Kyzylorda-news.kz. Жуырда өңір басшысының қолдауымен, сондай-ақ аудандық мәдениет және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен орталық алаңда Шиелі ауданының 95 жылдық мерейтойына арналған «Туған елге тарту» атты «Ауыл күндері» фестивалінің ашылу салтанатты өтті.
Салтанатты рәсімге Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатов және бірқатар сала мамандары қатысты. Салтанатты жиынның шымылдығын Сұлутөбе мен Тартоғай елді мекендерінің өнерпаздары ашып, рәсімге жиналғандардың құрметіне әсем ән шырқап, күйден шашу шашты.
Мұнан соң аудан басшысы Нұржан Сәбитұлы фестивальге келген барша халықты Шиелі ауданының 95 жылдық мерейтойымен құттықтап, өз ықыласын білдірді. Ол өз сөзінде осы өлкеден көптеген дарындылар мен мықтылардың шыққанын, сондай-ақ өңірдің жылдан-жылға дамып келе жатқанын айтып, туған жердің топырағынан нәр алып, ауасын жұтқан көптеген ауыл азаматтарымен мақтанатынын жеткізді. Шиелінің көркейіп, аудан тазалығы үшін көтеген шаралардың атқарылып жатқанын тілге тиек етті. Өз құттықтау сөзін жеткізген аудан әкімі мұнан соң «Ауыл күндері» фестиваліне қатысып, барлық тазалық шараларына атсалысқан азаматтарды марапаттады. Атап айтар болсақ, шаруа қожалықтарына, мекеме қызметкерлеріне алғыс хаттар мен соңғы үлгідегі су жаңа смарт теледидарларды табыс етті. Сондай-ақ кент әкімі Амангелді Өмірәліге жаңа техниканың кілтін тарту етті.
Үлгілі ауданнан үміт көп
Өткен жылы аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев «Тазалық – табалдырықтан» деген тәмсілді негізге ала отырып, Сыр өңіріндегі елді мекендерді дамыту, оның ішінде ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту және оларға жайлы орта жасау бағытындағы жұмыстарды ынталандыру әрі бағалау мақсатында тұңғыш рет аймақтық «Үлгілі елді мекен» атты облыстық байқау жариялағаны есте. Міне, сол байқаудың нәтижесінде Шиелі кенті де алдыңғы қатардан көрініп, тазалығымен талайдың таңдайын қақтырған болатын. Аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы салтанатты рәсім барысында бұл қуанышты жаңалықты аудан халқымен бөлісіп, Шиелі кенті көптеген аудандардан басып озып, «Үлгілі елді мекен» облыстық байқауында «Үлгілі аудан орталығы» номинациясы бойынша II орынды еншілеп, «Қалдық тасымалдаушы камаз көлігі» сондай-ақ, «Жол тазалағыш трактор» құрылғысы мен «ассенизатор» көлігін жеңіп алғанын жеткізді. Шара соңында осы фестивальға қатысқан, тазалық жұмыстарына белсене атсалысқан барша азаматтарға өз алғысын білдірді.