Kyzylorda-news.kz. Еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі – мемлекеттік рәміздер. Ту, Елтаңба, Әнұран – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер.
Мемлекеттік рәміздер қай елдің болсын ең басты құндұлығы, мызғымас тірегі, оны сол елде тұратын әр азамат құрмет тұтуы керек. Осы орайда ақын Алмас Ахметбекұлының қасиетті көк байрағымыздың желбірегеніне қарап, ерекше тебіреніспен «Көк тудың желбірегені» атты өлең шығарғанын дүйім жұрт біледі. Бүгінде алпыс екі тамырыңды итіп, патриоттық сезімді тұтатып, кеудеңе толқыныс пен тебіреніс сыйлайтын осы ән әр қазақтың құлақ құрышын қандырып жүр.
«Елге оралып келе жатқанымда «Қорғас» бекетінде желбіреп тұрған көк Туымызды алғаш рет көрдім. Шағын ғана шатырлы үй болатын. Соның төбесінде Туымыз желмен лапылдап, өз тілінде дыбыс шығарып тұрған сияқты көрінді» деп Алмас ақын осы әннің шығу тарихымен бөліскен болатын.
Бір қарағанда-ақ патриоттық әнді Атамекенге деген ыстық сағыныштан туғанын байқау қиын емес. Әсіресе «Көк тудың желбірегені, Бақыттың елжірегені, Қиырда қалған қазақтың, Көзінің мөлдірегені» деген жолдар жүрек түкпірінде «қазақ» болып туғанымызды сездіріп тұрғандай. Алмас ақын дер кезінде көк туға қарап, жыр маржандарын төгілтсе, композитор Ермұрат Зейіпхан ән жазып, оны әнші Ибрагим Ескендір орындап, күллі Алаштың жүрегіне жол тапты. Шыны керек, қазіргі кезде қандай да бір іс-шара болсын осы әнсіз өтпейді. Бүгінде көптің көңілінен шыққан «Көк тудың желбірегенін» бекерден-бекер әңгімеге арқау қылып отырған жоқпыз. Ойлы оқырман байқағандай бүгінгі мақаламыздың мәйегі мемлекеттік рәміздер жайында болмақ. Себебі күнтізбеден ойып тұрып орын алатын рәміздер күнін ескерусіз қалдыра алмаймыз. «Туым – теңдігім, Елтаңбам – ерлігім, Әнұраным – айбыным» деп білген қазақ халқы үшін бұл күн – ерекше.
Мемлекеттік рәміздер – тек төрге іліп қою үшін ғана жаралмаған, ол сонау ғасырлар қойнауынан сыр шертер тағылымды тарихымыздың шынайы көрінісі. Оның мазмұнды нышандары кешегі өткенімізді айшықтап, ертеңгі мақсатымызды айқындап тұрғандай әсер береді. Аспан түстес көк Туымыз, айбынды Елтаңбамыз, асқақ Әнұранымыз – Алаш баласының баға жетпес байлығы. Осындай құндылықтарға қарапайым халықтың құрметін қалыптастырып, жастарды патриоттық бағытта тәрбиелеу – басты мақсат. Мақсат дейміз-ау, парыз десек те жарасады. Осы тұрғыда жұмыстардың тасқыны жыл сайын аудан көлемінде толастаған емес. Сөзіміздің айғағы ретінде 4 маусым күні Рәміздер алаңында өткен іс-шараны атап өтуімізге болады. Салтанатты жиынға аудан әкімінің орынбасары, мемлекеттік қызметкерлер және аудан тұрғындары қатысты.
Мерекелік жиынның шымылдығы Әнұранмен түрілді, сондай-ақ шараға қатысушылар Тумен келіп, көк байрағымызды биікке көтерді. Әрмен қарай шара аудан әкімінің орынбасары Ерсұлтан Апетовтің құттықтау сөзімен жалғасты.
«Сіздерді 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Тәуелсіздігімізді тұғырлы, егемендігімізді еңселі қылған мемлекеттік рәміздеріміз – Елтаңба, Ту және Әнұран дүниеге келген сәттер «мың өліп, мың тірілген» қазақ елінің тарихында ерекше орын алады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Өз елінің қара тасын мақтан ете алмаған, өзге жердің алтынын да жарытпақ емес». Мемлекеттік рәміздерімізді қастерлеу – әр азаматтың перзенттік парызы» деп атап өткен болатын. Сондықтан еліміздің, оның ішінде аудан тұрғындарының патриоттық рухын арттыру, туған жерге және оның Рәміздеріне деген құрметін, мақтанышын ояту үшін бәріміз бір адамдай атсалуымыз қажет», – деп өз ойын білдірді Ерсұлтан Апетов.
Шара барысында бірнеше мемлекеттік қызметкерлер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері ант қабылдады. Ал мерекенің мазмұнын айшықтап, патриоттық көңіл-күй сыйлаған әндердің орны бөлек. Атамекен, Отан, туған жер тақырыбындағы сазды әуендер сезімдердің қылын шертіп, шараға қатысушыларды өзгеше күйдің иіріміне жетелегені сөзсіз.
Мемлекеттік маңызы бар шара мұнымен тоқтап қалмай, әрмен қарай автошерумен жалғасты. Автошеру Шиелі кентінің ҚР Рәміздер аллеясынан бастау алып, орталық көшелерімен жүріп өтіп, М.Шоқай атындағы орталық алаңға дейін жалғасты.
Көк тудың желбірегенін көрген аудан тұрғындары да тебіреністерін жасыра алмай, әрқайсысы әлеуметтік желіде өздерінің ішкі сезімдерімен бөлісуде. Солардың бірі – Жансая Сәдуақасова. Ол өзінің инстаграм парақшасында «Көк тудың желбірегені – Қазақтың асқақ беделі. Махаббат, қайрат екеулеп, Шымырлатқаны денені» деп бекер айтпаса керек-ті. Бүгінгі рәміздер күніне орай ұйымдастырылған автошеруді көріп, ерекше сезімге бөлендім. Аудан әкімшілігі де осы шараны ескерусіз қалдырмай, барынша атап өтуде. Бір емес бірнеше көліктен көк тудың желбіреп өткенін көргенде көңілінді бір сәтте қуаныш пен толқыныс кернейді екен. Мен осындай бейбіт елде туғаныма мақтанамын» деп пікірімен бөліскен.
Бұдан бөлек фейсбук желісін белсенді қолданушылар да «Менің туым», «Рәміздер күні» хэштегімен мерекенің маңызын айшықтап көрсетуде. Айтулы күнде ұйымдастырылып жатқан бұл шараның барлығы – рухымызды аспандатып, көк байрағымызды жоғары көтерген өскелең ұрпақтың бойына патриоттық сезім ұялату болып табылады.