өндіру көрсеткіші 83,4 процентті құраған. Жалпы айтқанда, жылдан-жылға қылмыстың төмендеу тенденциясы байқалып келеді. 2022 жылы да, жалпы тіркелген құқық бұзушылықтың саны 15,7 процентке төмендеген.

Жиын соңында полиция қызметкерлері халыққа ашықтық қағидатын ұстанып, сондай-ақ полиция мен халықтың арасындағы байланысты одан әрі арттыру керектігін ескертті. Сонымен қатар шараға қатысушылар сала мамандарына атқарылған жұмыстар бойынша сұрақтар қойып, ұсыныс – пікірлерін білдірді.

Тағы да оқыңыз: