Kyzylorda-news.kz. 2009 жылдың шілде айында талантты журналист Руслан Бөлебай жол апатынан көз жұмды деген ақпарат елді дүр сілкіндірді. Небәрі 24 жасында елге танылып, халықтың сүйіктісіне айналған журналистің қазасын қазақ жұрты ауыр қабылдады. Ұлттық арнадағы «Таңшолпан» бағдарламасын жүргізген жас журналист көптің көңіліне жол таба білді. Ол тілшілік тіршіліктен бөлек, әншілікті де қатар алып жүрді. «Кең дала», «Сен болмасаң», «Жанарым», «Елес», «Мөлдір моншақтар», «Кешікпей келем деп ең», «Махаббатпен ойнама сен», «Іңкәрім-ай» әндерін мәнеріне келтіре орындап, көрермен ықыласына бөленді.
26 маусым күні Шиелі ауданының 95 жылдығына орай «Арман» мәдениет үйінде журналист Р.Бөлебайды еске алуға байланысты «Өлең болып өрілген өмір» атты аудандық жас жазба ақындар арасында мүшәйра өтті. Дүбірлі додаға барлық ауылдан қолына қалам ұстап, сөз өнерін серік еткен жазба ақындар қатысты. Қатысушыларға ақын, ҚР мәдениет қайраткері, қазылар алқасының төрағасы Кенжебай Жүсіп, республикалық ақындар айтысы мен жыр мүшәйларының жеңімпазы Бекжан Ержігіт, «Арман» мәдениет үйінің директоры Нұргүл Шәлекеева қазылық етті. Мүшәйра екі кезеңнен өтті. Бірінші бөлім бойынша ақындар Руслан Бөлебайға арнау өлеңдерін оқыса, екінші кезеңде Шиелі ауданына арнаған жыр шумақтарымен бөлісті. Жыр бәйгесінде «Арман» мәдениет үйінің өнерпаздары ән шырқап, көрермен қошеметіне бөленді.
Жарыс нәтижесі бойынша Досбол би ауылының қатысушысы Мақсат Қалиев бас жүлдені қанжығасына байлады. Ал жүлделі І орын Жиделі ауылынан келген Гүлназ Ержігітоваға бұйырды. Шиелі кентінен қатысқан Олжас Базарханова, Бала би ауылынан Нұрсәуле Тұрмағамбетова ІІ орын иеленді. Ал ІІІ орын алғабастық Еламан Кенжеш мен 1 мамыр ауылының тұрғыны Дамир Нұртай, Гүлім Болатова, Гүлайна Мерекеге бұйырды.
Руслан Бөлебайдың жарқын да жайсаң бейнесі тек жақындарының ғана емес әрбір қазақтың жүрегінен орын алғаны анық. Екі мүшел ғана өмір сүрсе де әр сәтін мәнді де мағыналы өткізген, артына өшпестей із қалдырған танымал журналистің есімі ел есінде. Адам өмірі ұзақтығымен емес, мазмұндылығымен өлшенеді. Отты жанарымен талайлардың жүрегінен жол тапқан талантты ұлының есімін күллі қазақ елі мәңгі асқақтата бермек.